Мемлекет алдымен қандай киноға ақша бөлетінін анықтап алуы қажет

– Өнердің қай түрінің болсын тамыры, негізі әсемдіктен, көркемділіктен, сұлулықтан бастау алатыны баршамызға аян. Алайда жақсылыққа ұмтылу, өз ұлтыңды сүю, адалдықты ардақтау сынды адами қасиеттерімізді дәріптеу қазіргі кезде өнерден жырақтап бара жатқан сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

– Қазір, жалпы, бұқаралық мәдениет заманы болғаннан кейін, әсіресе, кино өнерінде атыс-шабыс, эротика, зұлымдық, біреудің біреуге қиянат жасауы сияқты тақырыптар, сюжеттер өте көп. Өкінішке қарай, бұл сюжеттер қазіргі қазақ киносына да еніп келе жатыр. Бірақ отандық кинонарық тура сондай жолға бет алды деп айта алмаймын. Өзге кинолармен салыстырғанда, біздің киномызда әдептілік бар сияқты. Бүгінде қазақ режиссерлері психологиялық фильмдер түсіруге әуестене бастады. Мұның бір жақсысы – өз менталитетімізге сай көріністерді шынайы, анық көрсетпей, астарлы түрде ұсынуға мүмкіндік береді. Мүмкін, осы тенденциямен жүрсек, тікелей шетел киносының жақсы тұстарын, кейбір құрылымын алып, өзіндік қолтаңба қалыптастыруға болатын шығар. Қалай айтсақ та, экранда зұлымдық көрсете бергеннен гөрі біздің режиссерлер өз жолын тапса, дұрыс болар еді... Қазір депутаттар экрандағы зорлық-зомбылықты қалай тыямыз деген мәселені жиі талқылауда. Ендігі мәселе – біздің режиссерлер саналы түрде сондай шешімге келсе. Бір заманда экранда шылым шекпеу, ішімдіктерді азайтып көрсету деген сияқты ойлар болған. Бірақ оның бәрі тікелей авторға, режиссерге байланысты.

– Қай елде болсын өнердің жүйрігін таңдайтын түрлі сайыстар, фестивальдар өтіп жатады. Өзімізде де түрлі байқаулар болады. Осындай шаралар қазақ киносын өркендетуге ықпал етіп жүр ме?

– Әрине, кино әлеміндегі мұндай шаралардың жиі өтіп тұрғаны дұрыс. Бұл режиссерлер мен актерлердің тәжірибе алмасуына жақсы, оқырманға да олжа. Әдетте фестивальдарға таңдаулы фильмдер қатысады. Сондықтан да сапалы кино көрген көрермен де өзінің талғамын өсіреді. Ал киногерлер өз әріптестерінің жұмыстарын көріп, «қандай бағытта келе жатырмын, деңгейім қандай, өзімде не бар, не жоқ?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздейді. Фестивальдардың ең басты мақсаты – сол.

– Отандық киноға өнер деп қарап жүргенімізде, шетелдіктер киноны әлдеқашан табыс көзіне айналдырып үлгерді. Біз қайтпекпіз?

– Бізде кионоөндіріс кешірек дамыды. Мысалы, француздардың киносын ағылшындардікімен салыстыруға келмейді. Қытай, Үндістан елдері жылына 1000-нан астам фильмдер шығарып жатады, ал біз бар-жоғы улап-шулап жүріп он шақты фильмді әрең түсіреміз. Оның үстіне, бізде аудитория өте тар. Осы жағынан қарағанда, біздің киногерлердің алдында үлкен мақсат тұр.Сол 10 фильмнің бір-екеуі тәуір болып шықса, ол да үлкен жетістік деп түсіну керек. 500 фильмнің ішінен он шақты үздік фильм таңдап алуға болады, ал 10 фильмнің ішінен үздік фильмді таңдап алу әлдеқайда қиындау. Осы тұрғыдан алғанда, біз өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Шетел киносының өзіндік ерекшеліктері бар. Көп елде өзінің ұлттық киносына міндетті түрде мемлекет тарапынан заңды түрде қолдау көрсетіліп, түрлі қорлар ұйымдастырылады. Сондай-ақ фильмдердің прокатынан түскен ақшаның бір парасы ұлттық киноның даму қорына үлес ретінде құйылады. Бұл – киноиндустрияны дамытудың бір тетігі. АҚШ пен батыс мұны жақсы жолға қойған. Бізде, өкінішке қарай, ондай қорлар жоқ. Кино туралы толыққанды заңымыз жоқ болғандықтан, біздің кинотеатрларда 90 пайыздан көп шетелдің кинотуындылары көрсетіледі. Ал ол фильмдердің көбі біздің санамызға, мәдениетімізге кері әсерін тигізіп жатады. Мұны мойындауымыз керек, өйткені бұл фильмдер табыс көзі ретінде қарастырылады, сол себептен көрерменнің талғамын бұзып жатады. Қазіргі таңда ұлттық киноларды кинотеатрларға апарып көрсетсек, бүгінгі көрерменнің оларды қызығып көруі екіталай. Әсіресе бүгінгі жастар басқа киномен  тәрбиеленген. Олар динамикалық шытырман оқиғалы, детективті тақырыптағы фильмдерді көргісі келеді. Ал заманға сай талғамы өзгерген бүгінгі ұрпақты махаббат туралы дастан мен патриоттық фильмдер қызықтыра ма, қызықтырмай ма – бұл үлкен сұрақ...

– Шетелдерде әуесқой киномамандардың ұйымдары, бірлестіктері бар. Осы орайда біз әуесқойлар мен кәсібилерді бірлестіре отырып жұмыс жасай аламыз ба?

– Уақыт өткен сайын әуесқойлар алға шыға бастады. Себебі арзан ақшаға жылдам кино түсіріп, тезірек көрерменге жеткізіп, сол арқылы пайда табу – олардың басты мақсаты. Осы олқылықтардың орнын бір ғана «Қазақфильм» киностудиясы толтыра ала ма? Әр адамның шығармашылығын дамытуға құқы бар. Сондықтан да бізде кәсіби емес кино өз бетінше дами бермек. Мүмкін, әуесқойлардың туындыларын да фестивальдарға жіберген дұрыс болар. Айталық, Еркін Рақышевтің фильмдерін көпшілік ұнатып жатса, ондай кинолар да қажет деген сөз ғой.

– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, қазіргі кино өнеріне қатысты сын жағдайы, оның бағыт-бағдары туралы не айтасыз?

– Енді сыншыларымыз мүлде жоқ деп айта алмаймын. Біз 1993 жылдан бастап қана кинотанушыларды, сыншыларды дайындап келеміз. Қазақ тілінде жазатын мамандарымыз да бар. Олар телеарналарда, газет-журналдарда жұмыс істеп жатыр. Біразы кітаптарын да шығарып үлгерді. Бірақ осының бәрі жүйелі түрде әлі пісіп-жетілмеген сияқты. Бізде, шын мәнінде, кино туралы басылымдар өте аз. Кезінде «Азия кино», «Киноман» сынды басылымдар болды, қазір «Территория кино» деген журнал бар. Бірақ бұл басылымдардың барлығының ғұмыры қысқа болып тұр, өйткені қаржыландырылуы, таратылым жағы дұрыс жолға қойылмаған.

Онда сыннан гөрі көбінесе белгілі бір фильмдерге жарнама ғана жасалады. Талдау жоқ. Ол журналдар көбінесе киногерлердің, киноны жақсы түсінетін көрерменнің ауқымымен ғана шектелетін сияқты. Осыдан келіп мұндай салалық басылымдар бұқаралық сипат ала алмай қалады. Дегемен қазақстандық киносыншылардың жазған мақалалары шет тілдеріне аударылып, интернет журналдарда жарияланып жүр. Шетелдегі фестивальдардың жинағы болады, сонда басылып жатады. Десек те, мен қазақтілді сыншылардың материалдарын қамтитын арнайы журнал болғанын қалар едім. «Жұлдыздар отбасы» деген журнал бар ғой, тура сондай киноға арналған қазақ тілінде басылым болса, сөзсіз өз оқырманын табар еді. Мәселен, Ресейде мыңдаған кинотанушылар жұмыс істейді. Сол себептен онда бірнеше «Өнертану» институттары бар, киноға арналған көптеген газет-журналдар мен арнайы телеарналар бар. Келешекте біз де осы игіліктерге қол жеткізуіміз керек.

– Жақында 2008-2010 жылдар аралығында экранға шыққан фильмдер төңірегінде «Қазақ киносының панорамасы» атты тақырыпта Кино үйінде дөңгелек үстел өткізілді. Осы мәселелер төңірегінде қандай ұсыныстар айтасыз?

– Бүгінде қазақ киносының бағыты туралы мәселе негізгі күн тәртібінде тұр. Соңғы жылдары коммерциялық фильмдер өндірісі жақсы дамып келе жатыр. Ал авторлық кино мен балалар фильмдері кенжелеп қалды деуге болады. Соңғы жылдар ішінде коммерциялық киноға көбірек көңіл бөліп кеткеніміздің себебі – көрерменді кинозалға әкелу. Осы күні «Үкіметтің бюджеттік ақшасына не себепті коммерциялық кино түсіреміз, оның қандай қажеттілігі бар?» деген сияқты сауалдар көп. «Коммерциялық киноларды неге жекеменшік студиялар түсірмейді, ал «Қазақфильм» неге ұлттық тақырыптарды көтермейді?» дейтіндер де бар. Меніңше, бюджеттік киноға біз тек ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін кинолар түсіруіміз керек. Ал бізде қалай болады: коммерциялық киноны біреу түсіреді де, оған қаражат жетіспесе, «Қазақфильм» арқылы бюджеттен ақша алып, сосын бітпеген істі бірігіп аяқтауға тура келеді. Ал ол киноның, шын мәнінде, қандай құндылығы бар, ол бізге қажет пе – бұл жағына ешкім бас қатырмайды.

Шынына келетін болсақ, кино – үлкен идеологиялық құрал. Оны билік басындағылар көп жағдайда ескере бермейтін сияқты. Қандай кино түсірмекпіз және қандай киноға ақша бөлген дұрыс, ұлттық киномызда қандай саясат ұстанған жөн – мемлекет, ең алдымен, соны анықтап алуы керек.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста