Мектептегі музыка пәніне реформа жасайтын уақыт жетті ме?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Мектеп оқулығы мәселесі қозғалғанда, нақты және гуманитарлық ғылым саласы пәндері ауызға алынып, музыка пәні оқулығы ескерусіз қалады. Себебі оған екінші кезектегі сабақ ретінде қараймыз. Бұрынғы ән-күй, қазіргі музыка пәнінің оқушы ықыласын аударатындай ерекше өтпеуі бұл пәнге мемлекеттің де, ұстаздың да салғырт қарауының салдарынан болса керек. В.А.Сухомлинский: «Музыка тыңдатпайынша, тәрбие беру – менің басыма қонбайтын нәрсе», – деген екен. Баланы өз ұлттық музыкасын сүйіп тыңдайтын  тыңдаушы етіп өсірмейінше, «мәдениетіміз дамымай жатыр» деп айту – бекершілік. Біз қай елде өмір сүріп, қандай музыка тыңдап жүргенімізге мән берсек, мектептегі музыка пәні өзгеше өтер ме еді?!.

Кемшілігі көп музыка пәні «саңырау» тыңдаушы тәрбиелейді
Музыка пәні мектепте 1-6 сынып ара­лығында оқытылады. Әр сыныпқа ар­нал­ған оқулықтың бар екендігі «бәрекелді!» де­гізгенімен, тарыдай болып мектепке кірген же­тідегі бүлдіршіннің му­зы­калық сауатын қан­шалықты ашады? Оқушылар мына бағ­дарлама бойынша оқытылады: 1-сы­нып: ша­ғын ән-күйлер; 2-сынып: терме-жыр­лар; 3-сы­нып: толғаулар; 4-сынып: сим­фо­ния­лық жанрлар; 5-сынып: қа­зақтың ұлттық му­зы­­касы  – әні мен күйі, 6-сынып: еуропалық клас­си­калық музыка, ке­ңестік және қазіргі заман ком­позиторлары.
Нағия БҰЛАНБАЕВА, Шығыс Қазақстан об­лысы, Абай ауданы, Қарауыл гим­на­зиясы музыка пәнінің мұғалімі:
– 2-сынып бағдарламасында жан­уар­лар­дың жылға таласуына арналған опера, 4-сы­ныпта симфониялық тақырыптар бар. «А.Жұ­ба­новтың симфониясын тыңдат!» дей­ді. Ша­ма­мыз келгенше жаттатып, тү­сін­діреміз. Қай тө­менгі сынып оқушысы сим­фония мен опе­ра­ны түсінеді? Оны тың­дататын дискі, кас­се­та­сы да жоқ. Кеңес дә­уірінде арнайы плас­тин­калар шығатын. Бағ­дарлама жасалғаннан кейін көрнекі құ­ралы ішінде тұруы керек қой. Семинар сайын осы мәселені көтеремін. Му­зы­ка пәніне арнайы сынып та берілмейді, не аспап жоқ. Осы уақытқа дейін өзімнің бая­нымды алып жүрмін. Музыка пәні бұрын 8-сыныпқа дейін оқытылатын, қазір 6-ға де­йін ғана. Оның үстіне аптасына бір-ақ сағат. Мысалы, дене шынықтыру пәніне аптасына үш сағат бөлінген. Спортқа бейімділер мен денсаулығына қарай анықтамасы барлар екіге бөлініп оқытылады. Музыкадан да екі топқа бөліп, неге қабілеттілерді тереңдете оқыт­пасқа?! Өскеменге семинарға бар­ғанымда, А.Райымбергеновтің бағдарлама­сы­мен таныс­тым. Сол бойынша оқыған бала домбыраны бір адамдай тартып үйренеді екен. 12 жылдық білім жүйесіне осы бағдар­ла­ма енсе, құба-құп бо­лар еді. Еуропалық музыкадан хабардар бо­лу керек, бірақ ұлттық музыканы басты назарда ұстау ләзім.
Ел мақтаған «мұрагерді» министрлік неге жақтамайды?
Есті музыканы танып, тыңдай білу де – өнер. Балаға музыканы тың­дау­ды да үйрету қажеттігін біл­ген педагогтар музыка пәнін оқу бағ­дарламасына білгендіктен ен­гізді. Әр ел өз ұлттық музыкасының мөлдір бұла­ғынан сусындаса, халық музыкасына деген ерекше махаббаты қалыптаса­тын­дығын білген Абдулхамит пен Сайра Ра­йым­бергеновтер және Ұлжан Байбосынова 25 жылдан бері «Мұрагер» атты музыка пәні бағдарламасын жалпы орта білім беретін республика мектептеріне енгізе алмай келеді. Алғаш 1986 жылы Ал­ма­ты­дағы №12 мектепке қабыл­данған бағ­дар­лама  қазір еліміздің 70 мектебінде же­місін беріп жүр.
Абдулхамит РАЙЫМБЕРГЕНОВ, күйші, өнерзерттеуші:
– «Мұрагер» бағдарламасы 1-сы­ныптан балаға домбыраны нотасыз, зер­делеп тарту арқылы үйретеді. 1-сыныпта – аңыз күйлер, 2-сыныпта – ха­лық композиторлары, 3-сыныпта – тұр­мыс-салт жырлары, 4 сыныпта ұлт­тық музыканың  Ғ.Құрманғалиев, М.Ер­жанов, Т.Момбеков сынды жет­кі­з­у­шілері оқытылып, еуропалық му­зы­каға, Құрманғазы оркестрі ар­қы­лы сим­фониялық оркестрге ауысады. 5-сы­нып  – айтыс өнері, 6-сыныпта түр­­­­кі халық­тарының жыраулық дәстүрі үй­­ретіледі. Бала әр ақынның ізі бо­йынша жыр-толғау шығарып үй­ренеді. Оқулық Қазақстанның қазіргі өркен­де­уіндегі музыкамен аяқталады. Домбыра ас­пабын білген баланың ұлттық бол­мысы да мықты қалып­тасады. Оқулықта оқытушыға арнал­ған қосымша әдіс­темелік құрал, үн, видеотаспалар бар. Қатып қалған психологиядан арыла алмағандықтан, республика  бойынша енгіздірте алмай келеміз. Білім және ғылым министрлігінде жылда ре­фор­ма, жылда министр ауысады. Біреу қол­даса, екінші біреу қайта қарайды».
Музыка пәнін мәдениеттану пәнінен ажыратып алу керек
Белгілі музыкатанушы Әсия Мұхамбе­това дәстүрлі музыкамыздың тыңдалмай жүргеніне алаңдаушылықпен қарайды. Мектеп жасындағы оқушы түгіл, егде тарт­қан адамның да өзінің төл музыкасын тыңдамауы музыка тілін түсінбеушілігінен деп білген ғалым бұл тығырықтан шығу жолын мемлекеттік дәрежеде  жүзеге асы­ру қажеттігін айтады: «1. Қазақ музыка тілі­нің ортасын БАҚ (ең болмағанда мемлекеттік) қызметін қолға ала отырып, ел аймағында қайта жасау қажет; 2. қазіргі заманғы өркениетті елдердегідей, біздің елдің де мектептерінің музыка пәніне ба­ла­ларға ұлттық музыка тілін оқыту жүйесін енгізу қажет; 3. бұрынғы және қазіргі дәс­түр­лі музыка өкілдерінің: күйші, жырау, ақын­дардың шығармаларын жан-жақты дә­ріптеу; 4. музыка тілінің табиғи  қызмет атқарып тұрған ошақтарын қолдау және жаңа ордаларын құру қажет».
Мұрат ӘБУҒАЗЫ, күйші, музыкатанушы:
– Қазіргі музыка оқулықтары ХІХ ғасырдағы күйші-композитор, жыршы-жырау, ақындар, қазіргі заман ком­по­зи­торлары бар қазақтың бүкіл фоль­клорын таныстырады. Кеңес үкіметі тұ­сында бала баянмен бір әнді толық хор­мен не ансамбльмен айтуды мең­ге­р­іп шығатын. Қазір айналдырған бір сағаттың ішінде композитордың өмірі мен шығарма­шылығын үйрете ме, әлде күйін үйрете ме? Домбырамен ән де айтылып, күй де тартылады. Музыка пәніне домбыраны енгізуді міндеттесе, оқушы ең болма­ғанда домбыраны қо­лымен ұстап, тартып көру арқылы жү­ре­гімен түсінетін еді. Халық күйі «Ке­ңес­ті», «Еркем-ай», «Гүл­дариға» сын­ды әндерді үйренсе,  басқа бір ортаға бар­ғанда, сол ән-күйлерді орындап бере алады. Домбырамен өзін сүйе­мел­дейтін дәрежеде үйренсе, қа­зақы қаны оянады. Біз мұраларымызды тек қана таныстырып қойсақ, мәде­ниет­тану са­бағы болып кетеді. Музыка пәні музы­калық тұрғыда болуы керек. Ә.Бейсеуов, Н.Тілендиев­тердің не жаз­ға­нын білу керек, бірақ басқа пән ар­қылы. Жалпы, музыка туралы мағ­лұ­матты үсті-үстіне үйіп бере бермей, екі пән аражігін ажыратып алған жөн.
Музыка пәні мұғалімі кәсіби маман болуы керек
Білім және ғылым министрлігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, музыка пәні бойынша 6792 педагогикалық қызметкер жұмыс істейді. Оның 4593-і – жоғары, 2029-ы – орта кәсіптік білімді. Мұның бар­лығының арнайы  музыкалық білімі бар-жоғын білмедік. Шалғай ауылды мекен­дер­де бір пәннің орнына өзге пән ұстазы са­бақ беріп жүргенін ескерсек, мұның бар­лығы кәсіби музыка маманы еместігіне кө­зіңіз жетеді. Ал кәсіби музыка ма­ман­дарын 1944 жылдан бері дайындап келе жат­қан Қазақ мемлекеттік қыздар пе­да­го­ги­калық университетіне жылда ми­нистр­ліктің шешіміне қарай, он шақты грант бө­лінеді. Республикамыздың өзге пе­да­го­ги­калық оқу ошақтарында да музыка ма­маны бітіріп шығатындығын ескерсек, ауыл мектептері ұстазсыз қалмауы тиіс. Ал ұлт­тық өнерге жанашыр тыңдарман тәр­бие­леудің бір жолы – консерватория, ұлттық музыка университеті, Өнер акаде­мия­сы сынды білім ордаларын бітіріп шығатын әнші-күйшілерді де музыка пәні ұстаздығына тарту. Жұмыссыздықтың кесірінен өзге арнаға түскен олардың есіл өнері сонда ғана қор болмайды.

Түйін
Батыс Еуропа елдері өздерінің халық музыкасынан айырылып қалған соң, қадірін біліп, сан соққан-ды. Ал орыстар музыка пәні де бұл күнде өзекті мәселеге айналғанын түсінгендіктен, «ХХІ ғасыр жағдайында  балаларға музыка, бейнелеу өнері, әлемдік көркем мәдениетті қалай үйрету керек» деген сұрақ төңірегінде оқу орындарында семинар, лекциялар өткізіпті. Мәскеу ашық білім институты мәдениеттану және эстетикалық білім кафедрасының әдіскері Лариса Макарованың айтуынша, музыка пәні мұғалімі кәсіби маман болуы керек. Лайықты вокалдық негізі болмаса, музыкалық техникасының болуы жеткіліксіз. «Фонограмма арқылы музыканың не екенін түсіндіру мүмкін емес. Жанды дауыс естіліп, музыкалық аспап ішегіне қол соқпайынша, оқушылардың шынайы музыкалық сезімін ояту мүмкін емес». Өзге ұлттың шымбайына батқан мәселе бізге де жетті. Еуропалықтардың кебін кимей тұрғанда, қам жасасақ, жарар еді...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста