... Кейбір адамдарға шындықты айту қиын. Ал кейбіреулер үшін оны жасыру – азаптың азабы. Жәния – осы соңғылардың тобынан. Оның жұрттан жасырары жоқ. Бәлкім, жасырғысы келсе де жасыра алмас еді. Себебі оның өзі бала күнінен шөліркей бас қойған ертегі патшалығының әсерімен өрілген ғажайып әлеміне жалғандық атаулы әсте жат.
Ақынның өзі айтпақшы, өлеңге әркім әртүрлі тағдырмен келеді. Бұл ретте, осыдан отыз жыл бұрын «Пионер» журналында жарияланған алғашқы өлеңдер топтамасымен-ақ әдебиеттегі ерекше құбылыс екендігін аңдатқан Жәния Ералиева одан кейінгі өмірін де, өлеңін де жалғыз ғана қағидаға бағындырды. Сөйтіп, «Энергияның сақталу заңын» махаббаттың сақталу заңына айналдырған ол әсіребояусыз, бүркемесіз, таңғы шықтай тамаша жырлар легін түзді. Оны ортасы, әрине, байқамай қалған жоқ. Светқалидай талантты замандасы:
– Оқыды дерсің өлеңнің жүзін,
Бозбала өңшең, бойжеткен.
Политтен келдің, Кегеннің қызы,
Кемпірқосақ түстес көйлекпен.
Жас жүрек дір етіп, ырықты алғансың,
Тас түлек кілең дүр етіп.
Сен сонда бізді қырып салғансың,
Періште жайлы жыр оқып... – деп, сол кездің өзінде-ақ тәнті болғаны есте. Бірақ о бастан-ақ сыртқы әлеммен шаруасы шамалы Жәния көктемі, жазы, күзі бар, бірақ қаһарлы қыстан ауылы алыс өз әлеміндегі біртоға өмірін жалғастыра берді.
Жаңбыр суы мен болып
жылап тұр еді,
Бар атырап үніме құлақ түреді.
Алғаш көрген күнімді ұмыта алмадым,
Бақытым да, қайғым да бір-ақ күн еді, – деп өзі жырлағандай, музасының мәңгілік тақырыбы бір-ақ күннен, қас-қағым сәттен бастау алған ол, шын мәнісінде, Андерсен «Перизатының» тағдырын басынан кешті де. Осы ертегіні қатты ұнататын және әрбір оқыған сайын патшаның баласын өлімнен құтқарып, оған өлердей ғашық болатын перінің қызына жаны ашып, алабөтен күйге түсетін немересі үшін шыр-пыры шығатын қарт әже сонда: «Біреуді қатты аяп, жаның ашыса, оның аяры саған ауысады, сол үшін «обал болыпты» деме, «сауап болыпты де» деп үйрететін еді. Бірақ балауса жастың арманшыл жүрегі оған көнбейтін. Сөйтіп, ол өзінің шексіз де шетсіз қиял әлемінде су асты патшасының таңғажайып сарайына сүңгіп кете баратын... Осылайша, тілсіз, үнсіз ғашық болған, сол сезімі үшін екі дүниенің де азабына, тозағына төзген, жаны тек қана жақсылықты қалаған пері қызының бүкіл болмысы, арман-ойы Жәнияның жан дүниесімен астасып кетті. Кімнің кімге жұтылғаны белгісіз. Әйтеуір, бұл да патша баласына үмітсіз үздіккен Перизаттай:
– Жүрегімде – бір ағын,
Құлағымда – бір-ақ үн.
Көз алдымда – бір бейне,
Барлығы да бірдей ме?.. – деп жүре берді. Сондай-ақ:
– Әттең, сенің осы бір көзқарасың,
Көздеріңде айтылмас сыр бар асыл.
Жолаушыдай жол білмей тұрып қалған,
Ей, өзгенің жүрегі,
Сен қашан қозғаласың?! – деп зілсіз қынжылса, енді бірде:
– Селт етпедің, сен тіпті селт етпедің,
Түсінбедің, бәрін де «ертек» дедің,
Өз бағыңды қорғауға тер төкпедің,
Жүрегінің оты жоқ тентек пе едің?
Әлде, әлде өзгені өртеп пе едің? – деп ойға шомды. Бірақ бәрібір:
– Көрместей боп өзіңе кінә артамын,
Көргім келіп қайтадан құмартамын.
Көрген сайын мен сені, ең артығы –
Көрем бүкіл әлемді сен арқылы... – деп жырлағанындай, өмірлік музасының алтын арқауынан қара үзіп кете алмады. Беатричені Данте, Лаураны Петрарка, Ләйләні Жұматай қалай дәріптеп, қалай төбесіне көтерсе, Жәния да бір көргеннен-ақ жүрегін дір еткізіп, сол бойы сағымға айналған сол бір сүйікті бейнені жанына жақын тұта отырып, соншалықты биіктете білді. Ойша сарыла күтіп, сырттай сырласты, арыз-арманын, қуаныш-қайғысын жайып салып, мұң шақты, жас төкті. Өйткені ақын жүрегі қай кезде де:
– Ғашық болу азабын еске алған шақта,
Жүрек шаншып, жүргізбей
есті алған шақта.
Қате басқан ізімді санаған шақта,
Ауыр ойлар жан-жақтан қамаған шақта,
Көктемді, сені еске алам.
(Болса да мейлі, бес балам), – деп ағынан жарыла алады. Себебі таза қиялмен кейіптелген сол бір елес бейне арман күйінде қалғандығымен де құнды. Ал шындыққа айналған жағдайда, мүмкін, ол да кірленер еді...
Көл-көсір сезімі теткуге көнбейтін Жәнияның бүкіл тағдыры, күллі көңіл күйі, арман-ойы өлеңдерінде тұр. Бірде балаша томсарғанымен, бірде данаша ой толғайтын ол шынайы өмірдегі сұрақтар мен нүктелерге өлең тілімен жауап іздейді, жалпы, адамзат психологиясын ашуға талпынады. Былай қарасаңыз, бұл өмірде көпбұрыштар тәрізді бір-біріне бағынғысы келмейтіндер де, үшбұрыш секілді барлық бүйірі тең келген, ұпайы түгел адамдар да, бір нүктеден басталып, шексіздікке кетіп қалатын түзулер де, екі нүктенің шегінен әрі аспайтын кесінді кескінділер де жетіп-артылады. Төрт шумаққа соншама мағына сыйғыза білген Жәния, негізі,«Нүктелер» атты бір ғана өлеңімен-ақ әдебиеттен ойып орын алар да еді, сол ортада тұрақтап қалар да еді. Бірақ кезінде өзін «үлкен құбылыс» ретінде бағалаған Фариза апасы да, Жәнияның:
«Көктем ғой көктем, өйткені,
Көктемнен кейін – көп нүкте...» тәрізді тосын тұжырымдарын ақындықтан үмітті жастарға жыр ғып айтудан жалықпаған Мейірхан ағасы да, өзіндік қолтаңбасын жазбай таныған марқұм Қайрат Әлімбеков пен Бауыржан Жақып, Светқали Нұржан сияқты замандастары да, өкінішке қарай, өлең өлкесінен шеттеп кеткен талантты қыздың кейінгі тағдырынан хабарсыз қалды. Өзі айтпақшы, күні бүгінге дейін оны іздеген, сұраған бір адам болған жоқ. Бірақ «Досыңның көзінде болғанша, көңілінде бол» деген ұлағатты сөз бар. Осы орайда, Жәнияның да көзден кеткенімен, сөз қадірін түсінер мыңдаған, бәлкім, миллиондаған оқырмандардың көңілінен кетпесі күмәнсіз еді. Қалай дегенмен де, өмір өтіп жатты. Политехникалық институттың мұнай факультетін бітірген ақын қыз тұрмыс құрды, бала сүйді. Күнделікті тіршілік күйбеңі оның алғашқы сезіммен оянған мәңгілік музасын ұмыттырып жібергендей де еді. Бірақ қанда бар ақындық қасиет те, жан дүниемен астасқан шынайы сезім де із-түзсіз кетпейді екен. Араға жиырма бір жыл салып барып Жәнияға өлең қайта оралды. Онда да мейлінше салмақтанып, барынша байсалданып, сапалық жаңа деңгейде өрілді. Сөйтіп, ұзақ ұйқыдан кенеттен оянатын ертегі кейіпкерінің күйін кешкен Жәния ертеректе жазылған өлеңдері мен соңғы уақыттағы шығармаларының басын қосып, тұңғыш кітабын шығарды. Тағы да сол – «Энергияның сақталу заңы». Яғни «соқтықпалы, соқпақты» жолдардың небір бұралаңынан өтіп, әдебиет әлеміне қайта ат басын тірегін ақын қыз өзінің көзіқарақты қауымды жауһар жырларымен баураған баяғы Жәния екендігін осылайша паш етті. Әйтсе де:
Жасыл жапырақ, жаныма жақын,
Жақсы өлең жазып, жарымады ақын.
Замандастары амандаспады,
Оларды түстеп танымады ақын... – деп өзі бәрін білгендей, сезгендей айтыпты. Әдеби орта тағы да бейжай, немқұрайды...
Пышақтың қырындай ғана болғанымен, ойға да, сезімге де мейлінше бай жыр жинағын парақтай отырып байқағанымыз – Жәния поэзиясының өзіндік қолтаңбасы айқын, дара сипатта екендігі. Әдетте, ақындардың формалық, пішіндік ізденістерге барып, өлең құрылымына жаңалық енгізуге тырысып жататыны белгілі. Ал Жәния болса, физикалық, химиялық құбылыстарды, геометриялық фигураларды өлеңге алып келіп, оларды өз тағдырымен, адам тағдырымен байланыстырып суреттейді. Айналасындағы түрлі жағдайларды жан-жүрегімен сезініп, өзінше тұжырым жасауға талпынады. Ол өлеңді жазбайды, сағынышты сезім де, парасатты махаббат та, жалығу мен жабығу да – бәрі-бәрі Жәнияның жүрегінен өлең болып өз-өзінен құйылып жатады. Сосын да ол:
Талғар, сенің көрінгенде
әр төбең,
Көтерілер деп ойлап ем
мәртебем.
Орындалмай мақсаттарым
көздеген,
Алдайды екен адамды екі
көз деген.
Қоянға мен жете алмаспын
арбамен,
Албанның бір ар сақтаған
ардағы ем.
Жүріп келем тар көшеде
барға ұқсап,
Екі аяғым басқызбайды зар қақсап... – деп жай ғана айта салады. Бірақ жеңіл ғана айтылған сол сөздердің үлкен мағынамен астарланғаны аңғарылады. Бірақ Жәния «солай екен-ау» деп күпінбейді. Керісінше:
Келін боп кірген жат үйде,
Төрде емес, орны – босаға.
Бір басы екеу, төрт болып,
Дүние деген – осы, аға... – деп білінер-білінбес күрсінеді...
Жәния ерекше сүйіп оқитын Бальзактың «Бақытты болу әркімнің қолынан келеді. Бірақ мына өмірде басқа адамның көмегінсіз өсіп-өркендеу мүмкін емес» деген бір сөзі бар. Бұл ретте, Жәния да бақытты. Басы аман, бауыры бүтін. Адал жар, ардақты ана. Ағайын-туғанға, ел-жұртқа сыйлы да сыйымды жегжат. Бір адам үшін жетіп-артылатын-ақ бақыт. Тек ақын үшін емес. Дегенде Бальзактың манағы сөзіне сүйене отырып, Жәния туралы да «кісісіне жолықпаған екен-дағы» деп еріксіз ойлайсың. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ». Бәлкім, маңдайына осындай тағдыр жазылған керемет лирик Жәнияның да әдебиет аспанында жұлдыздай жарқырар шағы енді туған болар...
Махаббаттың сақталу заңы
Последние статьи автора