Әлемдік деңгейде ұлықталатын әулие Валентин күніне парапар, бірақ ұлттық мазмұндағы махаббат күнін белгілеу және оны жұртшылық санасына сіңіру туралы әңгіменің айтыла бастағанына талай жылдың жүзі болды. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып осыдан 15 жылдай бұрын мәселе көтерген «Жас Алаш» кезінде 11 наурызды Қозы Көрпеш күні, ал 19 мамырды Баян күні ретінде атап өту туралы бастама да көтерді. Соның әсерімен жоғары оқу орындарында бірнеше жыл қатарынан мерекелік кештер, кездесулер өтіп, бұл идея баспасөз бетінде насихатталды да.
Айналып келгенде, мұның барлығы бөгде елдің, бөтен діннің ықпалымен берік орныққан жат мерекенің ұрпақ санасына әсерін әлсірету, жұртты неғұрлым ұлттық дүниелерге бет бұрғызу мақсатынан туындап жатқандығы анық. Дегенмен әлі күнге дейін баяғы сең бұзылмаған күйінде қалып отыр. Соның салдарынан ақпан айы туар-тумастан-ақ сауда нүктелері қызылды-жасылды, жүрек пішіндес валентинкалардың астында қалады. 14 ақпанда әлемдік деңгейде тойланатын аталмыш күннің құрметіне орай түрлі мекемелер мен жоғары оқу орындарында арнайы шаралар ұйымдастырылады. Әлдекімге деген сүйіспеншілігін, ынтызарлығын жеткізуге асыққан жұрт сыйлық іздеп сабылады. Қазіргі уақытта ересек адамдарды былай қойғанда, тіпті мектеп оқушыларына дейін бір-біріне, тіпті ұстаздарына деген жүрекжарды сезімдерін валентинкалар арқылы білдіруге көшкен. Мұның тәрбие ісіне кереғар жайт екенін аңғарған Еуропа елдерінің бірқатары соңғы кездері Валентин күнінің кең көлемде насихатталуына, аталып өтуіне ресми түрде тыйым сала бастағаны баспасөз бетінде талай жазылды да. Ал жас ұрпағының батыс дәстүріне көзсіз берілуіне тосқауыл қоюды көздеген Сауд Арабиясы мен Иран мемлекетінде әулие Валентин күнін тойлауға әлдеқашан үзілді-кесілді тыйым салынған және оған мойынсұнбағандарға заңды түрде шара қолданылады немесе қомақты айып салынады. Еліміздің үлкен-кішісі демей, жат дәстүрге жаппай бой ұрып бара жатқандығына қарап кейде бізде де әлдебір шараның қолданылғаны қажет пе еді деп ойлайтынымыз да рас.
Бұл ретте, әрине, мәжбүрлеумен, болмаса наным-сенімге қысым жасаумен іс бітпесі белгілі. Сол тұрғыдан алғанда, жоғарыда айтылғандай, ұлттық негіздегі махаббат күнін қалыптастыру керек-ақ. Сондай-ақ ол мереке әулие Валентин күні тойланатын 14 ақпаннан бұрын және мейлінше ұйымдасқан деңгейде, қызықты аталып өтетін болса... Оған да арнайы құттықтау қағаздары, кәдесый бұйымдар шығарылып, өнер ошақтарында кездесу кештері, концерттер, басқа да мерекелік шаралар өткізілсе. Егер де ұлттық сипаттағы махаббат күнін жұрт назарын аударатындай етіп дүркіретіп өткізіп, Валентин күнін соның тасасында қалдырсақ, бірте-бірте өзі-ақ ұмытылар еді. Бұл жердегі мәселенің бір ұшы қаржы-қаражатқа келіп тіреледі. Мәселен, ұлттық сипаттағы махаббат күнін дәл Валентин күні сияқты үлкен қаржы салып жарнамалап, сәнді ашықхаттар мен қызылды-жасылды құттықтау қағаздарын шығарсақ, радио, теледидардан, күнделікті баспасөз бетінен ұдайы жарнамаласақ, оған көпшіліктің көзі де, құлағы да үйреніп, санаға сіңе берер еді.
Махаббат күні әулие Валентин күнінен бұрын тойланса…
Последние статьи автора