Ол күйеуінің өлімінен соң өзін ел алдында масқаралағысы келгендердің қара ниеті туралы айтты. Айтуынша, оның жан күйзелісіне түскенін пайдаланып, видеоға түсіріп алғандардың әрекеті шектен шыққан. Оны мас күйінде бұдан 12 жыл бұрын түсіріп алған жас жігіттер араға жылдар салып, аталған видеоны елге жария еткен.
"Бұл видео тарап кеткен соң, мен маған біреу қасақана қастандық жасап, масқаралағысы келгенін түсіндім. Басында қатты таңғалдым. Бәрі хабарласып, осы туралы айта бастады. Мен ақша төлеп, ол видеоны желіден алып тастайтын мамандарды да таптым. Алайда араға бір ай салып, ол видео қайта жарияланды. Сол кезде маған көмектесу үшін қыруар қаражат сұрап, көлік сұрағандар пайда болды. Мұны естіп, мен де қолымды бір сілтедім. Өйте берсем, ақшасыз қалам ғой, деп ойладым. "Өле-өлгенше тұрсын, маған бәрібір", - дейтін болдым. Бірақ, осы жайттан соң қатты қорқып қалыппын. Тіпті қонақүйде душқа түспейтін болдым", - дейді Мақпал Жүнісова.
Жары Заманбектің өлімінен соң бес жыл бойы жан күйзелісіне түскен әнші тығырықтан шығуға көмектескен жандардың жақсылығы туралы да айта кетті.
Айтуынша, елімізге танымал тұлғалар оған қаржылай көмек көрсетіп келген.
"Күйеуімнен айырылып, бір тиынсыз қалған кезде маған көмек берген үш Болатқа өмір бойы алғыс айтып өтемін. Олар мен үшін көп нәрсе жасады. Олар - Болат Өтемұратов, Болат Әбілов және Болат Назарбаев", - деп ағынан жарылды әнші.