Мақпал Жүнісова: Екі жыл маған үлкен сынақ болды
Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова "Түркістан" басылымына сұхбат беріп, өміріндегі, өнеріндегі жаңалықтармен бөлісті.
Әнші соңғы екі жылда отандық телеарналарда шақырылмаған қонаққа айналғанына қапалы. Ірі арналардың әндерін қоймайтына ренжиді. Тіпті Қазақ радиосына да әндері қабылданбайды екен.
"Өткенде Фариза апамызды еске алу кешіндегі концерт "Хабар" арнасынан көрсетілді. Менен басқа әншілердің бәрі бар, араларында тек мен жоқпын. Елбасының атына хат жолдадым. Ол кісіден "ешқандай кедергі жоқ" деген жауап алдым. Қолдан жасалған кедергі кімнің тарапынан болғанын білмедім. Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева қатысатын Жаңа жылдық концертке де соңғы екі жылдан бері қатыстырылған емеспін. Барлық әншілерге орын бар, тек маған орын жоқ. Қазақстанда, туған елімде тұрып жатырмын. Шеттетілетіндей жатжұрттық емеспін. Қайсыбірінің есігін қағайын?", - дейді халықтың еркесі.
Әнші жекеменшік телеарналардың анда-санда көрсететінін айтады.
Мен әр ауылға барып, түсіндіруге шамам жоқ. Әрі телеарна басшыларының қайсыбірінің есігін қағайын? Құдайға шүкір, еліміздегі ірі қалаларға барып, жеке концертімді үзбей қойып жүрмін.
"Елуге толған кезде "31 арна" концертімді берді. Оларға алғысымды айтамын. "Алматы" телеарнасынан көрсетіп жүр қазір. Бірақ Алматыдан алшақ жатқан аймақтарда ол арна хабар таратпайды ғой. Көзден кеткесін, көрермендер мен тыңдармандар: "Бұл Мақпалға не болды? Өнерден қол үзді ме? Жалқауланып кетті ме? Халықтың арасынан неге көрінбейді?", – деп ойлайды ғой. Мен әр ауылға барып, түсіндіруге шамам жоқ. Әрі телеарна басшыларының қайсыбірінің есігін қағайын? Құдайға шүкір, еліміздегі ірі қалаларға барып, жеке концертімді үзбей қойып жүрмін. Алайда Зәкең бар кездегідей мені шенеуніктер құрметпен күтіп алып, шығарып салмайды. Керісінше, әкімдіктің қызметкерлері мені көрсе, айнала қашатын болған. Концерт қоюға өзім барып, өзім келетін әншімін қазір. Басқа қайда барайын? Дәм-тұз тартқан жерге барамын, қуаныштарына ортақтассын деп тойларға шақырады халық", - дейді Мақпал Жүнісова.
Биылғы жылдың әнші жаман болмағанын айтады.
"Көңілім толады. Жақсы әрі жаңа әндер жазылды. Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Шымкент, Тараз сияқты көптеген қалаларда жеке концертімді ұйымдастырып, халықтың алдында есеп бердім. Ән жинақтарым жарық көрді", - деп бөлісті әнші өнеріндегі соңғы жаңалықтарымен.
Халық әртісі сондай-ақ репертуарына жаңа 15 ән қосылғанын да айта өтті.
Мақпал Жүнісова той арқылы күн көретінін, "Қазақконцерттен" айлық ретінде 62 мың теңге жалақы алатынын жасырмады.
Әнші тойларға апта сайын бармайтынын, көбіне гастрольдік сапарлармен жүртінін, сондықтан әрі кетсе айына 3-4 тойға шығатынын айтты.
"Аса тойшыл да емеспін қазір. Денсаулығым сыр берген. Омыртқаға суық тиген, биік өкшемен көп жүріп, омыртқаға қатты салмақ түскен. Енді жайтабан аяқ киіммен жүріңіз дейді. Сахнаға қалай шығам бәкене бойыммен? Ауыр көтермеңіз деп ескерткен дәрігерлер. Үйдің тазалық жұмыстары, тамақ пісіру т.б. жұмыстар менің мойнымда. Бәрін өзім істейтін қазақпын. Жиі ауыр көтеруге де тура келеді. Бір күні ұшып түсіп, қатты ауырдым. Енді күтіммен жүрмін", - дейді әнші.