Мақпал Жүнісова: Бәйтеректің жанынан өткен сайын ұяламын

Мақпал Жүнісова: Бәйтеректің жанынан өткен сайын ұяламын

Биыл мерейлі елу жасқа толға-ныңызда еліміздің біраз қалаларында шығармашылық концертіңізді бердіңіз. Келер жылға жоспарыңыз қандай?
— Менде айтылмаған он шақты ән тұр. Кон-цертте репертуарды түгел жаңартып айту мүмкін емес әрі шарт та емес. Халықтың сүйіп тыңдайтын әнін айтпай кетсең, ренжиді. «Инстаграм» парақшасына «Мен мына жердемін. Келіңіздер!» — десем, бірден аншлаг болады. Ал костюм деген дайын тұр, көйлекті тіктіріп алып жүре береміз. Енді концерт беретін болсам, телеарналарға түсіртпей-ақ қояйын деп отырмын. Бәрібір көрсетпейді ғой.
— Шоу концерт дегенді қалай түсінесіз?
— Мені бұрын телеарналардан көрсетіп жүргенде концерттерге, арнайы кештерге шақыратын. Сол кезде сіздің әніңізге би қою керек десе, келіспейтінмін. Айтқан әнімнің табиғатына ол қыздардың биі мүлдем келмейтін. «Мән-мағынасы терең
әнге «тыр-жалаңаш» қыздардың биі керек емес» деп қойдыртпайтынмын. Қазір осыны біреулер «шоу концерт» деп жүр ғой. «Шоу» деген ондай болмау керек. Кез келген әншінің концертін қарасаңыз, сол бір би тобы, тіпті киімдерін де ауыстырмайды. Белін, төсін ашқандар, шығыс биі — соның бәрін қазір шоу деп ойлайтын болды. Сахнаның безендірілуі, жарықты берудің алуандылығы өз алдына. Меніңше, әншінің өзі әнмен шоу жасау керек. Романсы бар, билейтін әні бар, драмасы бар, домбырасы бар, сосын әрбір әнді айтқанда өзінің бет-әлпетімен шоу жасау керек.

— Хит әндеріңіз жайлы не айтасыз?
— Хит әндерім көп қой. Биыл Фариза апамыздың «Жыла жүрегіме» ән жаздым. Хит болатын ән, бірақ әлі берілмей жатыр. Клип түсірмейміз, оны бәрібір көрсетпейді. «Адамдар, кешіріңдер» әні енді ғаламтор арқылы тарады. Саринаның «Әлемім сенсің әдемі» деген бір жақсы әні жазылды, әлі ғаламторға салынған жоқ. Техника жағына жоқпын. Әні мен сөзі Тоқтар Серіковтікі, «Сен және мен» Зәкең екеумізге арналып жазылған. Тамаша бір туынды. Келесі аптада «kazmuz»-ға салатын шығармыз.
— Сізді теледидардан көрсетпей қой-ғаннан ешнәрсе жоғалтпайсыз ғой. Керісінше халықтың сізге деген ықыласы тасып тұр. Қазір әншілердің қадірі түсіп кеткен заман. Әлеуметтік парақшаны ашсаң да, теледидарды қоссаң да, тойға бара қалсаң да әншіні көресің. Қолжетімді болып кетті. «Қазір әнші аспандағы жұлдыз да, жердегі құндыз да болмай қалды» дегенге не айтасыз?
— Ол да дұрыс шығар. Мен, бір жағынан, өз денсаулығымды жоғалтып жатырмын. Қаншама кештер түсірілді. Арман Дүйсен, Әсет Бейсеуов, Гүлнар Дәукенова, Мұқағалидің кешіне де бардық. Бірақ кесіп тастайды. Бұл маған емес, Әсетке, Мұқағалиға құрметтің жоқтығы ғой. Ал мен соншама «халық жауы» емес шығармын. Теледидардан көрінбей қалсаң, қазір халық басқаша ойлайды. Ана жолы инстаграмымды да өшіріп тастадым. Он күннен кейін ашып қалсам, «Қайда жүрсіз? Қайда кеттіңіз?» деген сұрақтар өте көп. Мерейге өшіремін деп айтсам: «Мама, халық не деп ойлайды? Тағы біреулер сені тұрмысқа шығып кетті деп жазып жібереді», — дейді (Әдемі күлкісімен күліп алды).
— Әндеріңізді ғаламторға салуда қиналыңқырайды екенсіз. Бәлкім, сізге продюсер, көмекші қажет болар?
— Зәкең бар кезде бір келіншекті продюсер етіп алғанбыз. Бастан-аяқ киіндірдік, үй-жайын жасап бердік. Қысқасы, аяғынан тік тұрғыздық. Жұмыс істеп те көрдік, бірақ менің табиғатыма келмейді екен. Мен өзім жұмысты тиянақты жасаймын. Уақытында келу, уа-қытымен дайындық жасауға үйренгенмін. Бір іс уақытылы орындалмаса, кәдімгідей жүйкем тозады. Негізінен, әнді насихаттауды өз авторларыма табыстаймын. Жас әншілердің продюсері бар, олар заман талабына сәйкес телеарна, радиоға береді, «ютуб» сайтына салады. «Инстаграм» әлеуметтік желісін енді үйреніп жатырмын.

— Әлеуметтік желіден тек инстаграмды ғана қолданасыз. Оған не себеп?
— Оған қызым Мерей себеп болды. Биыл бір айға Лондонға оқуға кетті. Қызымды ойлап, ешқайда шықпай қойдым. Барлық тойлардан бас тартып, тура қызымды соғысқа жібергендей үйде отырып алдым. Күнде таңертең әрі кешке хабарласып тұрдым. Ол сурет жібереді, соған мәз болып отырдым. Заманның талабы ғой, қазір кәдімгідей үйреніп алдым. Мерейде «ақылды телефон» бар ғой. Ал менде, өзің білесің, мынадай телефондар (қолындағы бұрын шыққан телефонды көрсетіп). Сөйтіп, қызым қоймай жүріп маған «сіз қанша айтқанмен халық әртісісіз ғой» деп «айфонды» алдыртты. Өзіңіз білесіз, «ценсор» олай жүгіріп, былай жүгіріп, қанымды әбден ішті. Телефонының экранын іздеп шаршадым. Енді орнында тұрмайды ғой (күліп алды).
— Жыл сайын бізде «Астана жұлды-зы», «Муззоун» арналарының жеңімпаз әншілерді анықтайтын байқауы болады. Жұлдыздарды анықтайтын жүз са-рапшының ішінен сізді көрмейміз. Неге?
— Мені ондай жерлерге мүлдем ша-қырмайды. Маған үш-төрт күн қалғанда «Астана жұлдызына» шақыру үшін бір қыз қоңырау соғып, қызыл кілемнің үстінен өтуге өтініш жасады. «Жақсы, қызыл кілемнен өтейік, ол жерде ән саламыз ба?», «Бір атақ-даңқ берейін деп жатқан жоқсыз ба?» — деп әдейі сұрадым. «Жоқ, ондай ешнәрсе болмайды», — деді. Басқа жоспарларым болғандықтан, алдын ала бара алмайтынымды айттым. «Жұлдыз» алуға дәмем жоқ. «Жұлдыздардың» барлығын алып қойғанмын. Сарапшы ретінде шақырмай отыр, мойындаймын. Адамның өзіндік орны, бағасы болу керек. Жалпы бүгінге дейін «Гакку» арнасының басшысы ғана қоңырау шалып, ретро-әндерімді сұрады. «Гакку» арнасынан бермек ойлары бар екен. Мен кәдімгідей қуанып қалдым. Өткенде бір қыз тағы қоңырау шалып: «Мақпал апай, сізді кешке концертке шақырайық деп едік, соған сізге шақыру билетін апарып берсек бола ма?» — дейді. Түскі сағат 13:00, ал концерт кешкі 19:00-де. «Менің кешке жоспарларым бар, он күн бұрын хабарласуға болады ғой», — деп едім, әлгі қыз ыңғайсызданып қалды. Сонда концерт беретін әнші қыздың өзі хабарласып шақырса болмайтын ба еді? Зәкең Алматы облысының әкімі болып тұрғанда сол қызды ең алғаш сахнаға шығарған қазіргі продюсері емес, мен едім. Әрине, адамның көңіліне келеді. Сол секілді түрлі шаралардың басы-қасында біздің әншілер жүреді ғой. Сол кезде неге «Мақпал апамыз жоқ, неге шақырмайсыз? Неге шықпай жатыр?» деп айтпайды? Әншілердің арасында ұйымшылдық жоқ. Ал сол әншілер «Мақпал апа, мен үйленейін деп жатырмын», «Тұрмысқа шығайын деп жатырмын» деп барлығы тойларына шақырады. Сыйлығынан қашпайын, ұят болмасын деп барамын. Сол әншілер «Біз Жаңа жылға» түсіп жатырмыз, сіз неге шықпадыңыз?» — деп те сұрамайды ғой. Әрине, олардың қолдарынан ешнәрсе келмейді. Бастысы – көңіл аулау ғой. Биліктің тарапынан ба, әлде телеарна басшыларының тарапынан ба, әйтеуір мені шығармай жатқан адамның кім екені белгісіз.
— Ол адамның кім екенін шамамен бағамдай алмайсыз ба?
— Мені сахнаға шығармай жүрген адамды нақты білмеймін. Билікте жүрген бір кісілер «сіз бір кісінің тойына бармай қалыпсыз ғой, сол үшін кедергі жасап жатыр» дейді.
— Сол үшін бе?
— Иә, «енді айтып көрсін әнін» деп айтатын көрінеді. Қызық. Көбіне атқосшыларын жібереді. Кім екенін қайдан білесің?! Сосын адамдар байыған сайын сараң болып кетеді ғой. Гонорарыңды айтсаң, «ойбай, тегін келеді деп отырсақ, ақша сұрағаныңыз не?!» дейтіндері бар. Сондайларға қырсығып қаламын. «Ке-шіріңіз, құстар ғана тегін сайрайды», — деймін. Негізі көп кісінің тойына бармай қалғанмын. Бұның зияны тиеді деп ешқашан ойламаппын.
— Өнерге жаңа қадам басқан жас әншілердің жетіспей жатқан тұс-тарын, кемшіліктерін ашық айтқан кездеріңізді көрмеппіз. Жас әншілермен «конфликтке» түскіңіз келмей ме?
— Не үшін сынаймын? Біздің эстрадада жастар өте көп. Олардың барлық әндері хит, барлық әндері керемет деп айта алмаймын, әрине. Сыйға тартқан альбомы ішінен екі-үш әнін ғана тыңдайсың. Халық та солай істейді. Иә, біреудің көңілі үшін айтады, досының жазғанын айтады. Мен арнайы БАҚ алдында оларды сынамасам да, жеке кездескенде өз ақылымды айтып, әрдайым кеңесімді беремін. Меніңше, жұрт алдында біреудің масқарасын шығарғанша, осы бір ісім дұрыс секілді.

— Бізде қазір өзіңіз секілді халық әртіс-терінің балалары да әнші ғой. Ал сіз Мерейдің әнші болғанын қаламайды екенсіз. Неге?
— Жоқ. Бұл менің емес, баланың қалауы. «Мерей, сен менен озып, әнші болып кетейін деп тұрсың ғой» деймін кейде. «Жоқ, мама, бұл хобби» дейді. Мерей өзінің әнші болғысы келмейтінін, өте қиын жол екенін ашық айтады. Оған оның ақылы жетеді.
— Жалпы, сіздің өнер жолыңыздағы кейбір сәтсіздіктеріңіз Мерейге кері әсер етті деп ойламайсыз ба?
— Жоқ. Мен қиналып тұрсам да, мұнайып тұрсам да Мерейге көрсетпеуге тырысамын. Алматыда сіңілілерім тұрады, Мерейді соларға табыстаймын. Киноға апаруларын, қыдыртуларын сұраймын. Бірақ сырттан айтылатын сөздерді Мерейге әдейі жеткізетін адамдар бар. Әрі кез келген сайтты ашады, «ютубты» ашады. Кешкісін мен үйге келген кезде қызым көңіл күйімді бірден байқайды. Жаныма келеді де: «Мама, сен ешқашан мұңайма. Сен туралы өтірік жазып қойыпты. Мен үшін сен жақсы адамсың, асыл жансың», — дейді.

— Сіз Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндерді көбірек айтатын сияқтысыз. Бұл әндерде өз тағдырыңызбен үндестік жатыр ма?

— Жалпы, мен ешкімге осындай ән жазып алып келіңдер, сөзі мынадай болсын деп қолқа салмаймын, тапсырыс бермеймін. Авторлар өздері алып келеді. Мұқаңның қай өлеңін алып келсе де, мен соны айтқым келіп тұрады. Ол менің тағдырыммен байланысты көрінеді. Сол кісінің поэзиясының ішіне өзім жазғандай болып кіріп кетемін. Жүрегіме, ішкі жан дүниеме жақын. Ән айтқан кезде жеңілденіп сала беремін. Ән салғанда ауырып тұрған жүрегім жазылып кетеді. Ықыласыммен беріле айтқан соң, ішкі жан дүниемді анау-мынау қоқыстардан, біреулердің жағымсыз сөздерінен тазартады. Біреуге жауап беру үшін де ол маған керек дүние, әлбетте. Мысалы, «Фариза» әнінің ішінде осының бәрі тұр. Кез келген концертке барсаң, «Фаризаны» айт-қызбай жібермейді. Тыңдарман-дарым әндерім арқылы ішкі жан дүниемдегі арпалысты түсінеді деп ойлаймын.
— Сізді жұрт примадонна деп жатады. Тіпті Роза-ға қарағанда сіздің өміріңіз жақын секілді. Ресей примадоннасымен ұқсастығыңыз бар. А.Пугачева да 2000 жылдардың басында адамдардан кешірім сұрап, мына өмірдің жалғандығын айтты. «Ертең барлығымыз мына өмірден кетеміз» деді жанайқайымен. Сол кезде халық А.Пугачеваны өледі-ау деп ойлады. Ал 2009 жылы «Люди, люди» әнімен шықты. Сіз де «Адамдар, кешіріңдер» деп қайта шықтыңыз сахнаға. Жалпы әнді тыңдарманға жеткізу шеберліктеріңіз, ән-деріңіздің бір-бір пьесадан, бір-бір драмадан тұратын ұқсастықтарыңыз тағы бар…
— Өзімді примадоннамын деп айта алмаймын, Бауыржан. Бұл рас енді. Халықтың аузында солай аталсақ, не дауа?! Оған мен дандайсып, мұрнымды көтергім келмейді. Көзіме айтқан көп адам болды. Көбіне орыстар айтады. Дүкенге, базарға барғанда кездескен орыстар көп мақтау айтып жатады. Көшеде тоқтатып алып: «Сіз біздің примадоннамызсыз», «Әсіресе домбырамен айтқан әндеріңіз ұнайды» дейтіндерін қайтесің?! Кейбіреулері орыстың романстарын неге айтпай кеткенімді сұрайды.
— Негізгі табыс көзіңіз қандай?
— Той. Одан басқа менде табыс көзі жоқ. Бір облысқа 7 мың долларға барамын. 15-16 ән айтамын. Ал өзіміздің қалаға (Алматы) 3-4 мың долларға шығып жүрмін. Адамдардың жағдайына байланысты. Қысылып келіп тұрса, кейде тегін барамын. Негізі көбінің ақшасы жоқ енді (күліп алды). Бәріне бара бермеймін. Біреуі «жеңгетай» деп келеді, енді бірі «арғынмын» деп келеді. Қайсыбіріне жете беремін? Бұйырғанына барамын.

— «Қара пиар» дегенге қалай қарайсыз?
— Дұрыс емес. Соңғы болған оқиғаны меңзеп отырсаңыз, ол жағдай тура бейне-жазбадағыдай емес. Тамағым бітіп қалған. Түнімен ән айттық, оның үстіне қонақүй суық болды. Сөйлесуге болмайды ондай кезде. Шығарып салатын адамдар кешігіп алып келді мені. Мен оларға кешігетінімізді, Алматыда сол күні тойымның бар екенін айттым. Өзің айтпақшы «Ой, Мәке, сіз примадоннасыз ғой, сізді өткізеді» деген сөз шықты. Өздеріне сенімді болды. Менде орын бизнескласстан екен. Мені виб-залмен алып келді де, құжаттарымды өздерімен алып кетті. Ұшаққа отырғызып жіберді. 15 минуттан кейін екі жігіт келіп, менен билеттің көшірме нұсқасын сұрады. Негізі ол қажет емес. Компьютерде барлығы тұр ғой. Біреудің тапсырмасы болды ма, әлде ана кісілер ренжітті ме, қауіптің қай жерден келгенін түсінбедім. Қазір қайта кіресіз деген соң, ұшақтан шықтым. Енді келіп, сіз ұшпайсыз дейді. Қалай ашуланбайсың? Боқтадым барлығын. Соны енді түсіріп жариялап жібергенін қарашы. Әлгі баланы таптым мен. Бірақ ол емес екен. Белгілі бір компанияның қызметкерлері екен. Біз іздеп тапқан жігіт бір жыл бұрын сол компанияда жұмыс істеген көрінеді. Соның әлеуметтік желідегі парақшасын пайдаланып отыр ғой. Алған да, парақшасына салып жіберген. Кейін өзінің бұрынғы басшысына қоңырау шалып, сотқа беретіндігін айтқан. Сөйтіп, компания басшылығы жасырын бейнежазбаны алып тастады. Мен де қарап қалған жоқпын. Дәл қазір қорғаушым бұл мәселемен айналысып жатыр. Соттасуым мүмкін. Ал енді «Мақпал алқаш» дегеннің ілініп тұрғанына сегіз жыл болды. Мынаны оқыған сайын «алқаш болғың келеді екен» деп қоямын (Күліп алды). Күлкілі емес, жылағың келеді. Тырнақтап жинаған абыройымды солай төккісі келеді. «Мақпал алқаш», «Мақпал боқтайды», «Мақпал төбелескіш» деп біреулер шықты.— Астанада өзіңізді қалай сезінесіз?
— Өте жақсы сезінемін. Концертке, тойға барамын. Бірақ Астананың «Хан Шатырында» ғана болдым. «Бәйтеректің» жанынан өткен сайын ұяламын. Астанаға барғанымда мені қыдыртатын ешкім табылмай қалады.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Бауыржан Карипов
baistars.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста