Қазақтың біртуар арысы, ХХ ғасыр басындағы қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушылардың бірі, әйгілі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың тағдыр-талайы сол замандағы Алаш арыстарының ортақ пешенесіндей қайғы-қасіретке, жұмбаққа толы. Бұлай деуімізге Алаш арыстарының соңында қалған ұрпағының, ізінің кеңестік машина салған ойранда тағдыр талқысымен күрделі ғұмыр кешуі де себеп бола алады. Тұрар Рысқұловтың қыздарының бірі Майя Тұрарқызы Рысқұлова бүгін – 1 мамыр күні — 80 жасқа толып отыр. Майя Тұрарқызы қазір Мәскеуде тұрады.
Осыдан тура 80 жыл бұрын, 1929 жылы 1 мамырда Мәскеуде дүниеге келген. Ол кезде Тұрар Рысқұлов РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болған. Т.Рысқұлов 1937 жылы тұтқындалғанда сегіз жаста болған Майя келесі жылы мәскеулік балалар үйіне, кейіннен Одессадағы балалар үйіне жіберілген. Тағдыр тәлкегін бала жастан көрген Майя сұрапыл соғыс басылған соң, 20 жасқа толған шағында – 1949 жылы «халық жауының» қызы ретінде тұтқындалып, Қарағандыға бес жылға жер аударылады. 1953 жылы Сталин өлгенше, Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында тұрып, жұмыс істеген Майяның осындағы ғұмыр жолы туралы қарқаралылық өлкетанушы Ерлан Мұстафин соңғы жылдары толымды зерттеулер жасап, Мәскеудегі кейуанамен тұрақты хат жазысып келеді. Білуімізше, бұдан ертеректе Майя апамызбен Тұрар өмірін әдебиетте «Қызыл жебе» ретінде мәңгі сомдаған Шерхан Мұртаза бастаған ағаларымыз хабарласып тұрса керек. 1970 жылы Д.Қонаевтың көмегімен Мәскеуден пәтер алыпты. Кеңестік дәуірде бұл кісіге Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та көп көмектесіп тұрған екен.
Майя апамызды туған күнімен құттықтамаққа асыққан біз де өз кезегімізде Мәскеуге телефон шалдық.
Телефонды әжейдің немерелерінің бірі көтерді.
– Алло, Қазақстаннан, Қарағанды қаласынан телефон шалып тұр едік. Майя Тұрарқызымен сөйлесуге болар ма екен?
– Қазір, – деді немересі.
Желінің арғы жағынан қарт адамның жүрісі естіліп, Майя апамыздың жарықшақтана шыққан, сонда да сергек дауысын естідік.
– Алло, мен тыңдап тұрмын. Бұл кім екен?
– Біз Қазақстанда шығатын «Алаш айнасы» республикалық газетінен едік. Сізді туған күніңізбен құттықтап, денсаулығыңызды білгіміз келген...
– Көп рақмет! Мен, міне, сексен жасқа да келіп жеттім! Денсаулығым аса болмай тұр. Кәрілік. Төрт жыл болды үйден сыртқа шықпаймын. Көзім мүлде көруден қалған. Немеремнің қолындамын. Өз бөлмемдегі телефон аппараты істен шыққан соң, мұнда шаршап келіп тұрмын ғой. Елден телефон шалғандарыңызға алғысым шексіз. Сіздерге де денсаулық тілеймін. Барша қазақстандықтарды 1 Мамыр мерекесімен, ұлы, ортақ Жеңіс мерекесімен құттықтаймын! «Алаш айнасы» тек жақсы жаңалықтар жазсын! Ұлы қазақ халқы жасасын! – деді Майя Тұрарқызы.
Даусында ерек сергектік білінген қарт әжеймен бес-он минут сөйлесіп, ол кісі телефон тұтқасын қойғасын да, желінің үзілгенін білдіретін гуілді тыңдап едәуір отырдық. Жазған хаттарының бірінде енді аз ғана ғұмыры қалғанын, тірліктегі көргенін мойымай көтерген қайсар қазақ қызының, Тұрардай арыс азаматтың қызының әкесі бар ғұмырын арнаған туған елінен шалғайда, орыс орманының ішінде мұнаралы Мәскеуде мазасыз немерелерінің қолында тұрып жатқанын ойладық. «Қазақстаннан кеткеніне аттай 56 жыл өткен асыл аруананың тәніне саулық бергей, рухына әмсе сергектік бергей» деп тебірене тіледік...
Зұлмат заманның жалында кеткен арыстарымыздың ұрпақтарынан кім бар туған Отанда? Аталар салған сара жолды арыстарымыздың кіндігінен тараған өз балалары жалғауына қарсы болған ұлы кеңестік империалистік саясат қандай тасжүрек еді! Ал шалғай шетте ғұмырының іңірі түскенде сонау шығыс жақтан – аталары айдынды өмір кешкен қазақ даласы жақтан арайланар аппақ таңды көрер көзінің нұры да солған қарт ана, қайсар қазақ қызы туған елінің ұлылығын ұмытпай, баршаға амандық тілеулі. Біз де соны ұмытпасақ етті...
Ерлан Мұстафин, өлкетанушы:
– Осыдан бірнеше жыл бұрын мен кездейсоқ бір отырыста Тұрар Рысқұловтың қызы Майя Тұрарқызының Қарқаралыда тұрып, жұмыс істегені туралы естіген болатынмын. Өлкетанушы ретінде әлгі дерекке елең ете қалып, кейін мұрағаттан деректер іздестіре бастадым. Мұрағат деректері ол кісінің Қарқаралыда тұрып, ветеринарлық-бактериологиялық зертханада жұмыс істегенін дәлелдейді. Кейін Қарқаралыдан кеткен соң, ол кісінің қайда тұрақтағанын ешкім айта қоймады. Арада біраз жылдар өтіп, бұл ізденісімнің соңы жұмбақ боп қалатындай болған-ды. Бірақ былтырғы жылы ол кісінің Мәскеуде тұратынынан хабардар болып, тұрғылықты мекенжайын, телефонын да тауып алдым. Қарқаралыдан шалынған қоңырауға ол кісі қатты қуанды. Енді қайтсін, өмірінің қилы өзгерістерге, қитұрқысы көп қиындықтарға толы кезеңі осында өтті ғой. Маған сол замандардан естеліктер айтуға келісімін берді. Хат-хабар алмасқан жылдан астам уақыт ішінде мен ол кісіден он бір хат алдым. Соның әрқайсының мазмұны таңдай қаққызады. Қарқаралыда араласқандар «өте мейірбан жан еді» деп естелік айтады. 1951 жылы 28 мамырда Қарқаралыда санэпидстансының зертханасына лаборант болып жұмысқа тұрған екен. Одан кейін 1953 жылы кеткенге дейін ветбаклабораторияда жұмыс істеген. Мәскеуге оралған соң түрлі жұмыстар атқарған. «Кеңес тұтыну корпорациясының үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері», «Ұлы Жеңістің 60 жылдығы» медальдарымен марапатталыпты. Ұлы Владимир Владимирович Рысқұлов тарихшы, ұзақ жыл Сирияда еңбек еткен, қазір аталарының тарихын білмек мақсатта мұрағат деректерімен жұмыс істейді екен. Ал қызы Юлия Владимировна отбасымен Тверь облысында тұрады. Майя апай өзі немерелерімен Мәскеуде тұрады.
Майя Тұрарқызының жазған хаттарынан үзінділер
«...Мені тұтқындаған қаралы күн есімде мәңгіге қалды. Бұл 1949 жылдың 10 қарашасы еді. МГБ-ның сол кездегі басшысы кейін Берия және басқа да баскесерлермен бірге атылған Абакумов болатын. Сол Абакумов мені тұтқындау туралы бұйрыққа 25 қазан күні қол қойыпты. Тұтқындаушылар түнде келді. Бүйіріме револьвер тіреп, Лубянкаға жеткізді. Жалғыз адамдық қараңғы камераға отырғызып, таңертеңгісін тергеуге шақырды. Жас тергеуші Чумаков та есімде. Ол өзін дұрыс ұстады, сауалдарын қойды. Мен саясаттан алыс болдым, бос уақытымның бәрін кинозалдар мен театрларда өткізетін едім. ...Ол мені тергеуге күндіз-түн демей бірнеше рет шақыртты. Әкемді алып кеткенде небары 8 жаста болғам, 1-сыныпты енді аяқтаған мен не айта аламын?..
Үкім шығарғанда, мені салиқалы өңді үш адам шақырып алып: «Сізді Рысқұловтың қызы ретінде Краснояр өлкесіне жіберуге ұйғардық», – деді. Содан соң есік сыртына шыға тұр деді де, сәлден кейін қайта шақыртты. Сондағы айтқандары: «Қазақ халқының сіздің әкеңізді қаншалықты жек көретінін өз көзіңізбен көруіңіз үшін біз сізді бес жыл мерзімге Қазақстанға жібермекпіз», – деді...»
«...Қарағандыға да жеттік. Бізді жүк мәшинесіне тиеді. Осы жерде мен Ягоданың ұлын жолықтырдым (Г.Г.Ягода КСРО ішкі істер халкомы болған, атылған). Мәшине қорабынан түсіп қалмасын деп ол мені жол бойы ұстап отырды. «Сізді не үшін ұстады?» деп сұрап едім, «Әкем үшін» деп жауап қатты. Содан кейін оны көрген жоқпын.
Қарағандыда бізді түрмеге апарып көже берді де, соңынан еркімізге жіберді. Қайда барамыз? Күн боран, жағалай аштық. Бәріміз қала шетіндегі қонақүй тәрізді бір ғимаратқа тығылдық. Ешкімде ақша жоқ, қолымызда тек белгі соқтыратын бір жапырақ қағазымыз ғана. Ел біртіндеп жан-жаққа тарай бастады. Мен болсам он ойланып, жүз толғанып, ақыры МГБ-ға барып, қайыр сұрайын деп шештім. Обалы не керек, маған ақша бөлді. Ол қаражатты өзім сияқты қуғын-сүргінде жүрген бір әйелге сақтауға беріп едім, алаяқ болып шықты, ақшамен қоса зым-зия жоғалып кетті. Қатты уайымдап, соның салдарынан екі аяғымнан жүре алмай қалдым. Ұзақ ауырдым.
Маған қонақүйде жұмыс істеген бір неміс әйелі көп қамқорлық жасады. Мені өзінің әжесімен, екі қызымен тұратын қоржынтамына кіргізіп алды. Кейін еңбек кітапшам келді. Жер аударылу мерзімінің соңына дейін төлқұжатым болған жоқ. Мәйітханадан жұмыс ұсынылып еді, одан бас тарттым...
Ол кезде жасым 22-де. Қарқаралыға жалғыз бардым. Тұрмыс құра қоймаған шағым. Шағын ұшаққа мінбек болғанда, мен оның қанатына зақым келтіріп алып, біраз бөгелуге тура келді. Аты-жөнімді естіген ұшқыш бұл кездесуімізге ерекше қуанды. Өйткені, бұл кісі заманында бір себептермен комсомол қатарынан шығарылып, сол үшін де Мәскеу барып, әкемнің қабылдауында болған екен... Даладағы әуежайдан Қарқаралыға мені пошта тасушы бір ақсақал атына мінгестіріп жеткізді. Бастапқыда сол кісінің үйінде тұрдым. Әйелі жас, есімі Айжан еді. Жалғыз қыздары бар. Осында жүріп, қазақтың салт-дәстүрлеріне бой үйрете бастадым...»
«Әкеммен көрісуге шамалы қалған шығар. О дүниеде жолығарымызға иманым кәміл. Бір Аллаға сенемін. Бұл фәниден ізім-қайым жоғалмай, әйтеуір бір жерден шығарымыз анық. Әкем мені сондай жақсы көрген деседі, мен де оның аруағына ғұмыр бойы адал болып, өмірлік ұстанымыма ту еттім. ...Әкей табиғатты, үлкен театрды, цирк өнерін, жалпы, өмір сұлулықтарының баршасын сондайлық жақсы көрді. Сол әлем заматында күлге айналып, төңіректі түнек басты. Сонда да мен әкемнің ғазиз бейнесін жадымнан шығарған емеспін. Әлі солай!»