Мағжан жырларынан қуат алған Хабиба апа 95-ке келді
Елінен ерек, анадан арда туған қазақтың бір қызы Хабиба Елебекова биыл 95-ке келіп отыр. Халқына әуелі театр актрисасы, сосын Жүсіпбек Елебековтей «әннің Абайының» жары, ал бүгінде орта және жас буын актерлерге үлгі, өнегелі өнерімен ұстаз бола білген көнекөз қарияның Мағжанның лирикалық жырларын әлі күнге дейін жаңылмай оқитынына таңдай қақпайтын адам жоқ. Театр ардагерінің торқалы тойын кеше М.Әуезов театры атап өтті.
Халықтың сахна саңлағына деген құрметін жиналған қауымның қарасынан-ақ білуге болады. Мерейтой кешінің жарнамасы алдын ала «мен мұндаламаса» да, қарапайым халық та Хабиба апамен кездесуді көптен күткен сыңайлы. Сұлулыққа, әсіресе «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» сынды табиғат әсімдігіне жаны құмар жан Көкшеден шыққан ақындардың көркем жырлары мен қазақтың ел білмейтін сұлу саздарын құйма құлағына құйып алуға жастайынан машықтанған. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаевтың «Сен сұлуы».
«Бұл – Мағжанның жанынан шығарған жалғыз әні», – деп тебіренген әже «Сен сұлуды» өзінің әнімен сыры кетсе де, сыны кетпеген қоңыр үнімен сызылта шырқап берді.
Кеш тізгінін ұстаған қазақ хандарының прототипі іспетті тұлғалы актер Тұңғышбай Жаманқұлов Хабиба апаны әңгімеге тартып, көбіне жатқа білетін өлеңдеріне кезек беріп отырды. Лирик ақын Мағжанның барлық өлеңін санасына түйіп, көңілімен тоқыған актриса ғасырға таяса да, ақын өлеңдерінің бірде-бірін ұмытпапты. Бірінен соң бірін жіпке тізген маржандай оқып бергенде, әсерленбеген адам қалмады. Бала күнінен қалыптасқан құймақұлақтығы – әжемізді өзгелерден басым етіп тұратын артықшылығы. Актерге ең қажетті қасиет есте сақтау болса, Хабиба апа бұл касиеттен кенде емес. Хабиба апаның әкесі Қарақбай әнге құмар, сері болған екен. Қай жерде жақсы, жаңа ән бар десе, кісі жібертіп, алдыртып үйренген көрінеді. Хабиба апаның тоғыз жасында әкесінің інісі Зәрубай Шәкәрімнің «Жастық туралы» деген әнін алып кеп, елге таратыпты. Сондағы үйренген әні – қазіргі көпшілік білетін, Абайдың «Сегіз аяғы» деп жүрген ән. Ал «Сегіз аяқтың» Абайдың өзі шығарған әуені мүлде басқа, оны да бүгінге жеткізген – Хабиба апа. Бұл әндер Мұрат Әбуғазының «Сарыарқа әндері» жинағына Хабиба апаның айтуымен енген болатын.
Тұшымды киноға шөліркеп жүрген жұртшылықты «Паһ, шіркін!» дегізген «Біржан салдың» халыққа жол тартқан кезі болатын. Сол уақытта өткен-кеткен жайлы сыр тартатын әдетіммен Хабиба апаның үйіне барып, әңгімелескенімізде «қазақ киносының тарихында мен секілді 93-ке келіп киноға түскен ешкім жоқ шығар» дегені есімде. Шындығында, түйеге отырмақ түгіл, бұрынғы әңгімені қаузауға шау тартқан соң шамасы келмей қалатын қариялардай емес, керісінше, өзінің сүйікті ісіне келгенде оттай лаулап жанған актрисаны көріп, көрерменнің Мәдияр әже образынан ләззат алғанын білеміз.
Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, театр және кино актері, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi:
– Бүгін – бір қасиетті күн. Оразаның бұл күні бір-бірімізді қуантып қана қоймай, тілеуімізді тілеп, ұлы өнер жолындағы қасиетті сөздерімізді айтатын күн іспеттес. Кимешегі кірлеп көрмеген Хабиба апамызды айтсақ, есімізге Жүсекең, Жүсекемізді айтсақ, Хабиба апамыз еске түседі. Жүсекең, Серағам, Камал ағам бар, Шығыс Қазақстандағы біздің үйден кезінде дәм татқан еді. Әкемнің бойындағы өнерін көрген Жүсекең тіпті әкемді алып та кете жаздады. Бірақ кеңес партиясында қызметте жүрген адамның жайын білесіздер. Осы жағынан бұл әулет маған өте жақын еді. «Біржан салдағы» Мәдияр апа – Хабиба апамның өзі. Біз кезінде көп аға-апаларымызды өзі сүйген ұлы өнерге құлашын айқара ашқызып, сермете алмадық. Хабиба апаның кинодағы сол Мәдияр апа образы менің, киноның, бүгінгі көрерменнің бақыты ма деймін. Хабиба апаның өнерге, өмірге деген сүйіспеншілігін үлкен өнеге ретінде қабылдауымыз керек. Бұл – бір конституция. Ол – өмірдегі, өнердегі аяқ алысының өзін ары ретінде алып жүрген кейуана. Зердесі бүгінгі компьютерді сүріндіретін, жадысы ашық, ең ғажабы, өмірге, өнерге сүйіспеншілігін арқалаған Хабиба апамызбен бірге жер басып, қатар жүрген біз бақыттымыз. Кешегі Сәбира, Хадиша апаларымыздың бүгінгі көрінісі, ол кісілердің аманаты, Алланың шуақты көзқарасына түскен кейуана – Хабиба апа. Хабиба апа! Ұлы өнеріңіздің, ұлы мәдениеті бар мемлекетіңіздің етек-жеңін жинап, егемендігін алған кезін көрген сіз бақыттысыз. Сол тарихтың, мәдениеттің ұлы көшін бастап келе жатқан апамыз болып жай ғана өнеріңізді паш етпей, тарихтан шежіре шертуіңіз, оның куәгері біз болуымыз да – бақыт. Жасаңыз, Хабиба апа! Сіздің бүкіл өн бойыңызда халқыңызға, мәдениетіңізге деген сеніміңіз, тілегіңіз бар екенін білеміз. Өзіңіз тілекші болып отырған ұлы өнер жасасын!
Өзінің еңбек жолын туған өлкесі Қарқаралы халық театрында бастаған Хабиба Қарақбайқызы 1935 жылдан бастап М.Әуезов атындағы театрда қалтқысыз қызмет етті. Ол – ұлттық театрдың іргесін қалаған тұлғалар келген тұста бірге келген, солардың бүгінгі соңғы тұяғы. Белгілі актрисаның сахнадағы алғашқы рөлі – Ж.Шаниннің өзі жазып, өзі қойған «Арқалық батыр» тарихи драмасындағы Қаракөзі М.Әуезовтің «Абайындағы» Қанікей, Ұлжан, «Қарақыпшақ Қобыландыдағы» Күнікей, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Мақпал, Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісіндегі» Қырмызы, Б.Майлиннің «Майданындағы» Мамық, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуіндегі» Айғаным, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланындағы» Айнаш рөлдеріне ұласты.
Хабиба Елебекованың әншінің жары ғана емес, қазақтың ән өнеріне қосқан үлесі де зор екенін жоғарыда айтып өттік. Өз жұбайы, жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебеков туралы «Үні кетпес құлақтан», «Ән-Аманат», «Қайран Жүсекем» кітаптары әнді сүйген есті оқырманға көп мағлұмат берері хақ.
Кешке Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры ұжымдары қазақ театрының анасын құттықтай келіпті.
Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің директоры Бибігүл Нұрғалиқызы қыркүйектің басында колледж алдында қазақтың біртуар әншісіне арналған мүсіннің ашылатындығын айтып, жағымды жаңалықпен «сүйіншіледі».
Кеш соңында өнер иесіне, Анаға деген құрметін білдірген қалың көпшілік 95-ке келсе де, айтары таусылмаған өнер майталманымен енді 100-інде жүздесуді тілеп тарқасты.