Бес жыл бұрын басталған «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы елдiң рухани және бiлiм беру саласын дамыту, мәдени мұрасының сақталуын және тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатын көздегенi белгiлi. Осыдан екi апта бұрын елiмiздегi ғылым-бiлiмге және мәдениетке иегер болып отырған қос министрлiк аталмыш бағдарламаның бiрiншi кезеңi ойдағыдай аяқталғанын мәлiмдедi…
Ресми ақпараттарға жүгiнсек, «Мәдени мұра» аясында археология саласы бойынша 36 жоба iске асып, Шығыс Қазақстанда «Берел» тарихи қорық мұражайы ашылған, ал тiл мен әдебиет тұрғысынан алғанда, 15 томдық «Қазақ әдебиетi сөздiгi», 2 томдық «Қазақ этимологиялық сөздiгi», «Қазақ фразеологиялық сөздiгi», «Қазақ өнерiнiң тарихы», «Бабалар сөзi» сериясының 48 томы жарық көрiптi. Шығыстану, тарих және этнология салалары бойынша да iрiлi-ұсақты шаруалар атқарылып, Қытай, Монғолия, Ресей елдерiндегi мұрағат деректерi негiзiнде кiтаптар шығарылыпты. Елiмiздiң 22 тарихи-мәдени ескерткiшiне жаңғырту жұмыстары басталып, бүгiнгi күнi соның жетеуi аяқталыпты. Сонымен қатар Мысырдағы Сұлтан Бейбарыс мешiтiнiң кесенесiн жаңғырту және әл-Фарабидiң Дамаскiдегi зираты басына қазақтың этномәдени орталығы мен кесене салу шаралары қолға алынған. Алдағы үш жылда атқарылар шаруалар, негiзiнен, Берел, Отырар, Есiк қорғандарынан табылған жәдiгерлiктердi терең зерттеу, Жiбек жолы бойындағы тарихи орындар негiзiнде мәдени туризмдi дамыту, ұлттық тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттау бағытына ойысып отыр…
Турасын айтқанда, ниет те, құлшыныс та керемет! Бiрақ адам өткенiмен ғана өмiр сүрмейдi ғой. Осы орайда «өшкенiмiздi жоқтаймыз, өткенiмiздi түгендеймiз деп жүрiп, бүгiнгi уақыт тынысын, бүгiнгi қажеттiлiктердi ескерусiз қалдырып қойған жоқпыз ба» деген де ой келедi. Мысалы, әлемнiң тынысы технологияға тiрелiп отырған бүгiнгiдей уақытта бiз, басқаны былай қойғанда, бiлiмдi де сырттан сатып алып отырмыз. Балаларды шетелде оқытқан дұрыс, бiрақ отандық ғылым, бiлiмдi дамытуды да ойлау керек қой. Мысалы, соңғы он бес жылда «Болашақ» бағдарламасы бойынша төрт мыңдай ғана бала шетелде оқыпты. Ал ендi осы азғантай маман Қазақстанның қай жағына жетедi? Экономист-ғалым Тоқтар Есiркеповтiң айтуынша, «өзiмiзде бiлiм алатын жастардың 25 пайызына ғана мемлекеттiк грант бөлiнедi, яғни 85 пайызы ақылы бөлiмдерде оқиды». Отандық ғылым-бiлiмдi көтеремiз десек, неге осы көрсеткiш керiсiнше болмайды?.. Рухани саланы дамыту мен бiлiм беру iсiн жетiлдiру, тарихты түгендеу тек қана антологиялық еңбектер, сөздiктер шығарумен немесе мұрағаттық материалдарды қайта жинақтап басумен шектелмесе керек. Өкiнiшке қарай, қанша жерден «бәлен архивтен бәлен дерек табылды» деп алақайлағанымызбен, сол құнды деректердiң басын қосып, зерттеп, зерделеп, тұщымды монографиялық еңбек жазған адамды тағы көрмедiк. Керiсiнше, осы «Мәдени мұраны» желеу етiп, «ана бiр әулиенiң кесенесiн қамқорлыққа алу керек», «мына бiр бабамыз ескерусiз қалып барады» немесе «бәленшенiң сүйегiн атамекенге әкелiп жерлемесек, елдiгiмiзге сын» дегендей «мәселе» көтеру жиiлеп кеттi. Әрине, «өлi риза болмай, тiрi байымайтыны» рас. Дегенмен әсiре намысшылдықтың соңы «қабiр зияраты» культiн жаңғыртуға, дәрiптеуге ұласып кетiп жүрмесе, игi...
Негiзi, «Мәдени мұра» бағдарламасында тарихи ескерткiштермен қатар, халық өнерiн, байырғы мұраларды қорғау мәселелерi де жақсы ескерiлген. Бiрақ белгiлi жырау Алмас Алматов айтпақшы, «сол көне жәдiгерлердi – мыңдаған ән-күйлер мен миллиондаған жол жырларды бүгiнге жеткiзген жеке орындаушылар мен халық арасында жүрген, әлеуметтiк жағынан қорғалмаған жеке орындаушылар жөнiнде «Мәдени мұрада» бiрауыз сөз жоқ. Осы бағдарлама аясында сол адамдардың әлеуметтiк жағдайлары ескерiлiп, өмiрлiк зейнетақы тағайындалса, артықтық етпес едi. Өйткенi бүгiнде халық орындаушыларының алды тоқсанға келсе, арты алпысқа толып отыр…»
Қорыта айтқанда, жоғымызды түгендеуге ұмтылғанымыз – қуанарлық та, құптарлық та жағдай. Ұлттық жады, ұлттық ой-сана тарихты терең бiлу арқылы қалыптасады. Тек соның бәрiне бүгiнгi ғылым-бiлiмдi, мәдениеттi мансұқтау арқылы қол жеткiземiз демесек, болғаны. Яғни елге бүгiн не керек? Бүгiнгi ғылым-бiлiмнiң, руханияттың түйiндi мәселелерi қандай? Қай тұста ұтып, қай тұста ұтылып жатырмыз? Соның бәрiн жылдар өткен соң барып жоқтап жүрмесек, болғаны. Кеше мен бүгiннiң арасы қас-қағым...