Заманауи қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі антологиясы Британия кітапханасында таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
25 қыркүйекте Британия кітапханасында (Лондон, Ұлыбритания) қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасы антологиясының ағылшын тіліндегі нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақ әдебиеті жинағының ағылшын тіліне аудармасы мен басылымын көркем аударма саласындағы тәжірибелі британиялық мамандардың қатысуымен Кэмбридж университетінің баспасы жасап шықты. Антологияларға алғысөзді Британияның академиялық қоғамдастығының жарқын өкілдері жазды. Мысалы, заманауи қазақ прозасының антологиясына Британия кеңесінің бас директоры, сэр Киарен Девейн алғысөз арнаса, қазіргі қазақ поэзиясының жинағына алғысөз авторы – әдебиеттанушы-профессор Джейсон Хардинг. Қазақ прозасы мен поэзиясының Кэмбридж университеті баспасынан жарық көріп, әлемнің ірі кітапханасында таныстырылған ағылшын тіліндегі антологиялары Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия және басқа да ағылшын тілінде сөйлейтін ондаған елдің 8 мыңнан аса кітапханасына, университеттері мен ғылыми орталықтарына жеткізіледі. Таныстырылымға Британия кеңесінің, Кэмбридж университеті баспасы, Британия кітапханасының басшылары, сондай-ақ аудармашылар, әдеби редакторлар, сыншылар мен шолушылар қатысты. Қазақстан тарапынан шараға ҚР Президентінің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, ҚР Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек қатысты. Заманауи қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінің БҰҰ 6 тіліне аудармасы «Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асып отырғаны мәлім. Жоба, өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты саналады. «Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет» жобасының міндеті – қазіргі заманғы Қазақстанның әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы мәдени қазыналарын әлем жұртшылығына таныстыру. «Біздің жобамыз 2017 жылы сәуір айында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асуда. Оның өзегінде заманауи әлемде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның мәдени және интеллектуалдық потенциалымен өлшенеді деген ой жатыр. Бүгінгі тұсаукесер «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының аясындағы жұмыстың жемісі. Ол қазақстандық әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, театр және кино туындыларын әлемге таныстыруға бағытталған. Бүгінгі жобамыз жүйелі түрде жалғасын тауып, мәдениет аралық қарым қатынастардың ұлғаюына негіз болады деген сенімдемін». «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында 60 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары тұңғыш рет бірден әлемнің негізгі алты тіліне аударылып отыр. Жобаны жүзеге асыруға Ұлыбритания, Франция, Испания, Египет, Қытай және Ресейдің жетекші баспа ұйымдары атсалысты. Антологиялар әлемнің 90-нан аса еліне, бес құрлыққа тарайды. Яғни, бұрын-соңды дүниежүзі оқырмандарының қолына түспеген қазақ әдебиетінің үздік үлгілерімен 2,6 млрд адам танысуға мүмкіндік алады. Қазіргі қазақ әдебиеті антологиясы мұндай ауқымда алғаш рет жарық көріп отыр. Жиналған тәжірибеміз мен серіктестеріміздің қолдауына сүйене отырып, біз осынау маңызды мәдени жобаны одан әрі жалғастырамыз. Кэмбридж университетінің баспасы және Британия кеңесіндегі достарымыздың арқасында мамандар басылымдарға жоғары бағасын беріп отыр. Еліміздің, авторларымыздың атынан әріптестерге шынайы алғысымды жеткізгім келеді», – деді таныстырылымда сөз сөйлеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева.
Лондонда қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі антологиясы таныстырылды
Последние статьи автора