Күрестердің ең ұлысы, өзіңмен өзің күресу, өз қателігіңді түзеу.

 Күрестердің ең ұлысы, өзіңмен өзің күресу, өз қателігіңді түзеу.

Сания Ерзатқызы - Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы. "Алтайдың ар жағынан келген ару" театр қойылымдарымен қатар бірнеше фильмдерге түсіп көрермен көзайымына айналды. Өнерім-өмірім деп, сахнаға жан-тәнімен берілген талантты актрисамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Сәлеметсіз бе, Сания апай, сұхбатымызды туған жер, өскен ортаңыздан бастасақ...
– Туған жерім Қытай Халық Республикасы, Шинжаң ұйғыр автономиялы ауданы, Алтай аймағы, Буржун ауданында туылдым.Орта мектепті сол жақтан бітіріп, 2001 жылы Алматыға оқуға келдім.Отбасында төрт ағайындымыз. Мен үйдің үлкенімін. Менен кейін үш сіңілім бар. Біз мұнда тек әкемнің қарындасы, өзімнің туған сіңілім және мен үшеуіміз ғана келдік. Ол жақта анам, ағайын-туыс, бауырларымыз, ата-әжелеріміз қалып қойды. Анам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз. Ал әкемнің мамандығы инженер-техник. Өкінішке орай әкем біраз уақыт бұрын қайтыс болды.
– Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек болса, соның бірі - мамандық, сіз болашақ мамандығыңызды қалай таңдадыңыз?
– Бұл жаққа келген соң бір жыл шет елден келген балаларды қазақ тілінде дайындайтын дайындық курсында оқыдым. Болашақ мамандығымыз туралы сол жердегі ұстаздармен ақылдастық. Қандай мамандықты оқуға болады, қайда тапсырамыз дегендей. Бірақ ешқашан актриса болам деп ойлаған жоқ едім. Себебі Қытайда өзің білесің қазақ театры жоқ.Көркемөнердің басқа салалары жақсы дамығанымен, дәл осы театр өнері кішкене артта қалған. Қытайлардың өздерінің маскамен ойнайтын театрлары бар. Бірақ қазақтардың театры жоқ.Сосын бұл жерге келген соң екі мамандыққа тапсырдым. Әуелі, КазГУ дің шығыстану факультетіне, одан кейінТ. Жүргенов атындағы өнер академиясына би мамандығына тапсыруға бардым. Бірақ ол жерде 4-5 жасынан бастап билеген, баллет өнерінен хабары бар қыз-жігіттерді алады екен. Ал, мен негізі ұлттық, дәстүрлі қазақ, ұйғыр, өзбек билерін билеп жүретінмін. Осылайша тауым шағылып, биші бола алмайтын болдым деп каридорда жылап тұр едім, бір кісі келіп: - Қызым, саған не болды,- деп сұрады.Мен биші болғым келгенін, бірақ оған сен толымды емессің деп қайтарып жібергенін айттым.Жаңағы кісі маған ән айтып, өлең оқи аласың ба деп сұрады. Мен ия деп жауап бердім. Себебі аздап ән салатын, өлең жазатыным да бар еді. Оның жақсы екен, бізде актер деген мамандық бар, неге сол мамандыққа тапсырмайсың деді. Сосын ойланып қалдым, сөйтсем ол кісі кино және театр актеры факультетінің деканы Бекболат Құрманғожаев деген ағайымыз екен. Мен ол кісіні танымаймын да, Алланың қалауы ғой. Сөйтіп Театр және Кино актеры мамандығы бойынша Нұрғанат Жақыпбаев ағамыздың курсына түсіп, 4 жыл сахнаның қыр-сырын үйреніп шықтым. Ал, КазГУ дің шығыстану факультетінде жапон тіліне өттім. Бірақ ол жерде кредитті оқу системасы бойынша тұрақты жылжымайтын мүлкің, отбасың,болу керек екен. Ал, менің отбасым Қытайда қалып қойған.Сосын белгілі бір компанияға келісімшартқа отыру керек, Оқу бітірген соң оларға бірнеше жыл тегін жұмыс жасайсыз дегендей.....Ал, мен Өнер Академиясында грант иегері болып тұрдым.Сонымен бізбен бірге келген әпкеміз /әкемнің қарындасы/ грантқа оқуға түсіп тұрсың ғой неге соны оқымасқа деді, сонымен өнерді таңдап Академияға оқуға түстім.Басында сәл қиналдым, бұл мамандықтың не екенін шынымды айтсам, түсінбедім. Сонымен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрға барып, ондағы қойылымдарды жиі-жиі тамашалай бердім.Солай бірте-бірте театр дегенді түсіне бастадым. Сөйтіп Аллаға шүкір,дипломдық қойылымдарды да өте жақсы деген нәтижемен бітірдім.Әрбір оқу орнында бір көшбасшы курстар болады ғой, сол секілді Өнер академиясында біздің топ 3 курстан бастап көшбасшы курс болды.Бізді сол жылдардан бастап академия Москваға, шет елдерге көп шығарып жүрді. Ол кездегі біздің ректорымыз Тілеуғали Әшірбекұлы Қышқашбаев болатын.Осылайша өнердің біраз дәмін татып қалғаннан кейін неге үлкен академиялық театрда жұмыс жасамасқа деген ой келді.4-курсты бітірген кезде біздің дипломдық жұмыстарымызға осы Ғ.Мүсірепов театрынан барған біраз кісілер комиссия мүшесі болды.Ол кісілер үш баланы таңдап алды. Екі ұл, бір қыз.Сонымен таңдаулы үшеуімізді осы театрға жұмысқа шақырды.Сол 2006 жылдан бері міне, көзді ашып-жұмғанша сегіз жыл өтіп кетіпті.
– Отбасым сол жақта қалып қойған дедіңіз, ол кісілер қандайда бір қиындықтың салдарынан елге келе алмай отырған жоқ па?
– Жоқ, келем деген адамға шыныменде білек сыбанып кіріссе ебін табуға болады деп ойлаймын. Бірақ ол кісілердің қолында кішкентай балалары бар. Солар өссін, кішкене оқысын дейді, одан соң 80 нің ар жақ-бер жағына келіп қалған қарт ата- апаларымыз бар. Ол кісілер сол жерге қатты үйренісіп қалған кісілер. Осында келген соң үйренісе аламыз ба, үйренісе алмаймыз ба деген сияқты үрей де жоқ емес. Дәм тартса туған жердің топырағымен қауыщқанға не жетсін!Бұйыртса бәрі келеді деп ойлаймын.
– Ол жақтағы балалық шағыңыз қалай өтті?
– Мен үйдің үлкенімін ғой, сондықтан да атам мен әжемнің қолында өстім. Сол кісілердің тәрбиесінде көп болдым. Менің атам мен апам сегіз баланы өсіріп-тәрбиелеген, үлкен отбасы. Әлі есімде, атамыз біз кішкентай күнімізде жазу-сызуды, әріп пен әліппені танымай тұрған кезімізде, Абайдың қара сөздерін, Таңжарық Жолдыұлының өлеңдерін бір оқығаннан жатқа айтып құлағымызға сіңдіріп отыратын. Сол кісінің әсері болар деп ойлаймын. Бала күнімнен әдебиетке, көркемөнерге жақын болдым. Мектепте неше түрлі концерттерге қатысып, әнші де болдық, биші де болдық, бір қызығы, ешқашан өнер адамы боламын деп ойлаған жоқпын. Өйткені бала күнімде атам сен кейін бір Заңгер болсаң екен деп айтатын.
– Театр дегенді кейіннен ғана түсіндім деп қалдыңыз ғой, сонда сіздің ойыңызша театр деген не екен?
– Жалпы, театр деген “Хас сұлудың көзіндей мөлдіреген” нәзік, бірақ соншалықты қатал мамандық. Яғни, табысы аз, қиындығы көп, жемісі оңайлықпен қолға түспейді. Театр өнерінен материалдық байлық іздеген адам қателеседі, ол тек рухани байлық береді. Мысалы, бір ұстаз бір сағаттық сабағында отыз балаға, жиырма балаға ненің жақсы, ненің жаман екенін, ненің дұрыс ненің бұрыс екенін айтатын болса театр да екі сағаттық болмаса бір жарым сағаттық қойылымда 500-600 – 700 көрерменді игілікке дәріптейді. Соған қарағанда менің ойымша, театр өнері оның ішінде актер мамандығы адам жанының рухани зерттеушісі.Театр ол бір үлкен тұтас дене секілді, мәселен, оның гримершісі,актеры, кастюмершісі, режиссеры , драматургы, администраторы секілді бірнеше өкілі болады.Бірақ солардың ішінен халыққа көрінетіні тек актерлер.
– Қазіргі қазақ қойылымдарының жетіспейтін тұстары бар ма?
–Қазіргі кезде жалпы театрларда менің бір қарным ашатыны,танымдық қойылымдар өте аз. Мысалы, біздің небір талантты, дарынды, жазушылармыз, тарихшыларымыз, небір батырларымыз бар. Ол кешегі Исатай Махамбет болсын, қара өлеңнің пайғамбары болған Абай сияқты ұлы даналарымыз болсын, немесе Мағжан Жұмабаев М.Мақатаев сияқты ақиық ақындарымыз, Бауыржан Момышұлы секілді батырларымыз болсын.Солардың өнегелі өмірінен сыр шертетін балаларға болсын, жасөспірімдерге болсын, танымдық, қызықты қойылымдар болса екен деймін. Себебі “Ел боламын десең бесігіңді түзе” деп бекер айтылмаған ғой. Биылғы жылы біздің театрымызда Мұқағалидың өмірі мен шығармашылығына арналған “Мен ұмытылмаймын...” атты қойылым болып өтті. Осындай қойылымдардың саны артса екен деймін.Себебі, басқа ұлттарға, басқа халықтарға қарасаңыз өздерінің болмашы ғана көрінген адамдарын сүт бетіндегі қаймақтар деп дәріптеп жатады. Жалпы, драматургтер қауымының “құлағына алтын сырға”.
–Қазіргі жастардың театр өнеріне деген қызығушылығын қай деңгейде деп бағалайсыз?
–Менің ойымша, қазіргі жастар театрға үлкен сүйіспеншілікпен, махаббатпен қарайды. Себебі, ғылым мен техника қаншалықты қарыштап дамыса да, компьютер, интернет кезеңі десекте, соған қарамастан бізге келіп, арнайы осы қойылымды көрсек екен деп келетін көрермендердің жетпіс пайызы жастар. Соған қарағанда жастар театр өнерін бағалайды, жақсы көреді.
–Театр сахнасында қандай қойылымдарды сахналадыңыз...
–Осы театрға жаңадан келе салғанда ең алғаш ойнаған спектакльім режиссер Мұрат Ахмановтың “Желтоқсан желі” қойылымында Ақмаралдың бейнесін сомдадым. Бұл өздеріңізге белгілі кешегі 1986 жылғы қазақтың қасіретін бейнелейтін, сонда құрбан болған боздақтардың рухына арналған қойылым болғандықтан, әрі өзімнің ең алғашқы ролім болғандықтан барымды салып дайындалдым.Ол қойылым биыл сегіз жыл болды, театр сахнасынан әлі түспей келеді. Одан кейінгі қойылымым Жанат Хаджиевтің режиссерлығымен дайындалған Тахауи Ахтановтың “Күшік күйеу” комедиясында Алманың ролін сомдадым.Сосын, Ғ.Мүсіреповтың “Ақан Сері-Ақтоқты” қойылымында Ақтоқтының, “Қозы Көрпеш-Баян Сұлуда” Баянның бейнесін сомдадым. М.Ахмановтың “Келіндер көтерілісінде” кіші келін – Негораның ролін ойнадым.Тағы да басқа көптеген ролдерді сомдадым. Сонымен қатар, балаларға арналған қойылымдарда әртүрлі жан-жануарлардың бейнесіне еніп жатамыз.
–Театрда істеп жүргеніме 8 жылдан астам уақыт болды деп жатырсыз ғой, бұл аз да емес, көп те емес, осы уақыт ішінде театрға не бере алдыңыз, театрдан не ала алдыңыз? Сараптап көріңізші...
–Театрға кереметтей нәрсе бере алдым деп айта алмаймын. Сегіз жылда істеген ісім, теңізге тамған тамшыдай ғана. Ал театрдан не ала алдым дегенге келер болсақ, өзінің ұлттық мәдениетін, ұлттық дәстүрін бағалауды, құндылығын сезінуді терең түсіндім. Әр адам өзінің ұлттық құндылығын терең бағалай білген кезде ғана сол ұлттың әдебиеті мен мәдениетіне қалтқысыз қызмет ете алатындығын білдім. Сондай-ақ, өнер майданы болсын, өмір майданы болсын адам өзінің рухани тазалығын жоғалтпауы керек. Себебі адам болып өмірге келу бір басқа, адам болып өмір сүру бір басқа. Менің ойымша, күрестердің ең ұлысы, өзіңмен өзің күресу, өз қателігіңді түзеу. Бірақ ол оңай дүние емес.
Театр мені сол күреске шыңдады.
–Сол Театрда өзіңізге кімдерді үлгі тұтасыз?
– Ең әуелі Лидия Кәденқызы апайымызды аса құрметтеймін. Ол кісімен сахнада бірнеше қойылымдарда бірге болдым. Өмірде өте ашық-жарқын, әділетсіздікке төзбейді, жаны таза адам. Сосын, Сағызбай Қарабалин, Сағат Жылгелдиев секілді ағаларымның өнерін ерекше бағалаймын. Ал, режиссер ағаларымыздан Мұрат Ахманов, Жанат Хаджиев ағаларымыздың қойылымдары жаныма ерекше жақын. Жалпы, бұл кісілер менің академиядан кейінгі - театрдағы ұстаздарым...
–Театр қойылымдарынан бөлек, бірнеше киноға да түскен екенсіз...
– 2008 жылы “Алыстан келген хат” деген кинода эпизодқа түстім. Содан кейін, кішігірім эпизодтарға, роликтерге, жарнамаларға түсіп жүрдім. Сосын былтырғы жылы Күләш Байсейітова апамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған 5 сериялы “Күләш” деген фильм түсірілген болатын. Сол жерде, қазақтың ең алғашқы биші қызы болып тарихта қалған Шара Жиенқұлова апамыздың ролін сомдадым.Бір ай Орал қаласында болып, түсіріп келдік. Ол “Хабар” телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген болатын. Қазір халыққа біраз телеарналар арқылы таратылды. Одан кейін, қазіргі уақытта “Қазақстан” телеарнасының тапсырысымен дайындалған “Қара шаңырақ” деп аталатын жүз сериалы киноға түсіп жатырмын. Бұл телехикаяның айтар ойы, мақсаты – біздің үлкен отбасыларымыздың ұлттық құндылықтарымыздан алшақтап бара жатқандығына деген бір өкініштен туған ой. Қазіргі таңда, біздің елді корей, түрік, үнді фильмдері басып алды да, солардың салт-санасы, жат тәрбиесі сіңісті болып бара жатыр. Керек десеңіз сол ұлттардың дініне дейін бізге уағыздап жатыр. Сондай кереғар дүниеге өзімізше қарсылық білдіріп, біздің халықтың мәдениеті, салт-санасы ешбір елден кем еместігін көрсету. Бұл жерде бірнеше жас жігіттер екі-үш топқа бөлініп жұмыс жасап жатыр. Атқарушы продюсері Ақан Сатаев. Сол кинода медбике қыздың бейнесін сомдаймын.Алла бұйыртса алдағы күзде көрерменге жол тартады. Одан кейін өткен жылы Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясының тапсырысымен “Арал” деген кино түсірілген. Ол кинода Хадиша деген келіншектің ролін ойнадым. Ол кинода алдағы уақытта көрерменменге жол тартады. Осылайша кино саласында да аздап жұмыстар атқарып жатырмын.
– Әңгімемізді жеке өміріңізге бұрсақ...
– Театрға келіп жұмыс жасағаннан кейін екі жылдан соң Академияны өзімізден бір курс жоғары оқып, бітіріп келген Бейбіт Камаранов деген актер болды.Біз Академияға түсіп сол жақта оқығаннан бастап бір-бірімізді танып білдік. Сонымен Алла бұйыртып, 2008 жылдың көктемінде отбасын құрдық.Аллаға шүкір қазір бір ұл, бір қызымыз бар. Екеумізде бір сахнада ойнаймыз, кейде бір-бірімізге қарама-қарсы рольдер болып қалады, кейде ол бір актрисамен махаббатты ойнауына тура келеді, немесе керісінше мен бір актермен махаббаты ойнап жатамыз. Қызғаныш болады. Бірақ бұл – Өнер! Сондықтан қызғанышты ақылға жеңдіріп жатамыз.
Ал, балаларым болса, ұлым бұйыртса беске келеді, қазақ балалар бақшасына барады, қызым екіде. Әлі кішкентай болған соң шығар, өнерге аса жақындығын байқамаппын. Негізінен ғылым мен техникаға жақын болғанын қалаймын. Себебі, басқа дамыған елдерге қарағанда біздің қазекем әлі ән салып, той тойлаумен жүр. Сондықтан балаларымның ғылыммен, болмаса спортпен айналысқандарын қалаймын. Егер таланты тас жарып бара жатса, өнерге келуіне де қарсылық білдірмес едім. Бірақ болашақта кім болатындарын алдағы өмір көрсетер.
– “Алаш айнасы” оқырмандарына тілегіңізді білдірсеңіз...
“Алаш айнасы” өзінің атына сай бар қазақ осы басылым арқылы өзін танысын. “Алаш айнасы” арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, халыққа қалтқысыз қызмет ете беріңіздер! Сіздерден бағыт-бағдар алар оқырмандарыңыз көбейсін!
–Сұхбатыңызға үлкен рахмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста