«Күн сақшылары» екі арнаны жалғастырады
Дәл сіз отырған үйдің не жеке мейрамхананың астынан қазына шығады десе, сенер ме едіңіз? Жоқ. Ал егер сол үйіңіз не мейрамханаңызды сат деп біреу күн сайын есігіңізді қаға берсе, тіпті қағу былай тұрсын, сыртыңыздан сізге қастандық ойластырып жүрсе ше? Онда еріксіз сескенуге тура келеді. Әсіресе «Ел арнаның» жаңадан көрсеткелі жатқан сериалын тамашалағаннан кейін.
Оқиғаны баяндап бермей-ақ, қысқаша айтсақ: балгер әйел, жігерсіз жігіт, өткен және келешек оқиғалар жайлы болжам, әке өсиеті... Немесе үйінен қашып бара жатқан қыз, оқуға түсерде «шпаргалкамен» комиссияға ұсталып, шарасыздан қашып бара жатқан жігітке тап болады. Тағдыр жігітті қыздың көлігіне аспаннан топ етіп түсірген еді. Міне, басталуы осындай фильмнің ары қарайғы оқиғасы неге ұласуы мүмкін? Шым-шытырық оқиға болары сөзсіз. Себебі...
Біріншіден, фильмнің түсіру тобы бұған дейін киногерлер тарапынан жақсы бағасын алып үлгерген мамандардан тұрады. Продюсері – «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ахат Ыбраев. Ол киносүйер қауымға «Аңыздар кітабы. Құпиялы орман» фильмі арқылы жақсы таныс. Сценарий авторлары – Валерия Плотникова мен Рустам Ниязов. Ал режиссер ретінде шақырылған әйгілі Ли Страсберг театр және кино институтының (Нью-Йорк) түлегі Санжар Сұлтановтың бұл Қазақстандағы алғашқы жұмысы болмақ. Канадада тұратын қандасымыз осыдан үш жыл бұрын Джек Лондон романының желісі бойынша «Уақыт күтпейді» атты фильм түсірген. Сериалға, негізінен, көпшілікке танылып үлгерген Нұржан Тұтов, Аружан Жазылбекова, Артур Төлепов, Шәріп Серік, Жанат Тынбаев, Рүстем Жанаманов, Жұлдыз Маханова сынды жас актерлер түскен.
Қазан айынан бастап арнадан жарқ ете түсетін жаңа телехикаяның мазмұны жайлы қысқаша продюсері Ахат Ыбыраев былай деді:
– Сериалдың мағынасы «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан» деген жолдарға келеді. Бізде бұл ой кафенің астында қазына жасырылған деген метафорадан көрініс тапқан. Яғни әр адам қазынаны шеттен емес, өз ішінен іздеу керек, өзіңнен қашудың қажеті жоқ дегенді айтқымыз келеді.
Форматы жағынан, операторлық жұмыс, музыкамен көркемдеу және режиссердің оқиғалар желісін бір-бірімен тоғыстыруы тұрғысынан бұрынғыға еш ұқсамайтын жаңа леп бар.
Серік Абас-шах, «Ел арна» телеарнасының директоры:
– Бұл сериал қазақстандық жастарға және отбасылық аудиторияға қызық болады деп сенеміз. «Күн сақшыларында» адамдар арасындағы қарым-қатынас мәселелері мен махаббат тақырыбы көтеріледі. Ерекшелігі – қанық бояулары мен пәлсапалық құрамы. Біз алдына мақсат қою мен адал, еңбекқор болудың маңыздылығын баса айтқымыз келеді. «Күн сақшылары» «Ел арнадағы» сериалдар легін жалғастырады, және бұл – көрермендерге дайындаған сыйлығымыздың соңғысы емес.
Әлі арнаға шықпай тұрып, яғни қыркүйектің 20-сынан бастап күні ғаламтор желісінде жарияланған телехикаяның ресми трейлерінің өзі 65 мыңнан астам көрсетілім жинап үлгерді. Естеріңізге сала кетейік, «Күн сақшылары» телехикаясы «Ел арна» телеарнасынан қазанның бірінен бастап, кешкі сағат 22.10-да көрсетіле бастады.