Белгілі ақын Абдрахман Асылбек ұлы мысалшының туғанына 240 жылдығына орай үстіміздегі жылы оның мысалдарын толық көлемде аударып, Астанадағы «Аударма» баспасынан жеке кітап етіп бастыртып шығарды. Кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша жарық көріп отыр.
Әдебиетте мысал жанры дегенде, қай елде болмасын, ең алдымен ауызға алатынымыз – Иван Андреевич Крылов. Өйткені Крыловтың мысалдары дүниежүзілік мысалдық поэзияның шыңы болып есептеледі. Орыс сатирасының ірі өкілі Николай Гогольдің бағалауынша: «Крыловтың мысалдары халықтың даналық кітабы болып саналады». ХҮIII – ХIХ ғасырдағы орыс әдебиетінің озық үлгілерін бойына сіңірген терең талант қана осындай даналық кітабын тудыра алар еді.
Крылов 1769 жылдың 2 ақпанында Мәскеу қаласында офицер жанұясында дүниеге келген. Оның мысалдары жеке кітап болып ең алғаш қырық жасында 1809 жылы жарық көрді. Содан бастап оның атағы асқан мысалшы ретінде көкке көтерілді. Ал 1825 жылы 59 ақын біріге отырып, оның мысалдарын француз және италия тілдеріне аударды. Ал 1898 – 1900 жылдары қазақта Абай 12 мысалын аударса, 1910 жылы Спандияр Көбеев 37 мысалын «Үлгілі тәржіма» деген атпен жеке кітапша етіп бастырып шығарды. Бұдан кейін Крылов мысалдарын жекелеген аудармашылар аудармаларын құрастырып шығарушылар болды. Дегенмен осы күнге дейін Крылов мысалдары қазақ тілінде толық та дәлме-дәл аударылып басылған емес. Рас, Абай аудармалары еркін аударылғанның өзінде аударманың классикалық үлгісі болып қала бермек. Ал Көбеев аудармаларында түпнұсқаның не формасы, не ырғағы, не ұйқасы, не тармағы сақталмаған. Кейде мазмұнының өзіне аудармашы өз ой-пікірлерін қосып жіберген. Десек те, бұл еркін аударма болып саналады.
Расында, Крылов мысалдары тілі, стилі, формасы, ұйқасы, ырғақ-бунақтары жағынан өте күрделі. Дегенмен Крылов мысалдарын әрі классикалық формасымен де, терең идеялық мазмұнымен де қазақ оқырмандарына аударып, толық түрде ұсынатын кез жеткен секілді. Осы ретте ұсынылып отырған бұл аударма ақын мысалдарының түпнұқасын, формасын, ұйқасын, бунақ-тармағы мен ырғағын барынша сақтауға тырысқан бірден-бір толық түрі болып саналады. Әрине, мұның бәрі аудармашыға көп күшке түскені әрі көркемдік сапасына да әсерін тигізбей қоймағаны анық. Аудармашы-автордың мақсаты бүгінгі қоғамда да маңызын жоя қоймаған Крыловтың мысалдарын қазақ оқырманына түсінікті етіп жеткізу, қалғаны оқырман мен әдебиет сыншыларының еншісінде.