Кеше Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық конверваториясының ұстазы, Сыр бойы Қармақшы өңірінде қалыптасқан Жиенбай жырау мектебінің белгілі жалғастырушысы, көмейі бүлкілдеген жыршы Ұлжан Байбосынованың «Сыр сазы», «Көрұғлы» атты тұңғыш жыр таспаларының тұсауы кесілді.
Ұлжанның бұған дейін екі дискісі шетелдерде шыққан. Бірі Америкада жарық көрген «Азия халықтарындағы әйел жыраулар» атты CD бейне таспасымен қоса шықса, екіншісі – Германияда неміс композиторы Родер Ропермен бірігіп шығарған жыр жинағы. Бірақ бұл таспалар АҚШ-пен Еуропа елдерінен өзге шетке шығуға рұқсат етілмеген. Сыр бойындағы Жиенбай жырау мектебінің өкілі Бидас Рүстембекұлынан қаршадайынан тәлім алған Ұлжан Байбосынова диск шығарудың кандидаттық диссертацияны қайта жазудан да қиын, жүгі ауыр мәселе екендігін айтып өтті.
Ұлжан БАЙБОСЫНОВА, жыршы, филология ғылымының кандидаты:
– Ән-жырды халық алдында айтуың бір бөлек. Ертеңгі күні елге қалатын мұра – үнтаспа. Мойнымнан ауыр жүк түскендей. Бірінші дискіде – Сыр бойындағы Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет сынды шайырлардың терме-толғаулары. Екінші дискіде – толығымен «Көрұғлы» жыры. «Көрұғлы» – Сыр бойында Жиенбай жыраудың нұсқасы бойынша бұрыннан жырланып жүрген жыр. Рүстембек жырау, Бидас жыраулар жырлады. Ұстазым Бидас ағаның аузынан мақамын да, сазын да, сөзін де бәз қалпында үйрендім. 2006 жылы «Сыр бойы ақын-жыраулары шығармашылығындағы ислам тақырыбы» деген кандидаттық жұмысымды қорғадым. Шығыстық, діни тақырып Сыр бойында өткен ақын-жыраулардың барлығына ортақ. Мысал, хикая, дастан тектес шығармалар кеңінен таралған. Кеңес дәуірінде жасырылды. Халыққа таралмай қалды. Оны зерттеп, жарыққа шығаруды да өзіме міндет санадым. Мысалға, шайыр бір ғана Тұрмағамбет Ізтілеуұлының өзі – Мирараб, Көкілташ медреселерін бітірген үлкен ғұлама. Қаншама шығармалары шықпай қалып, көп сөздері бұрмаланған. Кейінгі шыққан төрт томдығында ғана шығармалары түгелдей берілген. Ғылыми тұрғыда мұсылманшылық көзқараста, терең іліми ой-толғамдарын жеткізген Сыр бойының өзге де жырауларының насихат жырлары ұрпақ үшін тәрбиелік мұра болып қала бермек.
«Қазақта таңды таңға ұрып жыр жырлау» деген ұғым бар. Жыршылардың айтуынша, бір жырды тез жылдамдықпен судыратып, бір сағатқа да сыйғызуға болады. Дәл сол жыр-дастанды майын тамызып, бабын келтіріп, ортасында тарихынан сыр шерте отырып, үш күн, үш түн де жырлауға болады. Мұның өзі жыршының шеберлігі мен жыр мазмұнын терең игергендігін білдірсе керек. Кеш барысында Сыр бойының термелерін ағытқан Ұлжан өнерге шөліркеген тыңдарманын «Көрұғлы» жырының үзіндісімен де сусындатты.
«Көрұғлыны» құйқылжытқан Ұлжан жыршы
Последние статьи автора