«Көп білетіндігімнен көп зиян шектім...»
Ол жастайынан ерекше қағылез бала боп өскен. Қатарластары ойға-қырға шапқылап, қызық қуып жүргенде, бұл өз бетінше ізденіп, кітап оқып, өнер-білімге аса құштар болды. Ол ойын баласы болып көрмесе де, отбасындағы тұрмыстық қиындықтарға қарамастан еңсесін төмендетпей, жігерін жасытпады. Оның бойында кеңістікке ұмтылған бір бұла күш бар сияқты. Сөз саптасы да ересек адамдардікіндей, жүріс-тұрысы да бозбалаға тән емес, сырбаз да салмақты.
Дөңгеленген дүниеге үлкендерше қарайтын осы бір зерек те зейінді бала өз ортасынан тиісті орнын таба алмады. Мектепте оқып жүргенде-ақ озаттардың алды болып, басқа да қоғамдық мәселелерде белсенділік танытып жүрді. Мектеп қабырғасындағы, ауылдағы түрлі жиындар мен кездесулерде міндетті түрде өз ойын бүркемелемей, қашанда шындықтың бетін ашып айтуға дайын тұратын. Бірақ жеткіншектің аузымен айтылған ақиқат ешкімге керек емес еді. Сыныптастары оның ойларымен қанаттас бола алмады, балаға бала деп қарайтын ұстаздар қауымы мен алақандай ауылдың үлкендері де оны түсінуге аса ықылас-пейіл таныта қоймаған сыңайлы. Осылайша, қауашағында мезгілімен толық бүр жара алмаған ерекше қабілет тұншығып жатты. Күн өткен сайын өз ортасынан еріксіз оқшауланып бара жатқанын сезген ол оқуын аяқтамай, мектептен шығуға мәжбүр болады. Оның білімпаздығын саралап қарасаң, үлгерімі нашар оқушы ретінде мектептен шығарылатын балаға мүлде ұқсамайды. «Ерді кебенек ішінде таны» деген даналыққа иек артпай, бұлақтың көзін аша алмаған ұстаздар талапты жасқа обал жасаған-ақ екен. Осылайша, туған ауылында жүріп, басын тауға да тасқа да ұрған ол Талдықорғанға, сосын Алматыға тартып кетеді. Кішкентай ауылға сыймаған ол миллиондар мекендеген алып қаладан да «алтын бұрыш» таба алмай сабылып жүр. Біз сөз етіп отырған жас дарын – 1991 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданы, Қарлығаш ауылында дүниеге келген Ербол есімді азамат.
Біздің редакцияға келіп, өзінің көкейінде жүрген көп ойларын ортаға салған Ербол Алаш азаматтарынан рухани қолдау-көмек күтетіндігін айтқан. Әңгіме барысында байқағанымыздай, ол, шынында да, көп білетін болып шықты. Өзінің айтуынша, көп білетіндігінен көп зиян шеккен екен. «Бір бала атаға жете туады, бір бала атадан өте туады, бір бала кейін қарай кете туады» дейді қазақ. Осының «өте туғанына» жататын Ерболды білетіндер оны, орысшалап айтқанда, «вундеркинд» деп те атайды. Қабілеті қарымды, әдебиет пен тарихқа, жалпы ғылымға деген талпынысы зор жастың ендігі арманы – еліміздегі жоғарғы оқу орындарының бірінде білімін шыңдау. Алайда тоғызыншы сыныпты бітірген кездегі аттестатындағы бағалар кілең үштіктен тұратындықтан, ұстаздарының берген мінездемелерінің терістігінен, сонымен қатар мектептегі оқуын аяқтамағандықтан, үлкен университеттер мен институттарда білім алуға жол табу қиын-ақ. Оның үстіне, ақылы білім алуға Ерболдың жағдайы да келмейді. Көмек сұрап Қазақстан Журналистер одағына, Жазушылар одағына барыпты. Облыстық, республикалық басылымдарда өз ауылының проблемаларын көтерген бірнеше мақала жариялаған жас өрен қазақтың ірі қайраткер тұлғасы Мұхамеджан Тынышбаев пен қабырғалы қаламгер Әнуар Әлімжанов туралы зерттеу еңбектер жазу үстінде екен. Алаш қайраткерлеріне қатысты деректерді де ұқыпты жинастырып жүр екен. Қолында Президент архивіне кіруге арнайы рұқсат қағазы да бар. «Енді сол еңбектерінің бір парасын кітап етіп бастырсам» дейді. Алайда бәрі тағы қаражат мәселесіне тірелетіні белгілі. Былтыр мектептен шеттетілген тұста ол Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтен көмек сұрап, кеңсесіне және әкімнің ғаламтордағы жеке сайтына да арыз-хат түсірген екен. «Мен нағашы апамның қолында өстім. Ол қазір Қарлығаш ауылындағы екі бөлмелі үйде жалғыз өзі өмір сүруде. Өзінің денсаулығы да нашар, ал туған шешем Қазақстан ауылында бір үйде жалданып жұмыс жасайды. Артымнан ерген бір інім бар. Осылай қатты қиналып жүрген жайым бар. Серік Әбікенұлы! Қазақта «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» дейтін дана сөз бар. Менің арманым – жазушы-журналист болу, сөйтіп, өз елімнің дамуына, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылу жолында теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесімді қосу. Сізден өтініп сұрарым: менің оқуымды жалғастырып, жоғары оқу орнына түсуге ықпал етіңіз. Мен халқым үшін қызмет етуге әрқашан дайынмын!» – деген сыңайдағы жанайқайға нақты көмектің орнына, жаттанды ресми жауап қана алған. Одан бері бір жыл өтті. Ерболдың сыныптастары биыл мектеп бітірді. Бұйыртса, біразы студент атанады. Ал үйірінен адасып қалған жас тұлпар ауыздығымен алысып, ешқандай санатқа қосыла алмай аласұруда. Мағжанның өзі сенім артқан мұндай жастарға ұстаздық еткен жандардың сенбеуі өмір арнасының басқа жаққа бұрылып кетуіне әкеп соқты. Дегенмен ер мінезді Ербол әлдекімдердей бұзақы балалардың қатарын толықтырмады, қабілетін танып-біле алмаған ұстаздарына да өкпелемеді. Ол әңгіме соңында: «Мен бәрібір өзімді дәлелдеймін. Өйткені мен – Алаш азаматымын ғой!» – деп сөзін түйіндеді.
Айтайын дегенім...
Ербол Ақшолақов:
– Менің атам Мұхаммедкәрім Ақшолақов «халық жауы» атанып, кейін ақталған. Мен өскен Қарлығаш ауылындағы мектепті сол атам өз қолымен салған. Бұл мектепте қазақтың атақты жазушысы Әнуар Әлімжанов оқыған. Бүгінде құлаудың аз-ақ алдында тұрған осы мектептің жағдайын айтып, республикалық басылымдарға шағын мақала жариялаттым. Содан ауыл, ауданнан асып бұл мәселе облыстағы басшыларға жетіп, біраз шу болды. Онсыз да менен зәрезап болған ұстаздарым мен ауданның атқамінерлері мені әбден ұрсып, масқараламақ болды. Бұған күйіп кеткен мен бір уыс дәріні жұтып алып, ауруханадан бір-ақ шықтым. Осы жағдайдан кейін ұстаздарым мені жүйке ауруларын тексеретін дәрігерлерге әбден тексертті. Олардың не дегенін білмеймін, әйтеуір бүкіл ауыл мені «арызқой, жынды» деп атап кетті. Өйткені ауылдағы келеңсіз жағдайлар жайлы, мектеп мұғалімдерінің жемқорлығы туралы мен үнемі айтып, жазып жүретінмін. Себебі ауылға бөлінген ақшаны жымқырғандарды, көрінген нәрсеге ақша жинатуды дәстүрге айналдырған директорлардың қылықтарына төзе алмадым. Бірақ олардың қылмыстарын елге жария етемін деп, ақырында өзім күйіп кеттім. Бүгінде менің аз-маз жетістіктерімді сырттай біліп жүретін ұстаздарым «Бұл – біздің шәкіртіміз» деп мақтанатын көрінеді. Ал мен мектептен шығып жатқанда, біреуі шын жанашыр болып араша түспеп еді... Қазіргі қатарластарыма айтарым – қандай да бір әділетсіздік пен ұрлықты көріп қалсаңдар, әшкерелеуге асықпаңдар, көрмегенсіп, білмегенсіп жүре беріңдер. Бұл қоғамда шындыққа орын жоқ. Ал, жалпы, бүгінгі жастарда ұлттық тұрғыда терең ойлау жоқ. Бәрінің көкейінде «қайтсем байимын» деген пенделік принцип қана.