Көне мұраларды көзден таса қылмайық

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Жер шарындағы көне мәдениеттің көрінісі – ескі ескерткіштер бүгінгі күні адамзат баласының ерекше қызығушылығын туғызады. Ежелгі кезеңнің өзінде жұмыр басты пенделер сәулетті ғимараттар тұр­ғызып, заманына сай заңғар құндылықпен жұрттың назарын аудар­тып әлек. Бір қызығы, солардың көбіне қазіргі уақытта дүниенің түкпір-түкпіріндегі тамам ел таңданыс білдіреді. Осындай дүниелер ұлан-байтақ қазақ даласының қай қиырында да алдыңыздан шығады. Өкінішке қарай, біз сол мәдени құндылықтарды өзге жұртқа жарна­ма­лап көрсетуге келгенде кежегеміз кейін тартып, көненің көзіне ай­нал­ған ескерткішке алыс-жақындағы елдің назарын аударта алмай келеміз.
Жаратқан иеміз қазақтың дарқан пейі­ліне ат тұяғы сүрініп, құс қанаты талатын ұлан-байтақ даланы тарту еткен екен. Әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орыннан тұрақ тапқан біздің өлкемізде төрт­кіл дүниенің арғы-бергі түкпіріндегі жұрт­тың қызыға да қызғана қарайтын тарихи талай құндылықтың бар екенін бәріміз де білеміз. Десе де, сол дүниелерге өзге жұрттың назарын қалай аудару қажет екенін әлі де толық таразыға тарта алмай келе жатқанымыз өкінішті-ақ. Өкініштісі, «сол мәдени байлығымызды өзге түгіл, өзіміз толық тани алдық па» деген заңды сұрақ өздігінен көлденеңдей түседі. Өйт­кені құтты қонысымыз – ауылдың ірге­сін­дегі көне ескерткіштер жайында сол жер­дің тұрғындарының өзі мардымды жауап беруге шамасы келе бермейді.
Қазіргі таңда көптеген көне шаһар көзден таса болып барады. Кейбірі тіпті жер бетінен мүлдем жоғалып кетуі де ғажап емес. Жайықтың жағасындағы Сарай­шықты су шайып, ескі мұралар көз­ден жоғалуға шақ қалды. Сондай-ақ Қаратаудың Қызылорда облысы Шиелі ауданы тұсындағы Бестам қаласының жағдайы тіпті алаңдатарлық. Өйткені бұл қоныстың іргесінен кезінде каналдар қазылып, қаншама тарихи жәдігерге зиян келтірілді. Одан өзге де проблемалар жоқ емес. Атап айтқанда, бүгінде Жібек жолы­ның бойында орын тепкен талай ескі қаланың ескерілмей тұрған жайы бар. Мәселен, Сыр өңірінің Жаңақорған ауданы аумағындағы Ордакент, Келінтөбе, Мей­рам­қала (Құмиян), Аққорған шаһарлары осыдан 40-50 жыл бұрын зерттелген. Түрлі деректерде олар туралы қысқаша ақпарат болғанымен, түбегейлі зерттеу әлі де қолға алынбай келе жатқаны алаңдатады. Архео­лог ғалымдар осы ауданның аума­ғын­дағы Сортөбе аталып кеткен көне шаһарға ешқандай назар аударылмағанын айтады. Соның салдарынан бұл қаланың орнын қазір әрең тауып алуға тура келеді.
Тым әріге бармай-ақ қоялық, бергі кезеңдегі тарихи дүниелер де баршылық. Өткен мыңжылдықтың ортан беліндегі талай құндылық елдің көзінен таса болып жатқаны қашан ойлантады бізді? Айталық, ұлтымыз ұлық тұтып, ұғымда қасиетті төр саналған Ұлытау өңірін қаншалықты баға­лай алдық? Көне таудың баурайында жат­қан талай дүниені өзге түгіл, өзіміз қандай деңгейде таныдық? Шығыс пен батыс аймақтарда да ешкімнің алдында еңсе­міз­ді түсірмей, мақтана көрсете алатын тарихи құндылықтар толып жатқан жоқ па? Теріскей мен түстікте де осындай баға­лы байлығымыз толып тұр. Осындайда біз қашан өркениетті елдердегі секілді мәдени дүниенің бағасын біліп, оларды елдің арасында насихаттаймыз деген түйінді тақырып шыға келеді алдымыздан.
Тарихшылар қазақ халқының тек көш­пелі тіршілікте өмір сүрмегенін айтып келеді. Басқалар секілді отырықшылыққа бейімделіп, жер жыртып, егін егіп, төрт түлікті де түлете білген. Оған басты дәлел ретінде иен байтақ даламыздың кез келген қиырында кездесетін ескі шаһарларды айтуға толық негіз бар? Бәлкім, олар кезін­де қала деп аталмаған да шығар. Қыстақ болсын, ауыл болсын, ата-бабаларымыз қай ғасырда да өркениеттің көшіне ілесіп, өзгелермен тепе-тең деңгейде тіршілік қазанын қайнатқан. Сәулеттік өнерді де шебер меңгерген. Өйткені кез келген көне қаланың орнында мұнаралы мешіттер, зәулім-зәулім қоныстар көзге бірден түседі. Сондай-ақ қазақтың қолөнер бұйым­дары ешкімнен де кем түспегенін айту – біздің парызымыз. Осылай деге­ні­міз­бен, сол қасиетті мекендерге зерделі зерт­теу жүргізуге келгенде қолымыз жүрмей қалатыны тағы да рас. «Қазақ дала­сында қанша қала болған» деген сауал алдымыздан шыққанда да ойланып қаламыз. Өйткені бізде көне мұраларды таразылап, келелі пікір айтатын ғалымдар жетісе қоймайды. Атап айтқанда, архео­логия ғылымында мамандар аздығы байқалады. Олардың дені – ұзақ жылдан бері тер төгіп жүрген жасы үлкен азаматтар. Расында, біз әлі күнге дейін төл тари­хымызды түгендей алған жоқпыз. Ол үшін қаншама еңбек жасалуы керек екені бесенеден белгілі.
Мадияр ЕЛЕУОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
– Елімізде бұл орайда «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған. Сол себепті аталмыш жұмыстарды жүйе­лі жүргізуге зер салғанымыз орын­ды болар еді. Әрине, осы бағытта бірша­ма жұмыстар атқарылғанымен, әлі де қолға алатын жұмыстар бар­шылық. Атап айтқанда, Сыр бойының өзінде талай мәдени мұра мен дүние­лер жетіп-артылады.

Кейбір ғалымдар Сыр бойында «Мың­нан астам көне қаланың орны бар» дегенді көлденең тартады. Бәлкім, олардың саны оған жетіп жығылмауы да мүмкін. Десе де, соның бестен бір бөлігі болғанның өзінде біз оларды жатқа айта аламыз ба? Еске сақтап жүргеніміз саусақ санынан аспайды. Қалғанына кейбір жылдарда зерттеу жасал­ғанымен, көбі жер бетінен жоғалып кеткен де болуы мүмкін. Мәселен, 2000 жылдары Арал теңізі табанынан табылған Кердері шаһары туралы бұрын-соңды білген де жоқпыз ғой. Осындай қала­лар­дың саны қаншама?
Берік ЖҮСІПОВ, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
– Кейде аудандарға барғанда кей­бір жауапты азаматтардың жергі­лікті жердегі мәдени құндылықтардан хабарсыздығы байқалып қалады. Әрине, ол дұрыс емес. Төл тари­хы­мыз­ды білу әрбір азаматтың міндеті болса керек-ті.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста