Компьютербастылық абырой ма, әлде қатер ме?
Бірнеше жыл бұрын Мұхтар Шахановтың «Компьютербасты жарты адамдар» өлеңінің елді елең еткізгенін білеміз. Өлеңдегі ақсақалдан «неше балаңыз бар?» деп сұрағанда, ғылым қуған үш ұлын «бір жарым» деп айтуынан кереғар пікір туды. Бүтін бір бала санайтын ұлы өлеңде ұлтының техника саласына еңбек сіңіріп жүр, ал екеуі шетел асып, білім қуғандықтан, әкесіне жақпады. Ақынның «мониторкөз», «компьютербас» дегені, қазіргі қазақшаға шорқақ, шет тіліне жүйрік, ғылым мен техниканы игерген білімді жас болар. Міне – қайшылық. Техникаға еңбек еткен адам мен ақпараттық технологияны игерген адам – екеуі де нақты ғылым саласы емес пе? Мәселе – ғылымның тілінде емес, адамның білімінде. Ел дамуына ауадай қажеті де – техникаға жетік адам. Ел дамуының кілті де – сонда. Ендеше, дәл қазір біздің компьютербастыларға мұқтаж болып тұрғанымыз – шындық.
Интернет бізде – қиын, Қытайда – тиын
Мәдениет, әдебиет саласы адамдарын айтпағанда, ел ағасы жасындағы ғалымдардың өзі компьютерден бейхабар. Адамның бүкіл жұмысын жеңілдетіп отырған әрі ғылыми жаңалықтары мен жобаларын жүзеге асыруға көмек беретін құралға жай ғана темір не ойнауға арналған ермек көзі деп қарау әлі де бар. Компьютерге «көмекші бас» ретінде қарамайынша, әлемнің жетекші елдерінің қатарына қосыла алмаймыз. 50 дамыған елдің қатарына ілігуді діттеген ел әлемдік өркениет ағымына әуелі білімі, өндіріске енгізген жаңалығы арқылы ғана ілесе алмақ.
Ғалымқайыр МҰТАНОВ, техника ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:
– Барлық тірлігімізді сапалы деңгейге көтерген – ақпараттық технология. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Информатика және басқару» кафедрасын ашып, Nokia-ға мамандар, ғылыми жобалар дайындайтын Финляндияның Йоенсуу университетімен (Joensuun yliopisto) бірлесіп маман дайындау мәселесін шештік. Студенттер қалған екі жылын Финляндияда оқыды. Соны бітірген талантты балалар қазір Nokia және басқа компанияларға шақыртылып, әлемдік деңгейде жақсы қызмет атқарып жүр. Қазақстандағы ақпараттық технологияға келсек, Қазақтелеком, Beeline, Kcell сынды үлкен монополиялар бізге мүмкіндік бермей отыр. Шетелде жақсы технология шықса, дамиды. Олар жаңа технологияларды жібермей ұстап, содан пайда тауып отыр. Бізде тариф тым жоғары. Шетелде, Еуропаның бірде-бір елінде мұнша қымбат емес. Қытайда тіпті тиын. Біз 3G-ға әлі көше алмай жатырмыз. Елбасы айтқандай, 4G-ға көшу қажет. Оған көшсек, жаңа деңгей қалыптасады. Сол кезде ауыл балалары, шалғайдағы адамдар ақпараттық кеңістікке өзінің ұялы телефонымен шығу мүмкіншілігін алады. Қазіргі ұялы телефондардың компьютерге жақындап келе жатқанын білесіз. Мектептерге болашақта планшет қою арқылы, ешкімнің рұқсатынсыз, тікелей орта қалыптастыруымыз керек. Мүмкіндік – сол ортаға кіретін жүйеде. 4G-ға көшіп, тарифтерді түсіретін болсақ, ақпараттық технология мәселесі шешіледі.
Бізді құртқан «көк шолақ» – интернетті пайдалана алмаушылық
Қазақ қоғамында әлі күнге дейін ескі ойлаумен аяңдаушылар көп. Ғылым жетістігін өндіріске енгізуді қарыштап дамудың көзі деп білмейді. Білгендер өз әлінше қисынын тауып жатқан жайы бар. Ақпарат игілігін жаппай мемлекет болып қолдамайынша, 50 дамыған елдің қатарына қосылуымыздың ауылы әлі алыс. Бұрынғы данышпандарымыз ақпараттық технология жетістігінің келетінін, жеміс беретінін сезгендей. Ыбырай Алтынсариннің ХІХ ғасырда айтқан «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды» дегені интернет емей немене? Әлемнің озық елдерін шарлап, шет тілдерінде сайрап, дәріс беріп жүрген нағыз заманауи қазақтың бірі Асқар Жұмаділдаев интернеттің пайдасын көру не зиянын шегуі адамның ақылы мен біліміне қатыстылығын айтып еді: «Пышақ хирургтің қолында болса, адамның соқыршегін кеседі, демек, пайдасы бар. Ал баскесердің қолында болса, адам өлтіреді, пайдасы жоқ. Мен білетін бағдарламаның 99 пайызын адамдардың барлығы ақымақ тірлікке пайдаланады. Электронды пошта ұстасаңыз, сізге спам келеді. Спам – күл-қоқыс деген сөз. Интернет те пышақ сияқты. Дұрыс пайдалансаңыз, оның пайдасы орасан зор. Өкінішке қарай, бізде дұрыс пайдалануды, керекті ақпаратты қай сайттан кіріп алуды білмейді. Көбісі реферат қана көшіреді. Одан басқа қаншама кәсіби қоғам сайттары бар. Мен тек қана сондай сайттарды пайдаланамын. Кино көрмеймін, музыка тыңдамаймын. Ол босқа уақыт құртады».
Зиялы қауым мен әдебиет өкілдері баласының пайдасы жоқ нәрсеге бой алдыруынан қорқады. Адамды азғырып, қастандыққа баулитын фильм, бейнетаспалар, өзі түсінбейтін өзге тілдегі даңғаза музыка, шытырман атыс-тартыс ойындарға әуес боп кеткеніміз жасырын емес. Одан қандай кесір бар? 1. Жасөспірімнің миын улайды; 2. Дамуын тежейді; 3. Басқа пайдалы дүниені ойлауға тіпті мұршасын келтірмейді, пайда мен зиянның ақ-қарасын ажыратпайды; 4. Мең-зең күйінде «жалмауыз» ақпаратқа тәуелді болады.
Интернет жүйесін дұрыс пайдалансаң, пайдасы ұшан-теңіз дедік. «Мені құртқан көк шолақ» деп Кенен жырлағандай, мәселе бізді құртқан – дұрыс пайдалана алмаушылықта. Ақын-жазушыларымыздың да компьютербасты адамдардан қорқуы осы себептен шығып отыр. «Жарты адамға» балағандары – компьютерді ермекке пайдаланатындары, ойынға құмарлары. Шынтуайтында, интернет мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу құралы ма? Адамның адами болмысының қалыптасуына, мәдениеті мен мінез-құлық тәрбиесіне әсері қандай? Интернетті ұрпақ мәдениетін қалыптастыру құралы деп қабылдағанымыз дұрыс па, бұрыс па?
Аршат ОРАЗОВ, сайт жасаушы, блоггер, «Егемен Қазақстан» газеті сайтының әкімшісі:
– Интернетке тәрбие құралы ретінде қарауға болмайды. ТВ не, интернет не, бәрібір. Адамды өзі және ата-анасы тәрбиелейді. Интернет – тек көмекші құрал. Бірақ дәл қазір балаларға, жасөспірімдерге арналған тәрбиелік мәні бар сайттар көріп тұрған жоқпын. Керісінше кері әсер беретін мазмұндар көбейіп бара жатыр. Мысалы, қазаққа жат, діни ағымдар белең алуда. Ата-аналар балаларына интернеттен тек қажетті ресурстарына рұқсат беріп, өз бақылауында ұстағандары жөн. Жастарды жаппай жаулаған агенттің ең үлкен зияны – интернеттегі әліппемізді бүлдіруі. Қазақша әріптер оқылмайды деп орысша әріптермен жазып кеткен жастар тек агент емес, интернеттегі сайттарда да солай жазуда, қолдары үйреніп қалған. Халықтың ақпараттық технологияны игермеуі – сауатының жоқтығында. Бұған БАҚ та кінәлі. Интернет, компьютерге қатысты жеке беті не айдары бар газет, журнал, телебағдарлама бар ма? Көрсетіңізші?!
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы:
– Заманға лайық болу керек. Компьютерде басуды бір жыл бұрын ғана үйрендім. Бұрын ақысын төлеп бастыртатынмын. Қате көп болғандықтан, екі жұмыс істеуге тура келетін. Қазір өзім қатесіз басамын. Бірақ көп операцияны біле бермеймін. Әдебиет өкілдері мен зиялы қауымның компьютерге жоламауын ескі зиялылық, ақсүйектіктің белгісі деп ойлаймын. Герольд Бельгер: «Компьютерді мен де үйрендім, бірақ мониторға қарасам, ойым шатасып кетеді. Сосын тастадым», – дейді. Ол кісілер компьютердің қоғамды бұзып-жарып бара жатқан сипаты үшін қабылдай алмайтын болар. Семейдегі Медеу Сәрсеке – өте еңбекқор адам, компьютерді жетік меңгерген. Байқауымша, жылда компьютерінің моделін ауыстырып отырады.
Бізде интернет этикасы қалыптаспаған
Шыны керек, компьютерде мәтін теру – технологияны жете меңгергендік емес. Онда жұмыс істеу, түрлі жобалар жасау, жаңалық жасау не енгізу, сайт не блог ашу – енгізу, тым болмаса, пайдалы сайттардан ақпарат алу – шын жетістік. ІТ-маман Аршат Оразовтың айтуынша, дау-дамай, пікірталас, авторлық құқыққа қол сұғу ошағына айналған қазақ интернетінде этика әлі қалыптаспаған. Шетелден оқып келген сайт дизайнерлері біздің елде интернет жүйесінің тым қалыс қалғандығын айтады. Сайт дизайнерлігінде бәсекелестік жоқ.
P.S.
Техника тілін меңгерген нақты ғылым мамандары бұл ретте әлдеқайда алда. Мемлекетімізді ілгері жылжытып тұрған да солардың инновациялық жобалары мен өндіріске енген жаңалықтары. Ұлттық музыкамыз тыңдалмай, кітап оқылмай, әдебиет, мәдениет дамымай жатыр дейміз. Оған да кінәлі – өзіміз. Түрлі сайт ашып, ішіне ән, күй, поэзия, проза – мұраларымызды іліп тастасақ, кім «тәйт» десін?! Ресей жоғары оқу орындарының барлық мамандықтарына «Әлеуметтік коммуникация» атты пән енгізіпті. Информатика мен ақпараттық технология сабағынан тыс бұл пән арқылы коммуникация, ақпарат игіліктерін игеруді әр мамандықтың қызметі мен қажеттілігіне қарай үйретеді екен. Пәннің басты мақсаты – ақпараттық технология, байланыс саласынан сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Бізге де осындай түрткі қажет. Әйтпесе тасбақа жүріспен талай қызықтан қаларымыз сөзсіз.