«Көмек командасы» жәрдемге асығады
«Қазақстан-Ақтау» телеарнасы жаңа телевизиялық маусымды 12 бірдей жаңа жобамен бастады. Олардың ішінде өз алдына бір төбе болып ерекше көрінгені «Көмек командасы» атты бағдарлама болып отыр. Бұл хабардың – «Ашыққанға балық берме, қармақ бер!» атты ұранының өзі оның бағыт-бағдарын айқындап тұрғандай.
«Көмек командасы» жобасының мақсаты – қолынан іс келетін, бірақ өз ісін бастаудың көзін таба алмай жүрген жандарға қол ұшын беру. Бірақ бұл хабардағы жәрдем көрсету түрі ерекше. Хабарда мұқтаж адамға тек ақыл-кеңес беріліп немесе бір реттік ақшалай көмек көрсетілмейді. Мұнда адамдарға көмектесу үшін арнайы команда құрылған. Олар ақылдаса отырып, талапты адамға оның өз ісін бастап кетуіне қажетті құрал-жабдықты алып береді және алғашқы кезеңде азаматтың ісін бастап кетуіне септеседі.
Идея авторы – «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының директоры Жанахмет Ағыбаев. Оның айтуынша, мұндай форматтағы жаңа хабар ашуға екі нәрсе себеп болыпты. «Біріншіден, біз осы арқылы Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында айтылған тапсырмаларды іске асырмақпыз. Екіншіден, бұл – хабар арнамызда бұған дейін болған «Асар» жобасының жалғасы. Көмекке мұқтаж жандар өте көп. Сондықтан біз бар көмекті бір адамға үйіп-төгіп тастағаннан гөрі мейлінше көп адамды қамтыған дұрыс деп шештік. Мысалға, сол бір үйді салуға кеткен 5 миллионға біз кемінде 20 адамға тігін машинасы, шағын жылыжай сияқты өз ісін бастап кетуге қажетті түрлі құрал-жабдық алып берер едік», – дейді жоба авторы.
Хабар барысында құрылған команда мүшелерінің арасында «Нұр Отан» ХДП, «Атамекен» одағының өкілдері, қоғам қайраткерлері, облыстық мәслихат депутаттары бар. Ең алдымен олар жәрдем сұрап, хат жазған адамдардың өтініштерін қарап, көмекке лайық деген азаматты іріктейді. Одан соң команда мүшелерінің бір тобы ол кісінің үйіне барып, көмекке шын мұқтаждығын тексереді, нақты қолынан іс келетініне көз жеткізеді. Мұнан соң қайта жиналған команда мүшелері ол азаматқа қалай және қандай көмек көрсету қажеттігін шешеді.
– Біз, негізінен, азаматтардың ой-түйсіктеріне әсер етуді көздейміз. Егер тарыққан адамға тек азық-түлік немесе ақшалай жәрдем жасасаңыз, ол ішіп-жеп тауысқан соң сізге қайта келеді. Бұл масылдық түсініктің қалыптасуына әкеліп соғады. Ал біз масылдарға емес, тек талаптанған, еңбекқор жандарға нақты көмек көрсетіп отырмыз. Олардың өз ісін бастап, әрі қарай аяғынан қаз тұрып кетуіне жағдай жасаймыз. Мысалға, келесі кейіпкерлеріміздің біріне мал алып берсек, тағы біріне шағын жылыжай т.б. қолдау көрсету ойда бар. Осындай мысалдар арқылы елдің еңбекке деген ынтасын арттырамыз, – дейді Жанахмет Ағыбаев.
Бұл күндері телеарнаға өтініш айтып келген адамдар саны күрт артқан. «Көмек командасы» олардың бәріне көмекке келеді.