Оралда облыстағы тұңғыш халық театрының негізін қалаған өнер тарланы, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, режиссер Мұқамбетжан Ғұмаров туралы кітап шықты. «Көке» деп аталған жаңа туындының авторы – ақын, журналист Ұлдай Сариева. «Жайық-Пресс» ЖШС-інің баспасөз орталығында өткен кітаптың тұсаукесеріне халық театрының байырғы әртістері, Мұқамбетжан Ғұмаровтың ұрпақтары мен үзеңгілес жұмыс істеген көзкөргендер, автордың әріптестері қатысты.
Кітаптың мұқабасындағы «Көке» деген жазуды көрген адам бірден автордың өз отбасы туралы еңбек екен деп қалуы мүмкін. Ал әдебиеттің ауылына мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ат байлаған ақын Ұлдай Сариеваның бір кездері Жалпақтал халық театрының әртісі болғанын Жайық жұртының бірі білсе, бірі білмейді. Осы кітапты жазуға қолына қалам алғызған да сол өнер ұжымын басқарып, қазақ мәдениетіне сүбелі үлес қосқан, барша жалпақталдықтар «Көке» деп атап кеткен режиссер ағаның дара болмысы мен әртістік шеберлігі болатын. Жаңа туындысында автор М.Ғұмаровтың өнердегі өнегелі өмірін, облыстың Жәнібек жерінде алғашқы халық театрының іргетасы қаланып, соғыс жылдарында Жаңақалаға көшіріліп, кейін жабылып қалғанын, араға жылдар салып Жалпақталда қайта түлеген театрдың өрлеу кезеңін деректік құжаттар негізінде баяндап жазған. Оқырманды елең еткізер тың жаңалық Мұқамбетжан Ғұмаровтың әйгілі суретші Сәкен Ғұмаровтың туған әкесі екендігі жайлы мәлімет те осы кітапта алғаш рет беріліп отыр.
Кітаптың таныстырылымына қатысқан «Жайық-Пресс» ЖШС-інің бас директоры Жантас Сафуллин, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, облыстық телеарнаның директоры Асланбек Ғұбашев, байырғы әртіс Айсұлу Елжанова, мәдениет саласының майталмандары Гүлсім Кадешова, Сара Танабаева, Айман Қуатова, Базарғали Қуатовтар Ұлдай Сариеваның шығармашылығы жайлы сыр шертіп, режиссер Мұқамбетжан Ғұмаров туралы естелік әңгімелер айтты.
Тұсаукесерге жиылғандар өмірінің соңы өкінішпен өтіп, мәңгілік мекеніне аттанғалы елеусіз қалған тұлғаның биыл 100 жылдығын атап өту керек деген ұсыныс білдірді.
«Көкенің» тұсауы кесілді
Последние статьи автора