Қазақстанда «ЮНЕСКО клубтарының ұлттық федерациясы» құрылды. Бүгінге дейін мұндай клубтар ТМД елдері бойынша тек Ресей мен Беларусь мемлекеттерінде болған. Федерацияның құрылғаны туралы ақпарат Алматыда өткен халықаралық коллоквиум барысында жария етілді.
Ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді өскелең ұрпақ бойына дарытуды мақсат еткен федерация құрамына әзірге Алматы, Астана, Петропавл, Павлодар, Шымкент және Шахтинск қалаларының көркемсурет мектептері кірді. Ұйымның вице-президенті Ханзада Есенованың айтуынша, бұлардың қатары әлі де кеңейе түспек. «Федерацияға Астана қаласындағы Ұлттық музыка академиясынан да ұсыныс түсті. Академия қызметкерлері музыкаға әуес балаларға дәріс беруге дайын екендігін айтып отыр. Аталған оқу орны жанынан да ЮНЕСКО клубын құру ойымызда бар», – деді Х.Есенова. Бұл халықаралық ұйымның еліміздегі үйірмелерінің басын біріктірген федерация білім-ғылым және ағарту саласында түрлі жобаларды жүзеге асыруға атсалыспақ. Мекеме құрамындағы клубтарда қазақстандық мамандармен қатар шетелдік білікті мамандар дәріс оқып, шеберлік сыныптарын өткізеді.
Жалпы, ЮНЕСКО клубтары елімізде 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол «Балалар әлемді бейнелейді» атты фотоальбом шығарумен әлемге танылыпты.
Клубтар – ұлттық өнерді ұлықтар
Последние статьи автора