Қанипаш МӘДІБАЙ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымының докторы:
– Сіздің ойыңызша, қазіргі ақпараттық қоғамдағы көркем шығарманың оқылуы, кітапқа сұраныс қандай деңгейде?
– Өкінішке қарай, кітапқа құштарлық кеміген. Оның қилы себептері кімге де болса түсінікті деп ойлаймын. Әлі есімде, Сәкен, Бейімбет, Ілияс шығармаларын мен екінші сыныпта оқып жүргенде Тұрсын ағайым Алматы жақтан бір қап етіп арқалап алып келді. Қыстың көктемге қарай ойысқан тұсы болатын. Бас алмай кітап оқыдым. «Балдырғанды», «Аяжанды» үздігіп, келесі нөмірі жеткенше алаңдап, асығып жүріп оқығаным есімде.
Ауызашар, соғым басына жиналған үйде кезегімен батырлар жырын, ғашықтық дастандарды үлкендерге оқып беретінбіз. Орыс, әлем классикасын, негізінен, аударма нұсқада, қазақша оқыдық. «Абай жолы», «Оянған өлке», «Ымырт», «Сергелдең»... Жарыққа шыққан кітаптың бірі қалмай ауылға жететін, ел соның бәрін қалдырмай, жаппай оқитын. Осының бәрін айтып отырғаным – сол бір уақыттарда кітап оқу сән де болды, салт та болды. Қазір кітап көп шығады. Ауылға жетіп жатыр ма, жоқ па – ол жағы маған беймәлім. Не болғанда да, ауыл-ел қазір кітапқа киелі дүние деп қарай қоймайтын сияқты.
– Бүгінгі қазақ жастарының кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін қандай істер атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?
– Жедел, жүрдек, екпінді заман алдамшы, арзан қызықтарын мың құбылтады. Кеше ұялы телефон, бүгін өрмекші тармақ ғаламтор, резеңке адам, ертең... Ертең де бірдеңе шығады. Сөйтіп, кітап біздің ат ізін салыспай кететін алыс ағайынымыз сияқты көңілден өше ме деген қауіп бар. Өкінішті. Кітаптың жанға құяр нәрі бөлек еді. Ол адамның жанын жамандықтан алыс алып жүретін шын досы еді... Жастарды кітапқа баулу отбасында бағыт түзуі керек. «Ер Төстікті» білмей өскен ұрпақ қазір өзі ата-ана болып отыр. Осы жағы қауіпті. Мектепте кітап оқуға ынталандыратын шаралар ойластырылуы керек. Жазушылардың халықпен жүздесуі сиреп кетті. Осыны да ескеру керек. Кітап тиражы көбейсе... Кітапсыз адам жаны жүдеу, жадау.
Біздің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үстіміздегі жылы барлық факультеттің студенттері міндетті түрде оқуы тиіс 100 кітап шарасы өтіп жатыр. Онда қазақ әдебиеті де, әлемдік әдебиет те қамтылған.
– Кезінде «Ақбілек», «Қалың мал», «Шолпанның күнәсі», «Күнекейдің жазығы» сияқты тақырыптарға біздің классик жазушыларымыз не себепті барды деп ойлайсыз?
– «Ел боламын десең – бесігіңді түзе!» дейді Мұхтар Әуезов. XX ғасыр басындағы қазақ классикалық әдебиеті әйел тағдырын көркемдік кеңістікке ұлттық мұраттар жолындағы ұлы мақсаттың ауқымында алып шықты, белгілі бір кезеңдерде қазақ әйелінің көркем бейнесі әдебиетте жетекші ұстаным болды. Бұл құбылыстарда үлкен мән, көп астар жатыр. Елдік рух, азаттық ұранымен жұртын оятамын деген ел ағалары ел аналарының тарихи әлеуетін, ұлт болмысындағы қанмен даритын озық қасиеттердің асыл арқауының қуат көзін барша игілік, ізгіліктің басы деп білді. Сол үшін де қазақ қызының құнын сөз ғып, шығармаларына арқау етті. Дүние әдебиетіндегі шеберлік, жазу өнерінің тылсым сырлары бағытындағы тәуекел, ынтығу да болды. «Шолпанның күнәсін» жазған Мағжан «Анна Каренинаны» ойда ұстағандай көрінеді маған. Басқа да өнеге мектебі болғаны даусыз. «Әділ-Марияны» жазған Шәкәрім шығарма құрылымын қалай-қалай құбылтады?! Өкінішке қарай, біздің әдебиетіміздің қайсыбір жылдардағы мазмұнында әйелді төсек маңына ғана теліп тастаған сипаттар да болды.
– ҚазҰУ-дың филология факультетінің жанынан өзіңіздің тікелей ұйытқы болуыңызбен құрылған «Ай-Ару» үйірмесі университет ішінде орталыққа айналыпты. Жалпы, осы үйірмені ашу қандай қажеттіліктен туындады? Жоба басталғалы бері қандай істер атқарылды?
– Өткен жылы 8 Наурызға орай студент қыздармен кафедрада тәрбиелік мәндегі бір кеш өткізуді жоспарлаған едік. Соған дайындық барысында ойды ой қозғап, ақыры «Ай-Ару» рухани-танымдық студент қыздар клубы құрылды. Алғашқы шарамыз «Айдай едің жасыңда ...» деген атаумен Тәуелсіздікпен төл құрдас факультет қыздарының білім-біліктілік, сән-сайысы түрінде өтті. Келесі бір ауқымды шарамыз студент ақындардың желтоқсан айының басында өткен «Ардағым – Атажұрт» атты факультетаралық жыр жарысы болды.
Мәселе – бірді-екілі кеш өткізуде емес. Дегенмен де «Ай-Ару» қыздары қайсыбір істі болсын иін қандырып, қалпын түрлендіріп отыруға икемі барын көрсетті. Клубтың ережесін, келешек жұмыс бағыттарын магистранттарымыз бар, бакалавриаттағы студенттеріміз бар, кеңесіп жасадық.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– «Ай-Ару» орталығының ұйымдастыруымен 8 Наурыз қарсаңында республика жоғары оқу орындары филология факультеттері студенттері арасында «Қазақ прозасындағы әйел тағдыры» атты пікірсайыс, білім жарыс түріндегі ғылыми-тәжірибелік форум өтеді. Студенттер жеке оқу орындары үшін емес, өзара құрған ортақ топтары үшін жарысады.
Бір анығы, «Ай-Ару» рухани-танымдық студент қыздар орталығы сынды арнайы ұйым осы уақытқа шейін жоғары оқу орындарында болған жоқ. «Ай-Ару» қыздарының ойластырып отырған шаралары қазіргі қоғамның біліміне білігі сай, жан-жақты маман, ата дәстүр, ана тілін сіңіріп өскен, ибалы, иманды қыздарын, ұлт ұландарының келешек анасын қалыптастыруды көздейді.
Таяу күндері танымдық, тағылымдық «Ай-Ару» журналының бірінші саны шықпақшы. Әзірге – қолжазба құқығында. Келешекте қолдау көріп жатсақ, тіркетуге қамданамыз. Қазақ қызының тарихи тұлғасы, қазіргі заманғы келбеті, ұлттың болмысы тұрғысынан танымдық-тағылымдық материалдар жарияланып тұратын, төл басылым – «Ай-Ару» журналын шығару қажеттілік деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет.