Киносценаристер орысша ойлап, қазақша жазады

©Алаш айнасы иллюстрациясы

Бабаларымыз «құнарлы ойдан құнды сөз шығады» деп сөз қадірін өз қадіріндей бағалаған ғой.  Би-шешендер бір ауыз сөзбен ел тағдырын шешкенде аталы сөзге тоқтаған халықтың ұрпағымыз біз. Бірақ қазіргі алмағайып заманда құнды сөздің орнын құр сөз басып, көпшілігіміз көркем сөйлеудің орнына қысқа-нұсқа, ала-құла сөйлеуге көшіп алдық. Тыңдаған әндеріміздің сөзі мағынасыз, сахнадан көрген спектакльдеріміздің тілі жұтаң аударма, теледидардан тамашалайтын шоу-бағдарламалар мен киноларымыздың сценарийі көшенің диалектілеріне толы болса, онда кімге өкпелейміз? Бір сөзді 10 рет қайталап жаза салған әнді аранжировка жасап өңдеп алып, сылбыр жазыла салған сценарийді спецэффектімен сәндеп алып халықты қызыл-жасылмен алдып жүрген жоқпыз ба? Сөз маржанын терген ақындарға да, қара сөздің майын тамызатын жазушыларға да кенде емеспіз ғой. Алайда сценарий жазуға келгенде небір қаламгерлеріміз неге кібіртіктейді? Көп өнердің көлеңкесінде қалып, елене бермейтін осы сценарийстердің еңбегіне бүгін «Алаш айнасы» көз жүгіртіп көрмек.

Мамандардың айтуынша, сауатты сценарий драматургиядан басталады. Драматургияның қыр-сырын білетін сценарист тіпті қарапайым халықтың қабылдауына күрделі шығармаларды да түсінікті, айшықты ете алады. Керісінше, «жібекті түте алмаған жүн етеді» демекші, тәп-тәуір шығарманың быт-шытын шығаратын да сценаристер болады. Бұл жерде айшықты, көркем тіл дегенде сцеанрий міндетті түрде әдеби тілде болу керек деген сөз емес. Мәселе, арғы жағында салмақты ой жатқан тіркестерді қойшының да, қарақшының да, кішкентай баланың да аузына салып беру арқылы көпшілкке жеткізу сценаристің шеберлігіне байланысты.
Мафиоздың сөзі тарихта қалды...
Айталық, кинемотография тарихындағы ең үздік фильмдер қатарына енген Фрэнсис Форд Копполоның «Өкіл әке» фильмі Кополо мен Пьюзоның бірлескен сценарийі үшін ең үздік сценарий аталымы бойынша «Оскар» жүлдесін алған. Фильм бұдан басқа да бірнеше аталым бойынша «Оскар» жүлдесін иеленген. Жә, әңгіме жүлдеде емес... Осы фильмдегі бір мысалға назар аударайықшы. Мафиоздық қауымның басшысы Дон Вито Корлеоне (Марлон Брандо) кіші ұлы Майклды (Аль Пачино) өз тағына отырғызады. Таққа отырған күннің ертеңінде-ақ Майкл әкесіне өзінің жоспарларын, болашақта іске асырмақ мақсаттарын айта бастайды. Сонда Дон Вито Карлеоненің: «Балам, сен бірінші қоянды ұстап алып, содан кейін оның мүшелерін басқаларға бөліп берсеңші. Сен қоянды ұстамай жатып, оның басын, санын, қолын кімге беретініңді айтасың» дейтін сөзі талайымыздың есімізде қалды емес пе? Мафия басшысының аузымен айтылған сөздің салмағы жоқ деп кім айта алады?
Әшірбек СЫҒАЙ, сыншы:
– Экранда болсын, сахнада болсын, бүгінде тіл мәселесіне өте салақ қарап жүргеніміз рас. Әрбір тілдің тілдік бейнесі, яғни бейнелі тіл деген болады. Яғни спектакль бола ма, кино бола ма, онда  кісінің санасында қалып қоятын, мақал болып, қанатты сөзге айналып, ел арасына тарап кететін сөзі болуға тиіс. Кейіпкерлер сөзінде сүйсінтерлік, сол адамның жан дүние-сіне үңілтерліктей сұлу сөз болмаса, бәрі бекер. Бізде жеңіл-желпі, орашолақ, өз орнын таппай тұрған қопал сөздер көптеп кездеседі. Ол – редакторлардың, корректорлардың қателігі. Ал, жалпы, туындыға арқау болған сценарий, яғни көркем шығарманың әлсіздігі.

Ерінбегеннің бәрі сценарий жазады....
Оқиғаны қызықты баяндай отырып, кейіпкердің сөзі арқылы оның мінез-құлқын дөп басып көрсету, есте қаларлықтай көркем тіркестер қолдану кез келген сценарист үшін оңай емес, әрине. Сондықтан «шымшық сойсада, қасапшы сойсын» дегендей, қандай сценарий жазса да, кәсіби маман жазғаны абзал. Алайда бүгінде бізде қызығушылықтың жоқтығынан, тұщымды тапсырыстардың аздығынан болар кәсіби сценаристердің жұмыстарын өте сирек кездестіреміз. Өйткені біздің әккі ақын-жазушыларымыз кешегі кеңес заманында мемлекеттен қаламақы алып, тапсырыспен жазып үйреніп қалғандықтан ба, өздіктерімен сценарий жазуға құлық таныта бермейді. Жазған күннің өзінде сценаристің көз майын тауысып, жан-дүниесімен беріліп жазбаған дүниесі қашанда білініп тұратыны рас. Ал атүсті жазылған сцеанрий көрерменнің жүрегін тебіренте алмайды. Сценарий неге атүсті жазылады? Өйткені театрда, кинода, телевидениеде болсын, продюссерлер мен режиссерлер кәсіби сценарист іздеп әуре болмай-ақ сценарийді өздері жазады немесе бірді-екілі сценарий жазып жүрген әуесқойларға жаздырады. Өйткені кәсіби сценарист табыла қалғанның өзінде оған тапсырыс беру үшін біраз қаламақы төлеу керек дегендей... Ал әуесқой сценарист азынаулақ қаламақыға сценарий жазып бере қояды. Қазіргі таңда көптеген жастар арасында өздерін әр салада сынап көру үшін тіпті тегін сценарий жазып беретіндері де бар көрінеді. Әуесқойлардың ішінде журналист те, актер де, ақын да, режиссер де бар. Сонымен ерінбегеннің бәрі сценарий жазып жүр....
Бақыт БЕДЕЛХАН, ақын: 
–  Қандай  сценарий болса да, ең алдымен драмматургия заңдылығына бағынуы керек. Бізде кинода болсын, телевидениеде болсын таласып жаздыратын сценарист жоқ. Режиссерлер, продюсерлер осы сценаристке жазғызамыз, мен оны бірінші жалдап алдым дейтіндей сценарист бар ма? Қазіргі кезде сценарийлерді қарапайым администратор, жаурналистер жазып жүр. Біреулер актерлікті бітіріп, сценарий жазып жатады. Міне осының салдарынан телевидение, кино саласы ақсап, беделі түсіп жатыр. Сценарий жақсы болу үшін маманданған, драмматургияның заңдылығын, телевидение мен көрермен арасын жақындастыратын қандай құпиялар бар екенін білетін, сауатты маман керек.

Журналист, сценарист – аудармашы, әнші-актерлер – журналист қызметтерін атқарады
Теледидар көріп жүрген адамдарға мәлім, біздің телерналарымызда жүретін бағадрламалардың көбі шетелдік көшірмелер және барлығы дерлік шоу-бағдарламалар. Яғни, көшірме бағдарламалардың сцеанрийі де көшірме, өйткені дайын бағдарламаға жаңадан сцеанрий жазып, қайта велосипед ойлап табудың қажеті не? Сонда бұған қарап не түюге болады, біздің журналистеріміз аудармашының қызметін атқарады, ал әнші-актерлер журналистің міндетін атқарады.
Бағдарлама біткен жеңіл әзілге, арзан күлкіге, даңғаза музыкаға құрылады. Танымдық, әлеуметтік мән бар бағдарламалар саусақпен санарлық. Өйткені салмақты бағдарламаға тың тақырып, сауатты сценарий керек. КВН деңгейіндегі сценарийлермен салиқалы, сараптамалық бағдарламалар жасау мүмкін емес.
Енді әзіл-ысқақ бағдарламаларының сценарийіне назар аударып көрейік. «Шаншар», «Алдараспан» «Екі езу», «Шымкент шоу» секілді бағдарламалар жақсы қойылымдарымен, ұтымды әзілдерімен көрерменнің көңілінен шығып жүргені рас. Әсіресе, Нұржан Төлендиевтің, Тұрсынбек Қабатовтың әдемі әзілдері екінің бірінің аузында жүреді. Дегенмен бүгінде сатира жанрында да сценарийлерге деген тапшылықтың басым екені айтылып жүр.  «Екі езу» театрының сценарисі Нұрлыбек Жұбатқанның айтуынша, көптеген сатиралық театрлардың сценарийлері бір-біріне ұқсап жатады. Сондай-ақ бір сатиралық театрдың ішіндегі әртүрлі қойылымдардағы сөздер өте жиі қайталанады. Неге, өйткені барлық сценарий бір адамның қолынан шыққаннан кейін инкубатордан шыққан балапандардай ұқсас болады.
Кинемотография сценарийлік дағадарыста
Соңғы жылдары қазақ киносы аз да болса алға жылжыды, миллион доллар табыс табатын деңгейге жетті деп мәз болып жүрміз ғой. Бұған да шүкір. Бірақ... кейінгі кезде түсірілген фильмдердің көпшілігінің сценарийлерінің жұтаң екені байқалады. Досқан Жолжақсыновтың «Біржан сал», Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мыңбала», Данияр Саламаттың «Бәйтерек» т.б бірді-екілі фильмдер болмаса, басқаларының сценарийлері екі тілге құрылған. Әсіресе коммерциялық фильмдер заманға лайықталып жасалды деген желеумен сцеанрилеріндегі диалогтар көбіне орыс тіліне құрылады. Неге десеңіз? Осы фильмдердің сценарийін жазып жүрген сцеаристердің көбі орысша ойлап қазақша жазатындар.
Мәселен, Ақан Сатаевтың алғашқы коммерциялық фильмдерінің бірі «Рэкетирде» ара-арасында ғана қазақша сөйлемесе, кейіпкерлерінің барлығы орысша сөйлейді. Бұл фильмнің айтар ойы жақсы, кейіпкерлері тартымды болғанымен, бүгінде онсыз да қазақша сөйлесуді ар санайтын кейінгі ұрпақ үшін орыс тілінің мәртебесін тағы бір көтергендей әсер қалдырды.
Тағы бір мысал, Баян Есентаеваның «Тракторшының махаббаты» фильміндегі Бэлланың «шампунь қайда, гель для душа қайда» деген сөздерін бүгінде жасөспірім қыздар қағып алып, күнделікті қолданысқа енгізіп үлгерді. Мұндай мысалдарды үздіксіз тізе беруге болады. Біз мұндай фильмдерге «онда тұрған не бар, қабылдауға жеңіл, күлкілі, қызықты, заманауи» деп қараймыз. Яғни, бір сәттік күлкі сыйлайтын сатиралық театрдың фильмі де бір, кино да бір.
Сонда біздің сценаристерге не жетпейді дейсіз ғой? Ұлттық сана, қазақы таным, терең білім, патриотттық сезім, ізденіс....
«Біражан сал» фильмінің сценарийін жазған Таласбек Әсемқұловтың айиуынша, қазір әлемдік кинематограф сценарийлық дағдарысты, «сценарийлық аштықты» бастан кешуде. «Голливуд бітпейтін бір римейктерді түсірумен жүр. Режиссерлер жақсы сюжет, жақсы сценарий іздеумен әуре. Әлбетте, сценарий өнеріндегі дағдарыс – өз бетінше тұрған құбылыс емес. Бұл ХХ ғасырда әлемдік мәдениетте етек алған және әлі жалғасып жатқан антропологиялық кризистің, қарапайымдап айтсақ, сананың дағдарысының бір құрамдас бөлігі, соның кинематографиялық көрінісі. Ойымша, бұдан былай жақсы хикаят ойлап шығара алатын, жақсы сценарий жаза алатын сценаристердің бағасы артады» дейді ол.
Иә, киноның отаны Голливудтың осы уақытқа дейін кино етіп түсірмеген тақырыбы қалмаған шығар. Сондықтан да оларда тың идеяға, жаңа сценарийге деген сұраныстың артқаны, тапшылыққа тап болғаны заңдылық.
Ал біз еліміздегі кино өндірісін дұрыс жолға қойып алсақ, сценарийге деген тапшылық бола қоймас еді. Өйткені бізде киноға түсіруге сұранып тұрған тақырыптар, шығармалар жетерлік. Тек бізге мықты кино мамандарының бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуі жетіңкіремейді. Егер елімізде кино туралы заң қабылданар болса, осы кенжелеген кино саласындағы бірталай қордаланған мәселелер шешімін тапқан болар еді, дейді мамандар.
Сценаристердің авторлық құқығын қорғайтын агенттік...
Естеріңізде болса, өткен жылдың қараша айында Lumiere деп аталатын сценарий агенттігі құрылғанын «Алаш айнасы» жазған болатын. Агенттікті құрушылар осыған дейін «Жаужүрек мың бала», «Виртуальная любовь» сынды туынды сценарийлерін жазған Жайық Сыздықов бастаған бір топ сценаристер. Бүгінде агенттік өзінің ресми сайттарын ашып, жемісті жұмыс атқаруда. Сценарий агенттігінің құрылу мақсаты сценаристтердің авторлық құқығын қорғау болатын. Бүгінде сценарий агенттігі өздерінің жеке ресми сайтын ашып, тапсырыстар қабылдап жемісті жұмыс атқаруда. 
Жайық СЫЗДЫҚОВ, Lumiere сценарий агенттігінің директоры:
– Көп елдерде киносценарийшілер есімі әдейі жарияланбайды. Неліктен? Оның себебі режиссерлер арасындағы бәсекелестікке байланысты. Яғни қызық әрі кассалы киноның сценарий авторын біліп алған адам күні ертең-ақ мол қаржыға кенелу үшін сол авторды «сатып алуы» ғажап емес қой? Бұл – киноны бізден қанша жылдар бұрын тауар деп танып, одан қыруар қаржы түсіру көзін тауып алған «әккілердің» әдіс-айласы. Ал сценарийстер болса не сол саудада өз есебін түгелдеп алғандар немесе «құрбандар». Құрбандар дегенде біз олардың авторлық құқығының сақталмауын меңзеп тұрмыз. Сондай-ақ олардың заңды түрде өз қаламақыларын алуына да мүдделіміз.

Біз білетін сценаристер...


Таласбек Әсемқұлов: «Біржан сал» фильмінің сценарийін жазды.  «Жезтырнақ», «Көкбалақтың өлімі» сценарийлерінің авторы.


Ермек Тұрсынов: «Келін», «Шал», «Кемпір» фильмдерінің және басқада Қазақстанда және шетелдерде түсірілген 30-дан астам фильмнің сценарийін жазған.


Жайық Сыздықов, сценарист, режиссер:
«Виртуалды махаббат» сценарийінің бірлескен авторы (басты рольде Артур Смольянинов). Режиссері Әмір Қарақұлов.  «Қазақфильм» өндірісі.
«Жаужүрек мың бала»  тарихи фильмі сценарийінің  авторы. Режиссері Ақан Сатаев. «Қазақфильм» өндірісі. «Елім-ай» фильмі сценарийінің бірлескен авторы.
Мұхаммед Мамырбеков, сценарсит, режиссер: «Неисправимые», «День совершенолетие», «Молоко для кошки», «Цыганская мать», «Елім-ай» фильмдерінің сценаристі.
Данияр Күмісбаев, Кино-теле-драматург-редактор:  «Ғашық Жүрек», «Ирония Любви», «Көк тарландары», «Пилоты», «Тракторшының махаббаты» фильмдерінің сценаристі.


Еркебұлан Бектұров, «Бір үйдің тарихы», «Ғашық жүрек», «Ана жүрегі», «Боксшының жолы» т.б фильмдердің сценаристі.


Ерлан Нұрмұхамбетов, сценарист, режиссер: «Қош бол, Гүлсары», «Жексенбі», «Жұма», «Көк тарландары», «Базарбаевтар», «Рывок» фильмдерінің сценаристі.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста