Кешегі Алдар ақсақалды алаяққа айналдырған нендей күш?
«Мен Алдармын, Алдармын, сақалымды талдармын» деп әндететін, бірақ өзінде сақал түгіл, мұрт та жоқ қазақ ауыз әдебиетінің кеңінен танымал кейіпкерін білмейтін адам жоқ. Неге «жоқ» деп кесіп айттым, себебі бүгінде Алдардың дәурені туғандай. Әне бір арнаға қосыңыз – үлкендердің Алдары, яғни, киносы, одан келесіге ауыстырсаңыз, онда кішкентай бүлдіршіндердің – «Алдары». Тіпті осыған таңғалып жүргенде таяуда кітап дүкеніне кіріп, кішкентай сіңліме оқитын дүние ала қояйын десем, онда да таныс кейіпкер!
Жоқ, ойлап қалмаңыз, Алдекеңнің алшаң басып жүруіне қарсылығымыз жоқ. Тек бір нәрсеге түсіне алмай далмыз. Неге дерсіз? Қазақ киносының майталманы Шәкен Айманов ағамыз сомдаған Алдар көсе есте шығар?.. Ия, ол бір дарқан, парасатты, қу да болса, оның астарында елдің қамы, елдің мұңы жасырынған, яғни әлсіздің күштіде, жарлының байда кеткен ақысын алып беру үшін түрлі айлаға баратын ерекше жан еді ғой. Тіпті бақсы екеш бақсының өзін аяп, оның өзін емдеп, сүйгеніне қосыла алмай зарығып, қамығып жүрген Қарлығаштай қарындасын қалқасына алып, сондай биік мақсат жолында алдауға мәжбүр қаһарманды көрген жанның сыйламасқа, құрмет тұтпасқа амалы қалмайтын. Ал бүгінгі Алдар қандай?
Бүгінгі Алдар, нағыз бүгіннің талабынан туған, бүгінге бағындырылған алаяқ Алдардай көрінді маған. Имандай шыным, дәл солай. Тіпті кішкентай балаларға арналған мультфильмнің өзінде де бір малын бесеу қылып, тауығын сата-сата соңында сиырға айналдырған бүгінгі бизнесменнің нақ өзі. Әрбірден алғанда, «Апыр-ай, мынау өзі Алдар ма, әлде Тазша бала ма?» деп таңырқап қалдық. Себебі түр-түсінің өзі – не қарт емес, не жас емес, кәртеміс бір бейне. Ал осындай мультфильмді көрген бала не ойлайды, не тәрбие алады? Егер одан кімде-кім «Алдар көсе дегеніміз кім?» деп сұраса, ол әрине, көргенін айтады. Мұндағы айтпағым, бізде кино мен анимация жасар кезде психологтар мен педагогтар қатыстырылмайтын секілді. Егер олар да жұмылдырылған болса, неге сәби санасына кері әсерін тигізетін идеяны туындыдан алып тастамайды екен?
Тұйықталған қоғамда өмір сүріп жатқанымыз жоқ, әлемдегі ахуалға көз салайықшы, қазіргі таңда анимация тіпті киноның өзін, ондағы осыған дейін ең тартымды, ең кассалы саналып келген блокбастер жанрының өзін ығыстырып, күн озған сайын қарқын алып келеді. Соңғы жылдары түсірілген анимациялар арасында ең табысты мол түсіргендері «Кунг-фу панда», «Мадагаскар» және «ВАЛЛ-И» болса керек. Ал осыларды дүниеге келтірген Pixar мультипликациялық компаниясы бас-аяғы 10-15 жылда кино тарихындағы коммерциялық жағынан ең табысты студияға айналды. Мұның дәлелі десек те болады, «блокбастердің атасы» Стивен Спилбергтің өзі ол жанрды қойып, «Тантанның хикаясы» атты анимациялық туынды жасады.
Ал біз ше? Бір кездері «Қазақ неге мультфильм жасамайды?» немесе «Қазақ анимациясы «Қарлығаштың құйрығы неге айырдан?» соң қаза болды ма?» деп қайғырғанымыз жасырын емес. Онымен салыстырғанда, шүкір, бүгінде мультфильмге жан біткеніне қуану керек. Бірақ мәселе жоқтан бар жасасақ болды деуде емес, қанша қаржы жұмсап шығарып, оны телеарнадан көрсететін қандай да бір дүние жасарда, мазмұнына неге үңілмеске? Біз санаға не сепкелі жатырмыз деп неге ойланбасқа? Қазақ «Е, Құдайым, бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» дейтін халық емеспіз бе? Алайда саналы болып туған баланы санасыз қылып жатқан өзіміз емес пе, болмаса оған өз тегі, өз фольклоры жайлы неге дұрыс ақпарат бермейміз? «Балаларымыз неге Шректі, неге Өрмекші адамды көреді?» деп кімге өкпе артамыз, егер өзіміз одан асып түсетін дүние жасап бере алмасақ? Біле білсек, ең әділ сыншы, не ойлайды, сонысын бүкпей айта салатын жан – бала. Ол алалауды, өтірік күлбілтелеуді білмейді, жаманды жаман деп айта салады. Ендеше, бүгін Алдарды алаяқ, Тазшаны суайт қылып көрсетсек, ертең балаларымыз неге қазақты жақсы көрмейді, неге қазақ болудан ұялады деп сұрамай-ақ қояйық!..
• Психолог пікірі
Әбдуәлі МАМӘДІЛ, психолог:
– Бүгінгінің Алдарын мен де танымай қалдым. Себебі өзге келбет, өзге мінез, бұл – біздің қазақ ауыз әдебиетінің құрметті ақсақалы емес, мүлдем басқа бейне. Жалпы, мұның сырын мен былай түсіндім, қазіргі қазақ анимациясынан мен әлі сол баяғы кеңестік көзқарастағы қазақты көрем: байы – ақымақ, сараң, кедейі – өз күнін «ешкіні апа, текені жезде» деп көретін қуаяқ біреу Алдар да солардың бірі болып жүр. Осыған жүрегім ауырады. Ал енді бірақ бүгінгі «Алдар көсе» анимациясының бір ұтатыны – бояуы, яғни техникасы. Батыстың соңғы үлгідегі технология, техникасымен жасалған соң мультфильмнің сырт пішіні көзтартарлық. Қазіргі кезде небір мықты мультфильм көріп жүрген балалардың талғамы өте биік. Мәселен, «Алматы» арнасынан қазақ батырлары жайлы жақсы анимациялық туындылар береді, өкінішке орай, оның сапасы дәл осы «Алдардай» емес, техникалық жағынан әлсіздеу. Сондықтан, өкінішке орай, бүгінгі баланы тартпайды. Таяуда арналарымыздың бірінен бала тәрбиесі, бүгінгі балаларға телеарналардың беріп отырғаны, мультфильм жайлы сөз болды. Сондай сөзтартысқа түсіп отырғандардың бірі «бүгінгі қазақ мультфильмі қозы-лақтың деңгейінен аспай тұр» деді. Ал негізінен қайта біз сол қозы-лақтан айырылып қалмауымыз керек, себебі ол – жанымызға жақын әрі балғын санаға зияны жоқ жануарлар. Екіншіден, ол – біздің рух, себебі бүгінгі құлыншақ ертең тұлпар болып, бүгінгі бота ертең қара нар болып өсуі керек! Ал бізде осындай мәселеге келгенде, психолог не болмаса педагогпен ақылдасу деген мүлдем жоқ.