Керімбек Ниязбаев: Мультфильмнен пайда табу мүмкін емес
- «Қазығұрт» ынталы тобының құрылуына тоқталып өтсеңіз...
- «Қазығұрт» ынталы тобы осыдан 8 жыл бұрын сол кездегі БАҚ басшыларының ұйытқы болуымен құрылған болатын. Қазығұрт тауының басына саяхат ұйымдастырып, осындай мәмілеге келген едік. Осы уақытқа дейін Қазығұрт тауын насихаттаймыз деп біраз қазақтың жігіттер әрекет етті. Алайда жүйелі түрде осы уақытқа дейін бірде бір мекеме бұл істі қолға алған емес. Бұл топтың осы қасиетті тауды насихаттайық деген бір ғана мақсаты бар. Өкінішке қарай, бұл тауды Оңтүстік өңірдегілер ғана қастерлейді де, солтүстік жақтағы жастар тіпті білмейді де. Адамзаттың бүкіл үрім бұтағы осы таудан бастау алады деген аңызды тіпті естімегендері де бар. Қазығұрттың басына белгі қою барысында біраз еңбегіміз сіңді. Сол жылдары Байдулла Қонысбеков бастаған бір топ ақсақалдарымыз облыстық газетке «әкімдер келеді, кетеді, соңында бір ізі қалады» дегендей мақала жазған болатын. Сол кездері облыс әкімі Болат Жылқышиев болатын. Ал Зауытбек Тұрысбековтың тұсында Ордабасының басына белгі қойылғаны белгілі. Бүкіл қазақтың басын біріктірген жер деп басында үлкен той өткізілді. Ал Бердібек Сапарбаевтың кезінде түркі әлемінің астанасы Түркістан қаласының 1500 жылдығы тойланды. Ендігі ауыр жүк, кезегі келген мәселе Қазығұрт тауын насихаттау еді. Мақаланың негізгі көтерген жүгі осы болатын. Осыдан кейін облыс әкімінің назары ауып қолынан келгенінше жәрдемін жасап, облыс бюджетінен қаржы қарастырды. Белгі қойдырды. Бұл да болса біткен іс қой. Дегенмен қойылған белгіге көңіліміз тола бермейді. Себебі, Қазығұрт тауының басына келіп тоқтаған кеменің қандай екенін ешкім білмейді. Ол заманда топан су тасып жатқан кезде желкенді кеме болды деген келіңкіремейтін сықылды. Қазіргі белгі орыстардың қайығынан айнымай қалған...
Қазығұрт тауын болашақта туризм орталығына айналдырсақ деген жоспарымыз бар. Аспалы жол салып, шетелден келген қонақтарға қызмет көрсететін қонақүйлер тұрғызылса керемет болар еді. Туризм кез-келген мемлекеттің қосымша табыс табатын саласы. Елімізде керемет тарихи жерлеріміз бар болғанымен солардың ішіндегі ең кереметі адамзаттың бастауы Қазығұрт тауы емес пе? Алдымен соны өзіміз мойындай білуіміз керек. Аңыз бойынша Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған деп әлемде үш тау аталады. Арарат, Синай және Қазығұрт тауы. Бұл аңыз желісі бойынша айтылады. Бірақ ешкімнің де нақты дәлелі жоқ. Мәселен мен осының ішіндегі Арарат тауын алып тастар едім. Өйткені Құран кітабын Алла Тағала адамзатқа бергенде ол бұрынғы алдыңғы кітаптарда пайғамбарлардың бәрін мойындап отыр. Олардың бәрі болған, менің кітабым сол заманның кітабы дегендей. Соңғы кітабында Нұқ пайғамбардың кемесі қай жерде қайырлағаны туралы да айтылады. Ол Тұр тауы дейді. Ал жер бетінде Тұр деген тау жоқ. Сондықтан да аңыз ретінде қалып отыр. Сол кезеңдегі Библияда Арарат тауы деп жазылатын болса, Құранда да солай жазылатын еді. Демек Тұр тауы деген болған. Бері келе христиандардың өздері өзгертіп алған. Арарат тауы дегенді бір пысықтар осыдан бір екі ғасыр бұрын енгізіп жіберген ғой. Бұл христиандардың нұсқасы. Ал буддистер Арарат тауын мойындамайды. Олардың қасиетті таулар Фудзияма. Заман өте таулар шөгеді ғой. Осы жағынан алғанда екі тау аңыздағы тауға келіңкірейді. Керемет аңызымыз бола тұра біз неге одан бас тартуымыз керек? Ынталы топтың идеясы бойынша қор аштық. Осы қордың аясында біршама жұмыстар жүргізіліп жатыр. Енді осы қордың аясында қоғамдық бірлестік аштық. Жоспарларымыздың ең бастысы Қазығұрт тауының баурайында көкпардан ортаазиялық турнир өткізгелі жатырмыз. Орта Азияда Қазығұрт тауының қасиетіне ешкім шек келтірмейді. Наурызды бүкіл Қазақстанға насихаттау үшін «Наурыз Қазығұрттан басталады» деген атпен үлкен іс шара өткіземіз деген жоспарымыз бар еді. Оны облыстық деңгейде өткізу жоспарланған-тын. Қазіргі таңда дағдарысқа байланысты бұл жоспар тұсалып тұр. Көнеден келе жатқан аңыздарда наурыздың Қазығұрттан басталатындығы жөнінде айтылады. Сонда дәстүрлі түрде не арқылы таратады? Наурызкөже ме, шырақ, от арқылы таратамыз ба? Осы жөнінде біраз пікірталас болды. Топ мүшелерінің көбісі шыраққа тоқтады. Себебі, халқымызда ежелден келе жатқан «шырағың сөнбесін» деген игі тілек бар. Отты өмірдің жалғасы, белгісі санаған. Соны шырақ арқылы таратайық. деген тоқтамға елгенбіз. Мысалы әр ауданн сол шырақты алып кетуі керек еді. Дәстүрлі түрде үлкен тайқазанға наурызкөже пісіру қажет-тін. Келешекте Түркістандағы тайқазандай етіп бүйіріне «Наурыз Қазығұрттан басталады» деп жаздырып үлкен тайқазан жасаттыру жоспарда бар. Алдағы уақытта осы жоспарды республикалық деңгейге жеткіземіз деген мақсатымыз бар. Әр облыстан өкіл келіп шырақтан алып кетіп сосын оны аудандарына, аудандары ауылдарға таратып осылай бүкіл Қазақстанға таратамыз деген ниетіміз бар. 4-5 жылдың көлемінде жүзеге асыратын шығармыз. Бұдан басқа мүшәйра өткізу, «Оңтүстік Қазақстанның» 85 жылдығына арналған мерейтой өткізілмек. Осы іс шараны Қазығұрт тауынан бастайын деп жатырмыз. Өткізілетін іс шараның бәрі де Қазығұрт тауын насихаттайтын жұмыстар.
- Мультипликация саласында аянбай тер төгіп жүрсіз. Осы саланың кем кетігі жөнінде бірер ауыз сөз...
- Былтыр мультипликациялық фильмдердің сценариіне байқау жариялаған болатынбыз. Бас жүлдені Бекзат Рүстем жеңіп алды. Үкімет тарапынан қаржы қараыратын болса бұл жоба іске асып қалар. Бір мултьфильм жасап шығаруға бір азаматтың шамасы жететін болса онда әр азамат үйінде отырып шығара берер еді ғой. Кино мен мультфильм жасап шығару шығармашылық жағынан бірдей. Алайда орындау жағынан кино оңайырақ, мультфильм қиындау. Соған қарамастан елімізде кино түсіруге үкімет тарапынан миллиондаған доллар бөлінеді. Ал мультфильмге келгенде болмашы тиын тебен ғана қарастырады. Мультфильм саласының «бағы ашылмай» жатқаны сондықтан. Жұмысы қиын да ауыр. Мультфильм өндірушілерге киноға бөліп жатқан қаржының ең болмағанда тең жартысын берсе, сонда ғана сапалы өнім шығарылар еді. Суретші маман күніне бір секунд мультфильм жасап шығарса соның өзін үлкен жетістік деп санауға болар еді. Елімізде бір мультфильмнің бір секундын орта есеппен 100 Ақш доллары деп бағалайды. Бір ғана кейіпкер болатын болса оны жасау оңайырақ. Ал сапалы өнім жасап шығару үшін секундта 20-25 сурет жасап шығару керек. Ол бір ғана кейіпкердің қимылы. Мультфильм деген ол ертегі айтып беретін диктордың жұмысы емес қой. Ол жерде бірнеше кейіпкер болады. Екі кейіпкер болса оны екі есеге көбейтесіз. Он болса... Ал егер соғыс туралы болса, онда жүз адам соғысып жатады. Онда мүлдем қиындап кетеді. Мультфильмді базарда сатылып жатқан кірпіш сияқты бағалауға болмайды. Қазір отандық аниматорлар мультфильмнің бір секундын 100 долларға жасап жатыр. Ал алматылық әріптестеріміз 300 долларсыз қиымылдамайды. Шымкенттік аниматорлар үшін секундына 100 доллар төлесе тақиямызды аспанға атамыз ғой. Әр аймақ үшін баға әртүрлі. Бұған түрлі себеп бар. Азық түлігі арзандау, басқа да төлемдері төменірегі әзірше оңтүстік болып тұр ғой. Халық тығыз қоныстанған. Жұмыссыз жүргендер көп дегендей. Осындай осындай себептер әсер етеді. Маман даярлауда да қалыптасқан өз жүйеміз бар. Сурет салуға икемді мамандығы барларды 3-4 айдың ішінде бесаспап маман етіп шығарамыз. Жақсы маман деген ол бір мультфильмді басынан аяғына дейін алып шығатын адам емес. Көп маманның жұмысының жиынтығынан жақсы өнім шығады емес пе?. Суретшілерге өзіне тиісті жұмысының қыр сырын үйретеміз. Төселіп алғаннан кейін жұмысы дөңгеленіп кете береді. Шығармашылық ұжымды топтастыра білу де оңай емес. Мәселен бір адам үйде отырып бір жылда бір мультфильм жасап шығара алады. Бұл мүмкіншілік жағынан алып қарағанда. Ол бір адамның ғана жұмысы болып шығады. Ол өзі қалай болса солай суретін салады. Оған жақсы дыбыс беру, жақсы ән, постановкасын қою, драматургия деген мәселелер сырт қалады. Соңғы кезде қазақ киносы мен мультфильміне сұраныс артып келеді. Сұраныс бар. Бірақ киноөндірісіміз сұранысты қанағаттандыра алмауда. Үкімет тарапынан қаржы бөліп кино шығарады. Осы жерде шамалы түсініксіздік туындайды. Нарықтың заңы бойынша кім ақшасын төлесе өнім соныкі болуы керек. Үкімет қаржы бөледі. Ол қаржы халықтың қаржысы. Үкіметтің өзі халық арқылы күнін көріп отырған мекеме емес пе? Үкімет халықтың ақшасын кино мекемесіне береді. Мысалы «Қазақфильмге». Демек ол үкіметтің киносы болуы керек. Ақшасын төлеп жасатты ғой. Осыдан кейін кино халықтыкі болуы керек. Ол киноны мейлі «Қазақфильм» жасап шығарсын, мейлі «Жебе» киностудиясы жасасын ол маңызды емес. Маңыздысы үкіметтің қаржысына түсірілген киноөнімдерді телеарналарға тегін таратып беру керек. Сонда халықтың ақшасына жасалған өнім халыққа тегін оралады. Бұл өте орынды болар еді. Ал қазір бәрі керісінше болып жатыр. Үкімет халықтың ақшасына жасайды сөйтеді де ақшаны қайтаруымыз керек дегендей әңгіме айтады. Бұл дұрыс саясат емес. Егер жеке студиялар өз ақшасына фильм түсірсе онда шығынды олар қайтарып алуы керек қой. Бұл түсінікті. Үкімет телеарналардан прокатқа ақша талап етпеуі керек. Қазақстанда шығарылған қазақ киноларының үлкен қоры бар. Соны біз көре алмай жүрміз. Қазір телеарналарды ресейдің, түріктің, кәрістің кинолары жаулап алған. Ал өзіміздің қазақ киноларын өте аз көрсетеді. Тек мерекелерде ғана десе де болады.
- Ал, насихаттау жағы қалай?
- Шығарған өнімдерімізді дискімен тарату мүмкін емес. Шыққан шығынды қайтару дегенде оңай шаруа емес. 2008 жылы өнімдерімізді телеарналарға тегін бердік. Оны анда санда көрсетеді. Ол дегенің аз ғой. Бар жоғы екі-ақ мультфильм. Біз өз ақшамызға жасадық, өзіміз еліміздің алдындағы парызымызды өтейік, жасаған дүниеміз өсіп келе жатқан балаларға рухани азық сыйласын деп тегін бердік. Бұдан ешқандай пайда тапқан жоқпыз. «Жебе» киностудиясы бүгінде еліміздегі бетке ұстар студиялардың бірі. Біз тек қана сапалы дүниелер жасаймыз. Қазір кино саласына да ептеп кірісіп жатырмыз. Кинодан шыққан шығынды қайтаруға болады. Сондай-ақ, түсіру жұмыстарын жылдамырақ бітіруге болады. Ал, мультфильмге үкіметтен тапсырыс алмасақ оны жасап шығару қиын. Егер осы бастан үкімет көңіл бөліп, қолдау жасамаса мультфильм саласы құрдымға кетуі мүмкін. Осыдан екі жыл бұрын «Алтын жебе» атты халықаралық фестиваль өткіздік. Оның негізгі мақсаты Қазақстанда ұлттық аниматорлар бар, ұлттық бағытта тер төгіп жүрген азаматтар бар, мол мүмкіншілік бар екенін паш ету болатын. Оны дәлелдедік те. Бұл саладан алып қарағанда Қазақстан Ресейден кейін екінші орында тұр. Бұл мақтанатын емес, жылайтын мәселе. Себебі, «Қазақфильм» біреу, «Жебе» киностудиясы бір мультфиьлм шығарады. Сонда жылына екі-ақ мультфильмнің тұсауы кесіледі деген сөз. Сонымен екінші орында тұрмыз. Егерде біз жылына 100 мультфильм шығарып екінші орында тұрсақ нұр үстіне нұр болар еді. Фестивальге бір ғана Алматының өзінен ең мықты деген 50 маман келген еді. Әр облыс орталығында анимация технологиясын игерген екі үш студиядан бар. Олар жарнамалық роликтер жасайды бейнеклип түсіреді сөйтіп әйтеуір күн көрудің амалын жасап жүр. Байқау жариялап әр қайсысына бір бірден тапсырыс беретін болса онда еліміз жылына жүз мултьфильм шығарар еді. Сондай мүмкіншілік бар. Бірақ мұны қолға алмай отыр. Неге осыған Үкімет басында отырған көкелеріміз көңіл аудармайды.
Жылда министрлікке ұсыныс жібереміз. Қаржы өте аз мөлшерде қаралғаннан кейін шенеуніктер басын қатырғысы келмейді. Өйтіп бүйтіп сүйек тастағандай «Қазақфильмге» қаржы аударады. Олар қалағанынша жұмыс жасайды. Биылдың өзінде Мәдениет министрлігі қаржы бөлеміз, байқау жариялаймыз дегендей қылған. Алайда қаржыны 100 пайыз «Қазақфильмге» бере салды. Енді осы мекеме байқау жариялап жатыр. Онысымен не тындырады белгісіз. Мультфильмге бөлінген ақшаның тең жартысы сонда қалып қояды. Қалғанына сапасыз дүниелер жасалынады. Кино саласын мықты дамыту үшін жоғары деңгейде бәсекеге қабілеттілік жасауымыз керек. Мысалы Е. Ертісбаевтың тұсында жақсы бастама жасалған еді. «Қазақфильм» ұлттық компания еді оны акционерлік қоғам етті. Ресейде «Госкино» атты мекеме бар. Бізде де сондай мекеме ашылуы керек еді. Олар тендер жариялайтын еді. Оған еліміздегі мемлекеттігі болсын, тәуелсізі болсын барлық студиялар өздерінің жобаларымен қатысатын еді. Деректі фильм саласы бойынша біз бір рет ұтып алдық. Болмашы ғана ақша. Бірақ сол арқылы біз өзіміздің деректі фильм жасай алатынымызды көрсете білдік. Келесі жылы тағы да үлкен тапсырыс аламыз ба деп үміттенген едік. Министр ауысып кетті де бастаманы тоқтатып тастады. 100 пайыз тапсырысты «Қазақфильмге» аударып жібере салды. Сонда ұлттық мүддені ойлайтын шенеуніктер қашан келеді?
Шымкентте «Киножүз» атты студия бар. Олар қазір америкалықтармен бірігіп үлкен жоба бастап жатыр. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген мақал осы жерде дөп түскендей. Тимур Бекмамбетовты кезінде қадірлей алмадық. Қазір соған «елімізге келіп кино саласының абыройын көтер, бізге кино түсіріп бер» деп жалынып жүр. Ол қазір ондай сатыдан өтіп кеткен. Уақытысында өзімізде ұлттық кино түсіреміз дегенде оны ешкім мойындаған жоқ. Елеген жоқ. Содан ол шетелге кетіп қалды. Алдымен ресейліктерді мойындатты. Қазір әлемді бағындырып отыр. Тимур сияқты елімізде қаншама дарынды режиссерлар бар. Оларға жұмыс істеуге мүмкіншілік бермейміз. «Киножүз» еріккенінен шетелге барып ниеттестер іздеп жүр ме? Бүкіл қаржыны бір мекеменің қолына беріп қояды. Олар «шымкенттіктер ауылсыңдар, сендердің қолдарыңнан ештеңе келмейді» дегендей әңгіме айтады. Қазір «Жебе» киностудиясының өнімдерін бүкіл әлем біледі. Ал елімізде бізге тапсырыс бермейді. Неге «Қазақфильм» арқылы береді? Мемлекет бізге тапсырыс берсін. Біз мультфильм, кино түсіріп береміз. Одан кейін біз оны бүкіл телеарналарға таратып береміз. Себебі, біз жұмысшылардың айлығын, авторлық сыйақыларының бәрін соның ішіне кіргіземіз. Былтыр Америкаға барып сол жақтың телеарналарының жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмастық. Олар үкіметтен бір тиын ақша алмайды. Өздерінің авторларын сценарийлерін, режиссерларының бәрінің құқықтарын сатып алады. Олар айтады «мултьфильм түсірейін деп жатырмын. Сен режиссер боласың» деп ақысын төлейді. Бүкіл құқығын сатып алады. Бұл заңға қайшы емес...
Дискімен сатып табыс табу мүмкін емес. Лицензиялы диск жасау үшін Қазақстанда сұраныс бар. Сапалы дүниені миллиондаған тиражбен басу керек. Ал миллиондаған қаржы еліміздегі жеке студиялардың бірде біреуінде жоқ. Сапасыз диск жасап шығару ол абырой әпермейді. Егер сапалы диск шығарған күннің өзінде де ертесіне-ақ «пиратский» дисктер қаптап кетеді. Көшірме жасап сата береді. Миллиондаған қаржы желге ұшты деген сөз. Сол себепті киностудиялар өз өнімдерін дискімен сатуға бел бумайды.