Кеңес Дүйсекеевті қалың қазаққа таныстырып жату артық болар. Композитормен аз кем сұхбаттасудың сәті түскен еді. Артық сөзге жоқ қарапайым көрінді. Бір қызығы композитор қысқа сөйлейді екен әрі жауаптары да тұщымды шығып жатты.
Мысалы былай:
Өзіңізді бақыттымын деп санайсыз ба?
Әрине.
Өмірде ме, жоқ творчествода ма?
Екеуінде де. Творчествомда көбірек. Өйткені менің жазғандарымның орындалмай қалған кезі жоқ. Кейбіреулердің столының үстінде жатады, портфелінде жүреді дегендей. Ал менде ондай жоқ. Жазған дүнием сол сәтте-ақ орындалады. Тыңдарманнан шынайы бағасын алады. Ол мейлі симфониялық, камералық шығарма болсын, ән болсын, не романс болсын ешқандай проблема жоқ.
«Өнер жолыңызды қалай бастадыңыз?», - деген дәстүрлі сұрағымызға:
Мектепте жүргенде-ақ ән шығаратынмын. Бірда ағам Ахмет Жұбановқа алып барды. Ол кісі тыңдап болған соң, мені шығарып жіберіп ағама «мына баланың таланты бар екен. Келешекте үлкен композитор болады. Оқысын. Екі жыл дайындық курсын оқып, одан кейін консерваторияға барса болады. Алайда музыкалық білімі терең болмайды. Талантының көзін ашып, білімін тереңдету үшін әуелі музыкалық училищеде оқысын» депті. Ахаңның айтқанына ден қойып, әуелі дайындық курсын тәмәмдап, сосын училищені 5 жылда, одан кейін консерваторияны 5 жылда бітірдім. Мәскеудің консерваториясына жолдама берген еді. Мен оған бара алмай қалдым. Оның бәрі жетімдіктің «арқасы» ғой. Жасым 28- ге келгенде әйтеуір консерваторияны бітіріп шықтым ғой» деп жауап берді.
– Әндеріңіздің санына көңіліңіз тола ма, әлде сапасына ма?
- Шынымды айтсам, шығармаларымның санын осы күнге дейін санамаппын. Әрине, әннің санына емес, сапасына мән беремін. Эдуард Хонок деген композитор досым бар. Сол айтады: «Жылына бірнеше ән шығарам. Бірақ соның ішінен таңдап, талғап бір екеуін ғана ұсынам. Сол мені бір жыл асырайды. Әрбір өнер адамы өзіне сот, өзіне прокурор бола білуі керек» деп. Расында әңгіме, сонда. Өзімнің 60 жылдық мерейтойымда орындалған әндерімді саралап отырсам жазғандарымның 70 пайызы жаңа әндер екен. Оны жастар да, атақты әншілер де айтып жүр. Таланттыға творчество деген тоқтамайтын, тоқырамайтын нәрсе ғой....
Композитордың бар сұраққа тез және қысқа жауап беруі шынында да қызық көрінгені рас. Бұл бір қарағанда емтиханға да ұқсап кеткендей еді. «Шығармашылықта алдын ала ештеңе жоспарламаймын. Бастысы образ тауып алуым керек» дей келе сөзін былай сабақтады: - Образ тапсам, отырам да жаза берем. Өзінен өзі келе береді. Мысалы, «Қарағым-ай» атты әнімнің шығу тарихы мынадай. Әкем мен 5 жасқа толғанымда қайтыс болған. Әулетімізде ылғи ер азаматтар. Соның ішінде жалғыз апам болған. Сол апам 19 жасында ҚазПИ-де оқып жүргенде қайтыс болды. Сол апама әннен ескерткіш қояйын деген мақсатым болды. Әкем тірі болғанда жалғыз қызын ұзатып тұрғанда айтар еді ғой деген ойдан туындаған еді. Оны әркім өз пайым, парасатына қарай түсініп жүр. Біреулер махаббат туралы ән дейді. Солай түсінсе өздері білсін. Ол қызын ұзатып тұрғанда айтатын әкенің әні.
– Өзіңіздің ізіңізді басып келе жатқан композиторларға көңіліңіз тола ма?
Өзімнен кейінгі толқынға қарап отырсам, арасында әрине кәсіби композиторлар бар. Қуат Шілдебаев, Бейбіт Дәлденбаев, Артық Тоқсанбаев өте талантты композиторлар. Алайда бүгінде екі- үш әнін шығарып студияға барып жаздыртып, «мен композитормын» деп көкірегін ұрып жүргендер көп. Ондайларды әуесқой сазгер деп атауға болатын шығар. Әбілахат Еспаев ағам айтушы еді: «Не боп кетті, өзі. Көшеде кетіп бара жатып таяқ лақтырсаң композиторға тиеді» деп. Расында қазір қалтасы барлардың бәрі композитор болып кетті ғой. Әуесқойлар шығарған қойыртпақтарын студияға апарып береді. Онда отырған кәсіби мамандар өңдеп, жабу жауып, әйтеуір жөнге келтіреді. Бәріне күнкөріс керек. Қазір талғамсыз дүние көбейіп кетті. Халықтың талғамын бұзатын солар.
Соңғы әлетте опералық шығармалар аз жазылып жүргендей. Бұл турасында не айтасыз?
Кезінде Түркменстанда опера театрын жауып тастағаны белгілі. Бұлай бүркенудің қажеті жоқ. Шынына келгенде бізге музыка жанрының бәрі керек. Қажетсізі жоқ. Опера, симфония бәрі керек. Қазақ өзі ерекше халық, әнші халық, өзінің кең даласында айқайлап ән айтқан халық. Сондықтан опера бізге жақын жанр. Мұның бәрі халқымызда бұрынан дамып жетілген. Опера жазу оңай емес. Өте күрделі жанр. Қазір операны көптеп жазуға болады. Бірақ өкіметтен тапсырыс жоқ. Операға кіріссем оған кем дегенде екі жыл уақытым кетеді. Сол екі жылда менің отбасымды кім асырайды? Шымкентшелеп айтсақ, ара арасында ән жазып аз-маз пұл табуға болар еді. Алайда... Бұрын қанша жамандасақ та тапсырыс болатын. Келісімшартқа отырып композиторға алдын ала 30 пайызын төлеп қоятын. Ол қаражат бір жыл беймарал отбасыңды асырауға жетіп артылатын. Сол кезде алаңсыз шығармашылыққа беріліп жазатынбыз. Ал, басыңда «отбасымды қалай асыраймын» деген уайым болса онда қандай творчество болады? Қалай жазуға болады? Әрине мұндайда ештеңе шықпасы өзінен өзі белгілі.
– Қазіргі күнкөрісіңіз қалай?
Бүгінде Астанадағы Өнер институтында оқытушымын. Шығармаларымды түнде жазамын. Күндіз жұмыстамын.
Дәні де, мәні де бар қысқаша сыр-сұхбатымыз осымен тәммәт-тәмәм.
Сұқбаттасқан Гүлжан КӨШЕРОВА
Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ, композитор: «Таланттыға творчество деген тоқтамайтын, тоқырамайтын дүние ғой»
Последние статьи автора