1963 жылы оқуды жаңа ғана бітіріп, жолдамамен Жамбыл облысы, Қордай ауданына барған жас маман Мамытбек Қалдыбай басқа барар жері болмаған соң, Кенен ақсақалдың үйіне түседі. Қасиетті Кенен ата «Бауыржан Момышұлының інісімін» деп келген баланы жылы шыраймен қарсы алып, «қанша жүрсең де еркің» деп төрінен орын берген. Құдайдың құтты күні есті әңгіменің түймесін ағытқан кеудесі кен ата бір әңгімесінде әйел затын бес топқа бөліп беріпті: «Алтын әйел – күйеуімен қайда болса да бірге жүретін, бір елі қалмайтын, көлін қорғаған қызғыштай, күміс әйел – күйеуі қай жерде жүрсе де, «аман жүрсе болды» деп, үйінде шаруасын түгендеп, тілеулес болып отырады, темір әйел – «айтқанымнан қайтпан» деген, көмір әйел – үй-іші ыбырсып, шашылып, есік алды кір-қоқыс боп жататын, ал жез әйел – бүгін мынамен, ертең анамен болсам деген жезөкше әйел». Әншілік, сазгерлік, ақындығынан бөлек, афоризм болатындай, кесек ойлар қалдырған қазына қарт ұрпағының ұлықтауымен көрерменімен деректі фильм арқылы қайта қауышты.
«Түркі әлемі» телестудиясында «Алатаудың ақиығы» деген атпен жуырда тұсауы кесілген 70 минуттық деректі фильмді режиссер Доқтырхан Тұрлыбек пен Бақытжан Кененұлы бір жыл жүріп түсірді.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры, жазушы:
— 1961 жылы Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда, Кенен Әзірбаев жоқтау айтқан. Еш жерде көрінбеген жоқтауды мұрағатты қарап отырып кездейсоқ тауып алдым. Кенен атамыз 1920 жылы Қордайда ревкомның алғашқы төрағасы болған. Кеңес үкіметінің залым саясатынан мемлекеттік қызметтен қашып, ақындық жолға түскен. Партия қызметкерлері, НКВД «бұл ескілікті аңсайды, Кеңес үкіметіне қарсы» деп Алматының абақтысына жабады. Сол кезде қазақтың зиялы азаматтары Мұхамеджан Қаратаев пен Ораз Жандосов болмағанда, Кенен Әзірбаев атылып кетуі мүмкін еді. 60-жылдары тоталитарлық заманның кесірінен, идеологияның нашарлығынан «Алатаудың ақиығын» ешкім іздемеген, ұмыт қалған. Сол кезде алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы Сәбит Мұқанов Алматыдан арнайы іздеп келіп, кітаптарын жариялатып, өкіметке қайта-қайта айтып жүріп 10 бөлмелі үй салдыртып беріп, мұражайын ашқызыпты. Кенекең өмірінің соңына дейін Сәбиттің еңбегін айтып өткен».
Бір жылдары елді жалмаған шешек ауруынан әншінің қос бірдей құлыны қайтыс болып, ақынның «Базар-Назар» жоқтауын шығарғаны белгілі. Баласы «Төрткенге» ақын жүрегінен жыр түлеп ұшты. Ел ішінде «ән-жыр кені Кененнің басқа ұрпағы қалмапты» деп жүргендер де болған.
Көркемжан мен Бақытжан
Екі өркеші түйенің.
Екі емшегі биенің,
Маңдайыңнан сүйемін, – деген өлең жолдары әкесінің жоғын жоқтап, мұрасын насихаттап жүрген Бақытжандай журналист перзентіне арналған. Демек, Кенен ақсақалдың өзі айтқандай, әнші-сазгер «күлшашардан» кенде емес.
Бақытжан КЕНЕНҰЛЫ, ақынның ұлы:
— Әкем Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Хамит Ерғалиев, Тайыр Жароковтармен сыйлас болған. Олардың көзі жоқ болса да, ұрпақтарынан естелік алдық. Ораз Жандосовтың баласы Санжар Жандосов ұлының атын Кенен атаның құрметіне Кенен деп қойған. Сол Кененді тауып алып, сөйлеттік. Осындай тың дүниелерді табуға тырыстық. Жиналған материал сегіз сағатқа жетеді, бірақ ол – болашақтың ісі. Әкемнің әндерінен айтқан «Алтын қорда» концертім бар. Үлкен жиын-тойларда әндерін, термелерін айтам. «Екі Кенен болмайды, Алатауға ексең де» дегендей, ол кісідей болмасақ та, өнерін насихаттау жағында жүрміз. Әкеміздің «Ауылынан ғашық жардың аттанарда», «Ерлі-зайып» өлеңдеріне ән шығардым. Ол кісінің 61 жасында көрген ұлының кенжесімін. Балаларға айғайлап ұрысуды білмейтін. Айтарын дастарқан үстінде өлеңмен-ақ ақтарып салатын. «Қарағым, мен халық ақынымын, халық ақыны болған соң, менің балаларым да халықтың ішінде жүруі керек. Менің атымды пайдаланып, өздеріңді биік ұстамаңдар» дейтін.
Бекен БАТЫРБЕКҚЫЗЫ, Кененнің ақындығын зерттеуші:
— Академияда аспирант боп жүрген кезімде «Кенен Әзірбаевтың ақындығы» деген тақырыпта Мәлік Ғабдуллин жетекшілігімен диссертациялық еңбек жаздым. Сол ғылыми еңбегімді жинақтап, кітап қып шығарсам деген арманым бар. Атаның 90-нан асқан кезінде үйіне барып, қолын алдым. Бәйбішесі Әсет апамыз бар болатын. Екі күн қонып, сыр тартқан едім. Жантайып қалған кезі екен, әңгімесі дәділ. «Бақытжан баламның құрдасы екенсің», – деп жақсы қарсы алып, батасын берді».
1902 жылы қырғыз манабы Шәбденге ас беріледі. Ел-елден келген сыйлы адамдардың ішінде атақты Жамбылмен қатар 18 жасар Кенен де бар еді. Әуелде жасқанған жас бала еті қызып алған соң, жыр нөсерін ағызған. Өнеріне тәнті болған жыр жампозы Жамбыл батасын беріп, Жамбылмен қатар жүлде алып қайтады.
Кенен ата өміріндегі елеулі оқиғаның бірі — Ораз Жандосовпен кездесуі. 1919 жылы Жетісу ақындарының әнші-күйшілерінің басқосуында танысқан ақын Оразды аузынан тастамай, айтып жүретін. Оған арнап «Оразжан» деген үлкен поэма да жазады. Әйгілі музыка зерттеушісі А.Затаевич Ораз Жандосовтың аузынан Кененнен естіген Жетісудың бірнеше әнін нотаға түсірген.
Композитор 90-ға келгенде республика болып дүбірлетіп той жасаған. Әнші-ақынның торқалы тойына сол кездегі ел басшысы Дінмұхаммед Қонаев ағамыз ең жоғары награда «Ленин орденімен» марапаттау үшін арнайы жеделхат жібереді. Кенен атамыз Димаш інісіне алғысын мына өлең арқылы білдірген-ді:
Көрген жоқ қорқып сенің жаудан бабаң,
Қиядағы қыранға да таңданбаған.
Білемін арғы-бергі заманда да,
Бұл қазақ сендей ұлды армандаған.
«Нарым» деп ардақтаймын мен де сені,
Қырандар аспанда емес жерде өседі.
Түсінем, Димаш балам, сен болмасаң,
Кеудеме күн шуағы енбес еді.
Қонды ғой бақыт құсы басыма кеп,
Әзірмін ән салуға қасыңа кеп.
Мен саған 90-ымды бердім, ұлым,
Ел үшін Жамбылдың да жасына жет!
1984 жылы Жетісудың желмаясы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы өз баяндамасында Кенен атаның елеулі еңбегін тілге тиек еткен болатын: «Халық өмірінде Кенен Әзірбаев үн қоспаған, өзінің жарқын таланты мен шуағын төкпеген бірде-бір айтулы оқиға болған емес. Оның тамаша өшпес туындылары бүгінде осы жауапты, құрметті істе сапта тұр. Ақиқаты да – сол!». Расында, «Көкшолақ», «Шырқа, дауысым!», «Базар-Назар», «Бозторғай», «Тік шырқау» сынды озық әндерді қазаққа сыйлаған Жетісу ән-жыр мектебінің белді өкілі Кенен Әзірбаев халық жадынан өшпек емес. Заманында үлкен сый-құрметке бөленген халық еркесінің әндері жылда дәстүрлі түрде өтетін «Шырқа, дауысым» Кенен әндерін орындаушылардың байқауында кеңінен шырқалып та жүр. Аталған мектептің орындаушы-ұстаздары Ержан Қосбармақов, Ақан Әбдуәлі, Шолпан Даржановалар да шәкірттерін Кенен әндерімен сусындатудан жалыққан емес. Кенен атаның келелі жырлары әлі талай буынды тәрбиелейтініне күмәніміз жоқ.