Кейіпкерін рухани биікке көтерген суреткер

Сәуір айының соңғы күні – қазақ қарасөзінің айтулы шебері, қысқа ғұмы­рында артына өлмес дүние қалдырған қарымды қаламгер Ақан Нұрмановтың туған күні. Оның туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Осы мерейлі күннің қарсаңында ұлт перзентінің адамдық, шығармашылық болмысына қысқаша тоқтала кетсек.

                   Абай ОМАРОВ (коллаж)

Алпысыншы жылдардың өкілі
Қазақ әдебиетін 60-жылдарсыз елес­тету мүмкін емес болса, сол 60-жыл­дарыңызды Ақан Нұрмановсыз елестету тағы мүмкін емес.
Ұлт әдебиеті, оның ішінде қазақ прозасы сол жылдарда жаңашыл таланттармен толы­ғып, толайым шығармалармен толысып, жаңа көкжиекке шықты. Қазақ жаңа сөзінің, жаңа­шыл прозасының көшбасшы­ларының ал­дыңғы легінде Ақан Нұрмановтың да бол­ғаны айқын.
Ал Ақан дегенде ең бірінші «Құланның ажалы» ойымызға оралады. Бұл романды автордың сөз өнеріндегі төлқұжаты деп айтсақ болады. Бұл шығармада оның ерек­ше қол­таңба­сы айқын көрінген. Бір адамның өмірі арқылы ұлт тарихының бір үзігін суреттеген Нұрманов, Кеңес өкіметі ор­наған­нан кейінгі Торғай да­ласын­да өткен оқиғаны сөз етеді. Төңкерістен кейінгі аумалы-төкпелі уақыт, мың құбылған за­ман, қилы тағдырлар, адам бойындағы үміт пен күдіктің айқасы – осының бәрі романның өн бойында өз деңгейінде сипатталған. Қаламгер Марат Мәжитұлының қаламынан туған «Құмдағы із» романы Құныскерей жайында болса, Ақан шығармасы – Арқадағы әйгілі Кейкі батыр турасында.
Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлиндер салған классикалық үлгі, қазақы нақыш араға бір буын салып барып, қайта түледі. Түлеткендер қатарында Нұр­мановтың есімі атаусыз қалған жоқ. Ол өзге де әріптестеріндей дәстүрлі тамырдан қол үзбей, ескі мен жаңаның аралығына көпір бола біліп, тыңға түрен салып, өз соқпағын тапты.
Ақан биіктігінің үштағаны
Небәрі 35 жылдық ғұмырында осындай үлкен дүние қалдырған Ақанның бұл жетістігін оның талант ерекшелігімен қоса, соншалық ізденімпаздығымен, білімдарлығымен байланыстырғанымыз жөн шығар. Ол жайында жазушының бала күнінен бірге өскен досы, журналист Мырзабай Кеңбейіл: «Бас­қалардай емес, елтең-селтең жүрісі жоқ оның үнемі кітапханада шұқшиып отыр­ғанын көре­тін­біз. Сабақтан кейін күнұзақ, түннің бір уақытына дейін сарылып кітаптан бас ал­май­тын еді. Ол университетте оқыған жыл­дары да оқып-тоқудан, көне оқу орнының бай кітап­ханасындағы әдебиеттерді ақ­тару­дан бір жалықпады», – деп жазады өзінің ес­телігінде.
Екінші себеп – оның әдебиетке шын беріл­гендігінде, жанкештілігінде шығар. Нұрма­новтың қиырдағы ауылға ат ізін салып, тартып кетуінің артында еркіндікті аңсауы тұр деп айта аламыз. Бұл жолға саналы түрде барып, ноқтадан басын сыпырғандай көрі­нетіні анық. Және ол ойы жеміссіз де болған жоқ. Сол еркіндігінің арқасында көркем дүниелерін жазды, болашақ үлкен шығармаға материал жинады. Романға арқау болған Торғай даласы мен адамдарын зерттеу жылдары еді бұл. Бұл жылдары ол Кейкі батырдың ет жақыны Қы­лыш­бай қарттан «Құланның ажалы» романына қатысты көп деректерді алады. Ақанның жанкештілігі дегенде осыны айтқымыз келген.
Үшінші себепті Ақанның көзсіз батырлығы­мен байланыстырғанымыз жөн болар. Сол жылдары кеңес үкіметі әдебиетті идео­логиялық құрал ретінде пайдаланғысы келген. Пай­да­ланды да. Бұл сөзіміз дәлелді болу үшін бір­қатар шығарманың атын тізіп шығуымызға болады. Бірақ біздің айтпағымыз басқа. Сол қиын-қыстау кезеңнің өзінде Ақан қарағайға қарсы біткен бұтақтай мінез та­нытты. Ұлт-азат­тық көтерілісті суреттеу, көтері­лістің белді өкілінің образын бұрмаламай, дәл сол қал­пында әдеби кейіпкерге айналдыру, кішірейтіп айтқанда, үлкен батырлық еді. Ақан биігінің үштағаны ретінде біз осыны айтуға тиіспіз.
Егер ол ғұмырлы болғанда...
Ақан әдебиетке, жоғарыда айтқанымыз­дай, 60-жылғылар деп аталатын шоғыр та­ланттар: Мұхтар Мағауин, Қалихан Ыс­қақов, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, Сәкен Жүнісов, Рамазан Тоқтаров, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази бастаған бірқатар көрнекті жазушылар­мен бірге келді. Аттары аталған қаламгерлер сол жылдары қандай шығар­малар беріп үлгерсе, Ақан да сол қатарлы дүниелер тудыра білген. Алланың жазуымен жазушының әріптестері ғұмырлы болды. Сол ғұмырларында олар қазақ әдебиетіне көп­теген іргелі шығар­ма әкелді. Егер Ақан да сол әріптестеріндей ғұмырлы болғанда, ол да бірқатар көркем шығармалар­ды берер ме еді деген өкініш те жоқ емес.
Автор мен кейіпкер
Кез келген шығармадағы кейіпкер – белгілі бір мөлшерде автордың өзі. Автор өзінің дүниетанымын, парасат-пайымын, ой-өрісін, өмірлік мақсат-мұратын сол кейіпкер арқылы көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ақан мен Құлан арасынан ұқсастық іздеуімізге болады. Және шығарма кейіпкерінің нақты прототипі Кейкі батырдың күрескерлік рухын Ақан шығармашылығының өнбойынан көре аламыз. Серілігімен, аңшылығымен танылған Кейкі батырдың қолмерген екендігі тарихтан белгілі. Сол сынды Ақан да шығармашылықта қолмерген екендігін дәлелдеді. Еркін сөйлеу мүмкін емес алмағайып кезде дүрбелең кезеңді жазып, адамның қоғамдағы орнын айшықтап, табиғатпен байланысын барынша шынайы суреттегендігі – сөзіміздің дәлелі.
Құлан – жан-жақты ірі тұлға болғанымен, кемеліне келмей кеткен кейіпкер. Ақан да соншалық бай талант пен кенен білімнің егесі бола тұра, толысып үлгермеді. Бұған екеуінің де (кейіпкер прототипі мен автордың) ғұ­мырының келтелігі себеп. Ақан көз жұмған 35 жас дегеніңіз – қазіргі өлшем тұрғысынан қарағанда да, жастық шақтың соңғы нүктесі болып саналады. Сөйте тұра, ол кейіпкерін тарихи, рухани биікке көтеру арқылы өзі де асқақтап кетті.
Бір өкініш, бір үміт...
Ақан дүниеден озғалы бері 45 жыл өтіпті. Сол 45 жыл ішінде заман неше құбылды, қоғам талай өзгерді. Талғам-таразысы дегені­ңіз де, уақыт талабы да жаңаша бет алды. Кешегі күнгі зор санағандарымыз бүгінгі күн­нің биігінен қарағанда төмендеп кетті. Бү­гінгінің мәртебелі оқырманы социалистік реализмнің кезінде жазылған бірқатар шы­ғарманы оқудан саналы түрде бас тартты. Ол шығармалар кешегі күні жүз мыңдаған та­ралыммен таралған еді. Уақыттың сыны дегеніңіз – ең ұлы сын. Бұл сынға шынайы та­лантты шығармалар ғана төтеп бере алады. Ақан шығармаларының бүгінге дейін оқылуы оның уақыт сынынан өткендігін, уақытша дүниелер емес, мәңгілік жасайтынын көрсетсе керек.
Бір өкініштісі – оның өлмес дүниелері бү­гінгі оқырманға толық жетті деп айта ал­май­мыз. Біздің бала кезімізде мектеп кітап­ха­насында оқыған кітабымыз Ақан Нұрма­новтың 1987 жылы жарық көрген нұсқасы болуы тиіс. Одан кейінгі уақытта «Атамұра» баспасынан «Атамұра кітапханасы» серия­сымен қалам­гердің кітабы қайта жарық көрді. Алайда 2000 дана қай жыртығымызға жамау болады? «Құланның ажалы» сынды мәңгілік дүниелер­дің жыл сайын болмаса да, мүм­кіндігінше жиі жарық көріп тұруына ықпал ету керек. Қазіргі заманда қанша талантты болсаң да, артыңда іздеушіңнің болуы міндетті. Онсыз бірдеңе шығады деу қиын.
Оқыған жұрт бағасын біледі. Ақан дейді, «Құланның ажалы» дейді. Ал, жалпысында, на­сихатының кемдеу екені сезіледі. Ендігі жұ­мыс­тар шығармаларын қайта бастырып, жақсылап насихаттауда, кеңірек зерттеу тұрғысында орын алуы керек шығар.
Қазақ талантқа бай. Бай болғандығынан да шығар, кейде тасада қалып қойғандарын жарыққа шығаруға тым әуестене бермейді. Көзден кетсең, көңілден де ысырылатының содан болса керек. Ал Ақан Нұрманов тасада қалатындай талант емес. Жарнама үшін болса да игі істерді атқарғысы келіп жүретін кейбір жайсаңдарымыз бәрін қатырғанымен, осындай толайым дүниелерді оқырманымен қауыштыру жағына келгенде тартыншақтап қалатыны бар. Танымағандығынан шығар. Таныса, білсе, зерделесе, «Құланның ажалы» сынды шығар­маны жарыққа шығару қай жағынан қарағанда да сауапты іс емес пе? Кітап шығарғыш бас­палар да осы жағына көңіл бөлсе екен дей­міз.

Адамшылығы мол Ақан
Ақан Нұрманов жайлы білмекке, бір айтса осы кісі айтар деп, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақов ағамыздың үйіне бардым. Сол үйдегі апамыз әңгімемізге құлағын түріп: «Ақан деймісің? Ой, ол жігіт өзінің үйі бола тұра, біздің үйге қонатын. Мынаның жанынан шықпайтын еді», – деп қалды. Екі суреткердің достығы осы бірауыз сөз арқылы тереңдей түскендей көрінді.
Ал Қалағамыз «Келмес күндер елесін» қолына алып, әңгімесін бастады.  Ол кісі Ақанды әлі күнге дейін Ахан дейді.

Үндеместің бар білгені – ішінде
Аханға лақап ат қонбады. Өзі де оған мән беріп, не ренжіп, не қаперіне алып жатпаған соң, бәрі де жайына қалды. Соның бірі «Үндемес» еді. Не орысшаны, не қазақшаны жарытпаған бір курс­тасымыз деканатқа шағым айтып: «Оқы­тушыларда әділет жоқ, Ахан Нұрманов емтиханда жағын ашпаса да, оған сұрамай «бес» қойып береді» депті. Шетел әдебиетінен лекция оқитын Мадзигон сол шағымға «Дүниежүзілік классиканы Нұрмановтай білген адам университетте оқымай-ақ қойса да болады» деп жауап қайтарған екен. Ахан сабақтан бір күн қалған емес, бір минут кешіккен емес, бірақ бір парақ конспект жазған да емес.
«Қатында» қалған қыз
Шын ниеті ме, әлде Ахан дүниеден қатынсыз өтеді-ау деп жаны ашығаны ма, 30-дан әлдеқашан асып барып, 18-дегі біздермен оқуға қатар түскен Аққатын: «Осы Ахан маған сөз салса, тиер едім», – депті. Ахан оған кейіген де жоқ, күлген де жоқ. Менің намысыма тиді де, каникулда Аханды Алтайға ала кеттім...
Ауылға ала барғандағы ойым – сақа «сұлуларды» дәмелі қылмай, Аханның басын екеу етіп, Алтайдан аяқтандырып қайту. Есіріктік қой, әйтпесе жетектеп кете беретін тегін жатқан қыз бар ма. Есіме бір түскені – Қ. деген қыз. Жесір әйелдің үріп ауызға салғандай жалғызы еді. Менен екі класс кейін оқыған. Жетімнің қайбір жетіскен күні бар, мектеп бітірген соң алысқа ұзай алмай, көрші Белқарағайда сатушы болып істейтін көрінеді. Сонымен Ахан екеуміз қыз көруге аттандық...
Әдемі-ақ бойжетіпті. Сұңғыла қыз бір нәрсені сезгендей біз келгеннен-ақ екі беті нарттай боп өртеніп сала берді. Ұрға­шының көріктісіне күдікпен қарайтын, оның үстіне тісін қақсаң да, тілін көрсетпейтін Ахан дым сездірген жоқ. Бірінші күні де, оныншы күні де... Он күн сандалдық. Топқайың мен Белқарағайдың арасы алты шақырым. Қыз Өрнек ауылын­да тұрады. Өрнек пен Белқарағайдың арасы да алты шақырым. Ахан екеуміз ертеңгісін дүкенді аштырып, кешкісін жаптырып бір-ақ қайтамыз. Қызды аулына жеткізіп саламыз. Рұқсатын сұрамай-ақ. Жаяу-жалпы. Күніне жиырма төрт шақы­рым. Он күн бойы жағын ашқан жоқ. Екі жүз қырық шақырым жағын ашпады-ау!..
Қыз байғұс кет деп те айтпайды, келістім деп те айтпайды. Тіпті неге келіп жүрсіңдер деп сұраған да емес.
Оныншы күні Аханды түрттім. Ол өзімді түртеді. Амал жоқ, қызбен оңаша мен қалдым. Аяғының басына қарап тұрып, екі беті дуылдап тұрып қыз айтты: «Ағатай, – деді, – жолдасыңыз жақсы жігіт шығар, бірақ ол маған жақсы жар бола ма, мен оған жақсы жар бола аламын ба», –  деді. «Күндердің күнінде жараспай жүрсек, осыны сен тауып беріп едің деп сізге ол ренжісе, осыны сіз тауып беріп едіңіз деп мен ренжісем, сіздің обалыңызға қаламыз да», – деді.
Елден кетерде: «Ду-ре-ес!», – деді Ахан отыра беріп.
– Несі дұрыс?
– Сол... дұрыс қой, – деді.
Ахан дұрыс десе де, біреуде есем кеткендей, менің ішім құлазып қалды. Досыма өтірікші болғандай, қыз дәлеліне қаншалық иланғаныммен көндіре алмағаныма кәдімгідей қорландым да, алдарқатқандай болып:
– Алтайға жазда келу керек, Қатын Қарағайды жазда көру керек! – дедім.
– Нешауа, Мақтааралдың қасында бұл жұмақ қой! – деп Ахан қайтарып тастады...
Мақтааралдағы машақат Аханның адамдығын танытты
Мақтаарал дейтініндей бар. Мақтааралға мақта теруге барғанбыз. Ашпыз, жалаңашпыз.
Бір күні Аханымыз ұшты-күйді жоғал­ды. Барсакел­местің елсізінде қалғандай, Тельман екеуміз елегізіп түнімен ұйықтамай шықтық. Қашып кетті ме деп күдік­тенеміз. Қашсаң, тағы да пәле: жетекшіміз сол күні Алма­тыға телеграмма соғады да, «қош бол, университет» деп тентіреп кетесің. Әйтеуір, Құдай сақтап, Аханымыз екінші күннің кешінде үсіп-жығылып оралды-ау. Бір қал­та дәрі-дәрмегі бар, тандырға жапқан төрт таба наны мен бір білем колбасаның шетінен де тістемепті. Ұрлық деп сескенді ме:
– Мұны қайдан алдың? – деп Тельман дүрсе қоя берді.
Жөн айтатын Ахан ба, жеңін түріп, білегін көрсетті. Немере ағасы Шаймерден сыйлаған алтын сағаттың ағарып орны ғана қалыпты. Сонымен соңғы сағатты да жеп тындық. Жемнен де қымбаты дәрі болды. Социал­дың қызуы түсіп, ептеп тамаққа қарады, бірақ орнынан тұрғызуға шамасы жетпеді. Енді не істеу керек?
Ақылды Ахан айтты: «бүйтіп жүре берсек, не аштан өлеміз, не аурудан өлеміз» деді. «Стансыдағы мақта зауытына жүкші керек екен. Ақы-пұлын қолма-қол күнде беріп тұрады. Мен сонда барайын, сен екеуің мұнда мені жоқтатпайтын болыңдар» деді.
...Таңмен таласа мақта тиеген таудай жүк машинасына жармасып кетеді. Кешкісін қас-кірпігін шаң басып, көзі ғана жылтырап, меңдуана жегендей сандалып жетеді. Тельман екеуміз терген мақтамызды үшке бөліп, Ахан­ның есебіне өткіземіз. Есесіне поджаркаға аузымыз жетіп қалды. Өзі де тұйғындай жігіт, бір айдың ішінде шөгіп, шөмиіп кеткендей көрінді. «Енді сені мен ауыс­тырайын» дедім. Біреудің сөзін қабыл алмаса, таң­дайын тақ еткізетін әдеті еді, бұл жолы да таңқ ете қал­ды. Мұ­нысы – шамаңды біл дегені. Нар түйеге жүк бол­­ған­дай тепкілеп нығыздаған дәу қанарды траппен көтеріліп мақта маясының төбесіне апарып төгуге жігіттің жігіті ғана шыдайтыны рас. Бойы шарғы бол­ғанымен, Аханның денсаулығы мықты, күш-қай­раты мығым еді. Университетке дейін тау-кен инс­ти­тутының бір курсын бітірген. Бокстан бірінші раз­рядтың нор­масын орындап тұрған кезінде тренермен төбелес­кені үшін дисквали­фикация жасап, институттан шыға­рып жіберген. Мұны да менен басқа күні бүгінге дейін білген ешкім жоқ. Жатақ­ханада бізбен бірге тұратын химик пен физик жігіттердің жоғарғы математикадан қиналып шеше алмаған есептерін әп-сәтте қағып тастап кете беретін... Әрине, қанар көтеруге келгенде де Аханмен таласа алмай­тынымды сездім.
Ол шығармашылығын Алтайдан бастады
...Аханды қызға өткізе алмасам да, Алтайдан құр қайтқан жоқ. Осы сапардан алған бір әсерден «Әкеңді көрген өлмесін» деген повесть жазды. Қостанайдың облыс­тық газетінің бірнеше санына тұтас жария­ланып еді, тұңғыш тумасына көңілі толмады ма – бірде-бір жинағына қоспа­ды. Мен де мақтай алмадым: Алтай көзге көрікті болғанымен, көмбе астында жатқан қасіреті Алтайдың өзінен де биік еді, Ахан осы әдіптің астарына бара алмады ма, адамдарының табиғаты бұл өңірдің тіршілігінен бөтен, шындыққа жанасымы болғанымен, көркемдік шырайы көмескі боп шықты-ау деймін. Қолжазбасы Кәкімбек Наржановта ма, інісі Маратта ма – ізінен адасып қалдым. Қалайда...
Аханға алғаш қалам ұстатқан Алтай болатын...
Жібегін қаладан тапты
Аханның бір мінезі – ойына алған бір мақсатын орын­дамай тынбайтын: не бар, не жоқ. Алматыға кел­ген соң да жорық қайта басталды.
Күн жексенбі еді. Жатақханада қара нанды қарпып жеп, қара шайдан май қал­қығандай үрлеп ішіп отыр­ғанбыз. Ертесі­мен Ахан жетіп келді. Пысылдап қасы­мыз­да біраз отырды да, «кеттік» деді.
Құлақтан құр қалғандай екеуміз салып-ұрып келеміз. Қайда барамыз деп те сұрағаным жоқ. Қыз-қыр­қын, кемпір-сампыр тиеген Қарғалының қашанда қуырған пісте мүңкіп тұратын пұшықтанау домалақ автобусы кооптехникумға әкеліп төгіп тастады. Мұнда екі туып бір қалғанымыз жоқ еді. Аханым темекісін сорып әлі тұр. Аялдамада екеумізден басқа тірі жан қалған жоқ.
– Әнеу бір екі қызды көрдің бе?
– Көрдім.
– Солар қайда кірсе, сонда барамыз.
–Танитын ба едің?
– Жоқ-ә.
– Танымасаң не деп барамыз?
- Барған соң көреміз де...
Бардық. Көрдік. Әп-әдемі екі қыз екен. Бойы қыл­қан кескендей мына екі пәле қайдан келді дегендей үдірейе қарасты. Екеуінің мекен-тұрағы біреудің шошаласы екен, екі бұзау байласаң, ортасына тосып алатын леген сыймайтын дүңгіршекте екі темір кереует тұр, ыз тартқан тершең қабыр­ғаның алапесін шүберек тұскиізбен жасырған болыпты. Жібек деген жүзі жылы біреуі жыбырлап жүріп примусқа шай қойды. Жы­бырлап жүріп фанер жозы­ға дастарқан жайған болды. Екіншісі төсе­гінен түспей мәйісіп пісте шақты да отырды. Әдемілігін бұлдайтын сияқты. Шайды да мәйісіп отырып, жұп-жұқа ернін шүршитіп отырып зорға ішті. Неге келдіңдер, неге кеттіңдер деп екеуі де сұраған жоқ.
 Қатарынан он күн келдік. Он күн бойы да – осы. Он күнде Аханның қалтасынан жиырма плитка шоколад шықты. Оныншы күні Жібектің де тілі шықты.
– Ағатай, айтшы, мына досыңыз қайсымызға келіп жүр?
– Оны өзінен сұра.
– Оныңызда тіл-ауыз жоқ қой...
Екі қыз иба сақтаса да, әйтеуір, шы­ғарып салады. Қуырған пісте мүңкіген пұ­шық автобусқа мінеміз.
– Расында, сен осы қайсысына келіп жүрсің?
– Әне біреуіне.
– Әне бірі қайсысы?
– Әнеу... Жібек дегеніне.
– Әне біреуі одан да әдемі көрінеді ғой.
– Мейлі, оған да бай табылатын шығар...
Ақыры, Аханның жағы ашылмаған күйі уни­верситетті бітірген күні Батпаққараға тартты да кетті. Анасы Алматыдағы қызына келіп жатыр екен, Ахан кетерде әпкесіне: «Қалиханды тауып алыңдар, Қар­ғалының кооптехникумында Жібек деген қыз бар, соны апама ертіп жіберсін» депті. Ре­дакцияның тапсыр­масымен жол жүріп кетіп едім, мені таба алмаған соң, Қар­ғалыға өзі барып, Жібекті ертіп келіпті де, таныстырып, табыстырып, анасымен бірге само­летке салып жіберіпті. Обалы қане, Нұрман әулетіне төрт мұрагер әкел­ген Жібек Аханның көзі тірісінде жұбайын барынша сыйлады...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста