Kazakh TV тұңғыш спутниктік телеарнасы 2002 жылдың 25 қазанында эфирге шыққан болатын. Бүгінде әлемнің 90-нан астам мемлекетіне қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде хабар таратып келе жатқан телеарна жаңа маусымда көрермендерге көптеген жаңа бағдарламалар ұсынып отыр. Осы орайда, Kazakh TV арнасы қазақ бөлімінің бас редакторы Гүлжайнар Қайымқызы Сүлейменовадан сұхбат алған едік.
– Гүлжайнар Қайымқызы, Kazakh TV арнасы былтырдан бері жаңа атауға ие болып, көрермендердің көзі үйреніп қалған сияқты. Енді арнаның көпшілікке айтар жаңалықтарын білсек...
– Өткен жылдан бері біз өз көрермендерімізге арнамыздың жаңа атпен қоса, жаңаша сипатқа ие болып жатқандығын жария еткен болатынбыз. Сол кезеңнен бері біраз өзгерістер болды. Арна арқаның төріне ауысып, медиаорталықтан хабар тарата бастады. Телевизия саласының бүгінгі замандағы жаңа жетістіктеріне қол жеткізіп, техникалық мүмкіндіктеріміз әлемдік белді арналардың деңгейімен қатарласып жатыр. Осы ретте, Kazakh TV арнасы да жаңа маусымдағы бағдарламалар қатарын молайтып отырғандығын баса айтқым келеді. Бұл журналистердің арқа жерінде үлкен ізденіске қол жеткізіп, шабыттанып жаңа шығармашылықпен жұмыс істеп жатқандығын айқындайды. Арнамыздың көрермендеріне айтар жаңалығымыз биылғы жаңа маусымда 20-ға тарта жаңа хабарлар ашылып жатыр. Оның ішінде бұрыннан келе жатқан бағдарламалар қатарын қайта жаңғыртып отырмыз. Сондай-ақ өзіміз даярлап жатқан бірнеше төл хабарларымыз да бар.
– Осы жерде Kazakh TV арнасындағы тек қазақ тіліндегі бағдарламалар туралы білгіміз келеді.
– Жалпы, арнамызда 40-тан астам бағдарлама үш тілде эфирге шығады. Оның тең жартысы, негізінен, қазақ тілінде көрерменге ұсынылып жатыр. «Асыл қазына», «Соңғы көш», «Дала дауысы», «Атамекен», «Ағайын», «Сәлем-әлем», «Masters of creativity» (қолөнер шебері), «Celebrity World» (жұлдыздар әлемі) сияқты көптеген бағдарламаларымыз бар. Ал биылғы жаңа маусымда үш хабар жарыққа шығып отыр. Олар: «Нeritage» (мұра) деректі фильмі, «Әдебиет әлемі», «Ұлттық энциклопедия». Бұл танымдық, тарихи телетуындылардың көрермен алдында арқалаған үлкен жауапкершілігі бар екендігін баса айтқым келеді. Мәселен, олардың әрқайсысын таратып айтар болсам, «Нeritage» (мұра) деректі фильмінде ұлтымыздың ғасырлар бойы жоғалмай келе жатқан жәдігері, қолөнері, сәулеті, музыкасы туралы аңыз әңгімелер желісінде көркем дүние жасалады. Ал «Әдебиет әлемі» өзінің аты айтып тұрғандай, халқымыздың шұрайлы тілі, көсемсөз құдіретін баяндайды. Бұл жерде ақын-жазушыларымыздың жеке өмірінен гөрі, әңгіме оның шығармаларының жазылу процесі, өмірден алынған протиптері сияқты жазушының біз білмейтін құпияларына тереңірек үңілуге бағытталады. «Ұлттық энциклопедия» бағдарламасында қазақтың тек өзіне ғана тән төл құндылықтарымыз, салт-дәстүріміз туралы ауқымды әңгіме қозғалады. Дәлірек айтқанда, «қымыз», «күбі», «шымылдық», «бастаңғы» деген сияқты біздің сонау ата-бабамыздан келе жатқан ғұрыптарымыздың қазірде жоғалмай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырғандығын шағын хабарымызға арқау етеміз. Осы арқылы шетел жұртшылығына қазақтың мәдениетінің қаншалықты мағыналы, мәнді болғандығын айтатын боламыз.
– Шетелдегі қандастарымыздың өміріне арналған немесе тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға көшіп келген ағайындарымыз туралы хабарлар бар ма?
– Kazakh TV арнасы шетелдегі қандастарымыз бен Қазақстанды жалғап отырған алтын көпір іспетті. Қазір әлемнің 35 елінде 4 млн-нан астам қандастарымыз тұрып жатыр, ал сырт елдегі әр қазақтың төрінде Kazakh TV арнасы үзіліссіз қосулы тұрады. Алыстағы ағайындарымыздың өмірін, салт-дәстүрді сақтап отырғандығын кеңінен әңгімелейтін «Ағайын» деген хабарымыз бар. Осыдан 2-3 жыл бұрын ашылып, күні бүгінге дейін алыс-жақын шетелді аралап 30-дан астам хабар жасадық. Ай сайын іссапарға шығып атажұрттан жырақта жүрген бауырларымызды көзімізбен көріп, көңілімізді бірлеп қайтамыз. Өзім Моңғолия, Қытай, Париж, Өзбекстан елдеріне барғанда ондағы қазақтарымыздың тыныс-тіршілігін терең біліп, ерекше сезіммен оралдым. Мысалы, Моңғолиядағы қазақтардың жайлаудан күзеуге келіп жатқаны, құлын-тайлардың тебісіп жүргені, ат құлағында ойнаған қандастарымыздың боямасыз өмірі біздің бағдарламаға арқау болды, ал Париждің төрінде қазақтың киіз үйін құрып, уығын шаншып тұрған ағайындарымыздың көздерінен қуанышты көргенде жүрегім елжіреп кеткені рас. Атажұрттан жырақтағы ағайындармен кездескен сайын алған әсерді ауызбен айтып жеткізу қиын. «Әр қазақ менің жалғызым» деп Сабыр Адай айтқандай, жүрегің толқып тұратын кездер көп болады. Көршілес Қытай елінде 1,5 млн қазақ тұрады. Олар тіл мен салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай сол күйінде сақтап отыр. Біздер Үрімші қаласынан, Алтай аймағынан бірнеше хабар дайындап келдік. Сонда көзім жеткені, Алтайдың тамылжыған табиғатының аясында төрт түлік малын жайып, құрт-майын, бауырсағы мен қазысын қанағат көріп, ұлттың ұлылығын сақтап отырған ағайындардың тіршілігі көңілімді қуантқанын жасыра алмаймын. Енді елімізге оралған бауырларымызды айтар болсам, Kazakh TV арнасында «Соңғы көш» деген бағдарламада ел тәуелсіздігін алған жылдар ішінде Қазақстанға оралған ағайындарымыз туралы кең көлемде сұхбаттар беріліп, олардың атажұрттан «не алам деп емес, не берем» деп келіп жатқан мақсаты баяндалады. Бұл екі хабардың бірі – алыстағы ағайынды Қазақстанға жақындатса, екіншісі – елге келген қазақтың ұлтына жасап жатқан еселі еңбегін әлем халқына паш етіп отыр.