Кәмен рухына тағзым
Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының ғылыми-насихат жұмысының бір саласы – абайтану, шәкәрімтану, мұхтартану тарихында айрықша орны бар ғалымдар мен жазушылардың шығармашылығына арналған әдеби-танымдық кештер ұйымдастыру.
Таяуда Абайдың қорық-мұражайында кезекті әдеби-танымдық кеш өтті. Кеш Абай топырағында туып-өскен, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, дарынды қаламгер, ұлағатты ұстаз, майдангер жазушы Кәмен Оразалиннің туғанына 90 жыл толуына арналды. Кешке жазушының ұрпақтары, туыс-жақындары мен замандастары, шәкірттері және қаланың зиялы қауымы, студенттер, жазушының туған жері – Абай елінен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Кешті Абай мұражайының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент Әубәкір Жандос Мағазбекұлы ашты. Белгілі ақын, Абай мұражайының ғылыми қызметкері Ә.Қызырбек өзінің жазушыға арналған жаңа өлеңін оқып берді. Жазушының өмірі мен шығармашылығы бойынша мұражайдың жетекші ғылыми қызметкері М.Мұхамедова баяндама жасап, филология ғылымының докторы, профессор А.Еспенбетов жазушының абайтану, мұхтартану ғылымындағы еңбегі, қазіргі кәментану туралы салмақты пікір білдірді. Шара барысында жазушының 90 жылдығына арнайы ұйымдастырылған Кәмен оқуларының жеңімпаздары марапатталды. Мәдениет қайраткері Елдар Оразалин осы шараны ұйымдастырып отырған мұражай басшылығына алғыс айтып, арнайы сыйлық тапсырды. Жазушының замандастары, құрметті ақсақалдар Х.Матаев, С.Тәбәріков, М.Жанболатов жазушының өмірі мен әдеби мұрасы жайында ой бөлісті.