Көшпелі халықтар ілбісті киелі, қасиетті аң деп қастерлейді. Оның ілбіс, барыс, тау барысы, қар барысы, тау жолбарысы деген сияқты түрлі атаулары бар. Ілбіс өте ерте заманнан келе жатқан мысық тектес «қан сорғыш» жыртқыш аң. Ол тау шатқалы, қорым, шағыл жартастарды мекен етеді. Дүниежүзінде Тянь-шань, Жоңғар Алтауы баурайында, Тарбағатай, Сауыр және Ресей, Қытай, Қазақстан, Моңғол елдеріндегі Алтай тауарында кездеседі. Көзге сирек түседі. Дене тұрқының ұзындығы 130 cм-ге, құйрығы 90 см-ге, бойының биіктігі 60 см-ге дейін болады. Ілбістің бір қаруы құйрығы. Құйрығымен аңдарды «соғып түсіреді».
Моңғол тектестер оны «хар мөртөн», яғни «қара жолды» деп одан қорқады. Атып алған соң алдыңғы аяғы табанын тіліп «жолын ашады». Ілбістің өңі мекен еткен жеріне байланысты ақшұбар, қара шұбар, теңбіл шұбар болып келеді. Ілбіс терісін хан ордасына іліп, таққа жауып, астына төсеніп отыратын салт бар. Бұл елбасын «барыстай батыл, батыр» дегенді меңзейді. Моңғолдың соңғы ханы Боғда Жабзындамбының 150 ілбіс терісін жапқан киіз үйі мұражайда сақтаулы тұр. Төрге ілгенде дөдегеден жерге жетіп тұратын ілбіс терісін, әсіресе құйрығының ұзынын халық өте жоғары бағалайды. Ертеде ел басы, патша, қаған, би, төре, батырлар ілбіс терісінен ішік киген. Әскер басы, ержүрек бахадүрлер дұшпандарына айбат көрсету үшін, ілбіс терісін жамылып жауға шабатын болған. Батырлар жауына шабарда, барысқа ұқсас шұбар, теңбіл шұбар ат мініп, дұшпанының үрейін қашырып «айбарланатын» болған. Шұбар атты «нысаналы» киелі ат деп сыйлаушылық көшпелілер арасында дәстүрге айналған. Киім, ішіктің жағасына салатын да салт бар. Ілбіс терісін үйге сәнге және көз-сұқтан сақтауға іледі. Үйге келген кісінің көзі ең әуелі ілбіс терісіне түсіп, көзінің сұғы яғни «улы сәулесі» теріге сіңеді деп көреді халық. Ілбістің еті мен майының дәрілік қасиеті халық медицинасында пайдаланылады.
Ілбіс саны азайғандықтан, өткен ғасырдың екінші жартысында қорғауға алынып «Қызыл кітапқа» жазылған аң. Ол 13-15 жыл жасайды. Ұрғашы ілбісті – таутан, ал күшігін – алан деп атайды. Таутан жыл аралап 2-5 алан табады. Алайда табиғат сұрыптауынан оның 1-2-і ғана тірі қалады. Ол арқар, құлжа, суыр, қоян, ұлар тағы басқа аң құстарды жеп тіршілік етеді.
Таутан өте «балажан» қырағы қағылез келеді. Ол күшіген айырылған кезде өте ашулы болады. Көзіне көрінген адам, мал, аңдарға шабуылдағыш келеді. Емшегі сыздап «амалы таусылғанда» малдың төлін, адамның баласын алып кетіп емшегін емізеді екен. Содан да қазақ халқында «Аланын алдырған таутандай ашулы», «Алма апаннан аланды, таутан ұрлар балаңды» деген тәмсіл сөздер қалған.
Ерлік Ержанұлы (Биқұмар Кәмәлашұлының Улаанбаатарда 2013 жылы шыққан «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабы бойынша дайындалды)