Ғылым – ең таңдаулы зияткерлер ғана түрен салатын сала. Себебі инемен құдық қазғандай көз майын тауысып, санасына салмақ түсіріп, жылдап зертханада отырып, ғылымның кәдесіне жарайтын жаңалық ашқан адам ғана ғалым атанса керек. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз осыдан қалған шығар, бәлкім?! Әйтпесе Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев секілді қазақтың марқасқа ұлдарының аты бүгінге дейін жетер ме еді?! Өкінішке қарай, соңғы кездері осы аға буынның атын асқақтатып, ғылымның айбынын арттырып жатыр деген ізбасар інілердің із кесіп жүргендері көрінбейді.
Ьүгінгі әңгіме талай жыл теория мен тәжірибеге тер төгіп, кітапхананың шаңын жұтып жүрген жандар туралы емес. Қызметін қарық қыла алмай жүріп, дақпырт-даңққа құмартқан шалағай «ғалымдарды» қаузайтын ащы ақиқат. Бұл мәселе тек бізді ғана емес, сізді де, басшыларды да, басқаны да ойландыруы тиіс.
Қариялар «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деп отыратын. Бұл даналық сөз әркім өз ісінің маманы болсын дегенді меңзесе керек. Ал бүгінде ғылымға қосар үлесі болсын-болмасын ғылым кандидаты, ғылым докторы деген атақты иелену жаппай сәнге айналған. Әсіресе мемлекеттік қызметпен айналысып отырған лауазымды тұлғаларға осы атақтың керегі не? Ерігіп не зерігіп кеткен көкелеріміздің жұмсақ тағында отырып алып, тапсырыспен жаздырған ғылыми еңбектің арқасында дардай атақ иесі болып жүргендерін қасқырға қой бақтырғанға теңейміз бе сонда? Шындап келгенде оларға ғылым керек пе, әлде ғылыми атақ па?
Шора САРЫБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі:
– Ғылыми атақ алу үшін ғылыми жаңалық ашу керек. Ол жаңалық сол саланың дамуына міндетті түрде үлес қосқаны абзал. Ал біздегі ғылыми атақ қорғап жатқандарда мұның бірі де жоқ. Студенттердің рефераты деңгейінде жазылған жұмыспен ғылыми атаққа қол жеткізе салады. Олардың көбі – шені, дәулеті бар азаматтар. Әйтпесе министрлікте отырғандардың қайсысының зертханада тәжірибе жасап жүргенін көрдіңіз? Солардың қайсысы кітапханада отырып, кафедрада қызмет етіп еді? Керек десеңіз, олар өзінен бұрын сол тақырыптың қорғалып кеткенінен де бейхабар. Қысқасы, ғылым қолды болып кетті. Ғылыми атақты қорадағы қойдай үлестіріп бере берсе, ғылымда не кие қалды? Осы бассыздыққа шыдай алмағандықтан да мен Ұлттық Ғылым академиясынан өз еркіммен жұмыстан кеттім. Қазір мен Тәуелсіздік алған жылдардан бергі жазылған, қорғалған еңбектердің библиографиялық көрсеткіштерін жинақ етіп жазып жатырмын. Қазір оның алты томы баспа бетін көрді. Жетіншісі жазылу үстінде. Әлі үш томына жүк болатын материалдар дайын тұр. Құдай қуат берсе, олар да шығып қалар.
Нұртаза АБДУЛЛАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Иә, ғылымда шенді шенеуніктердің көп екені рас. Бірақ олардың бәріне бірдей топырақ шашу – ағаттық. Мен он жылдан астам уақыт диссертациялық кеңестің мүшесі болдым. Қорғалған ғылыми жұмыстардың ішінде тың тақырыптар жоқ, бәрі таптаурын болған тақырып деп айта алмаймын. Егемендік алғаннан кейінгі Қазақстандағы діни ахуал мен экстремистік әрекеттерге байланысты жазылған еңбектерді өзім ерекше бағалаған болар едім. Мұнай саласындағы кадрлық қызмет туралы да көтерілген мәселелерді жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ғылыми атақ беру кезінде ағат кеткен тұстарымыз бар екенін мойындауға тиіспіз. Қазір жүйе өзгерді. Бұрынғы жоғарғы аттестациялық комиссия (ЖАК) жабылып, жаңа жүйе енгізілді. PhD деген дәрежені алу енді оңайға түспесі анық. Сондықтан саясаттану ғылымының кандидаты немесе докторы деген ғылыми атақты жамылып жүрген шенеуніктер болашақта ойланатын болар?
Ғылымға еш қатысы болмаса да, ғылыми еңбектерін «сәтті қорғап» алғандар Қазақстанның қай түкпірінде де жетеді. Құзырлы министрліктерден алынған мәліметтерге жүгінсек, егемендік алғаннан кейінгі 20 жылда 20 мыңға жуық адам ғылыми атақ алыпты. Бұл не деген тегін атақ десеңізші. Бұрынғы ғалымдар ғылымға өмірін арнайтын. Тіпті ғылыми атақ алуға өмірі жетпей, үзіліп кеткендері де болған. Бір басылымнан академик Асқар Жұмаділдаевтың сұхбатын оқығаным бар еді. Әлемге аты танымал математик сол сұхбатында бір теориямен бес-алты жылдан бері айналысып жүргенін айтыпты. – «Сол жұмысты аяғына дейін жеткізе аламын ба, жоқ па деп уайымдап жүргенімде, әкім болып жүргендердің көбі доктор болып кеткен. Халықтың қамын ойлап жүргендердің ғылыммен айналысуға қалай ғана қолы босайды екен? Мысалы, мен студенттерге сабақ берсем, ғылыммен айналысуға уақытым жетпейді», – деп ағынан жарылыпты.
Шынымен де, қазір ешқандай жан қинаудың қажеті жоқ. Себебі уақыт өзгерді. Жаһандану заманы. Интернеттің тетігін басып қалсаңыз, қалаған тақырыбыңызды тауып аласыз. Тіпті сізге дайын жұмысты ұсынатын қызмет көрсету сайттары да бар. Тек қалтаңыз қалың болса болды. Іс бітеді, атақ-даңқ келеді.
Кеңес кезінде педагогика ғылымдары бойынша небәрі 20 доктор болса, қазір оның саны бірнеше мыңнан асып-жығылады. Бұл – ғылым мен ғылыми атақтың арақашықтығын көрсететін құбылыс. Әйтпесе сонша докторы, толып жатқан кандидаты бар педагогика саласы неге күні бүгінге дейін сауатты оқулыққа жарымай келеді? Келешек ұрпақтың білімді болуы оқулыққа тікелей байланысты екенін ескерсек, оқулықтағы олқылықтардың орнын толтырмай, білімнің тасы өрге домалай қоюы екіталай.
Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымының докторы, профессор:
– Ғылым – адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымының ең жоғарғы пішімі, оның тәжірибелік қызметінің бір саласы. Ғылымды іргелі ғылым және қолданбалы (кәделі) ғылым деп бөліп жүрміз. Нағыз ғылым іргелі ме, басқа ма, кәдеге жарамай қоймайды. Бірақ ол үшін ғылым мазмұны ақиқатты, нақтылы, деректері пайымды болуы қажет. Айталық, Кеңес заманында біз гуманитарлық ғылым саласында «Аристов былай деген, Бартольд былай деген, Гумелев былай деген, Бичурин былай деген» деп өзгеден дәйексөз алумен шектеліп келдік. Олар не айтса да, соны құптау қажет болды. Ал қазір еркіндік бар да, ізденіс жоқ. Ал, негізінен, ақиқатқа жетудің бірнеше жолы бар: біріншіден, сол ұлттың өкілінің өз түйсігі арқылы ұлт болмысын саралау арқылы айқындалатын шындық, ол түпнұсқаны оқу барысында аңғарылады; екіншіден, түпнұсқа деректің өзі мәлім етер тарихи шындық; үшіншіден, оқиғаның өзінің дамуынан туатын шындық. Кейде бұл оқиғаның бұлай өрістеуі мүмкін емес деп топшылайтын кезің де болады.
ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры, ғылым ғасыры. Ойшыл жазушы Мұхтар Әуезов: «Ғылымы өскен ел – мәдениет тарихында шын өскен ел. Ғылым-тәрбиесі өркендеген ел – өсер ұрпағын, халық-қоғамын шын көрсеткен ел», – деген. Ғылымы дамыған елдің болашағы берік болады. Бүгінде мемлекет отандық ғылымның әлемдік талаптарға сай дамуына баса назар аударып, тиісті қаражат бөліп отыр. Ендеше, ғылымға шын мәніндегі таланттар, дарындылар барып, олар атақ үшін емес, ел игілігі үшін еңбек еткені абзал.
Ғылыми атақта абырой қалды ма?
Последние статьи автора