Еліміздің мәдени, рухани ордасы саналатын Алматы қаласына жыл сайын мыңдаған туристер, қонақтар келеді. Олар ең әуелі қаланың сәніне қарайтыны белгілі. Сондықтан оңтүстік астанамызды гүлдер қаласына айналдыру ісі басты жоспар ретінде жүзеге асып жатыр. Дей тұрғанмен қазір осы гүл отырғызу мәселесіне қатысты біраз кемшіліктерді де байқап қалып жүрміз.
Қаламыздың кейбір көшелерінен болмаса, барлық жерінен гүл атаулыны көрмейсің. Бұл біздің салғырттығымыз ба, жоқ әлде, оны өсіруге әл-қуатымыздың жетпегені ме? Егер жағдайымыз болмаса, неге гүл өсірудің ең тиімді әдістерін пайдаланбасқа?! Біздегі бір кемшілік – гүлдердің біржылдық қана түрлерін отырғызамыз. Егер экономикасы дамыған батыс елдерін алатын болсақ, онда қала сәнін келтіру үшін көбіне көпжылдық, бұтақты гүлдерді егеді. Мәселен, фарсити деген гүл бізге онша таныс емес. Ол қаламыздың бір-екі жеріне ғана егілген екен. Зереңгүл деп атап жүрген бөрте гүлдер де жоқтың қасы. Гүл өсіруші маман Гөзел Құлжабаеваның айтуынша, біржылдық гүл отырғызу үшін кемінде екі ай уақытты ұтуға тура келеді. Оның үстіне бізде қыста гүл өсіретін орындар тапшы. Олай болса, бір рет гүл ашып, ертесіне солып қалатын, үлкен шығындарды қажет ететін гүлдерді отырғызудың қаншалықты пайдасы бар? Ең дұрысы, көпжылдық гүлдерді топтастырып егіп тастап, оған уақытылы күтім жасау. Мұндай гүлдер ерте көктемнен қара күзге дейін кезекпен гүлдеп отырады. Егер осы әдісті қолдансақ, елдің қалтасындағы қаржыны жырмай-ақ, даламызды да, қаламызды да, бақ мекенге айналдыруға болар еді. Гүлдерді қорғау мәселесімен әкімдік арнайы айналысуы қажет. Бізде әлемнің басқа елдерінде сирек кездесетін, Қазақстанның табиғатына тән гүлдер бар. Мәселен, Жоңғар Алатауында жаз мезгілінде шұғанақ деген гүл жайнап жатады. Оны әсіресе, соңғы қоңырау кезінде оқушылар жұлғанға құмар. Қазір олар антропологиялық соққылардың салдарынан тек таудың биік шыңдарында ғана өсетін болды. Осы салғырттығымыз жалғаса берсе, аз жылдың ішінде бұл гүлді көрудің өзіне зар болатынымыз шындық. Еуропаның бір мемлекетінде мынандай заң бар екен, егер сен аулаңа гүл отырғызып, үй маңындағы көгалды дер кезінде қырқып, жөнге келтіріп отырмасаң, саған айыппұл салады. Бізге де дәл осындай заң керек. Әсіресе, қала мен далада соңғы қоңырау кезінде оқушылардың шұғанақ гүлін жұлуына тыйым салынып, қорғауға алынуы тиіс. Бұл кемшіліктерді жоюдың тағы бір жолы – оқушыларға гүлдің қасиеті, артықшылығы туралы арнайы сабақтар өткізу. Егер баланың санасына кішкентай күнінен гүл туралы жақсы ұғымды сіңіре берсе, ол кейін саналы түрде гүлдерді қорғайтын болады. Бір өкінерлігі, бізде балаларға оны үйрететін мұғалімдер тапшы. Тіпті оқушыларға гүлдер жайлы мағлұмат беретін арнаулы оқулықтар, шағын кітапшалар жоқ. Ол да біз үшін құстың сүтіндей қат дүниеге айналып отыр. Дүкен сөрелері тек орыс тілінде жазылған кітаптарға толып тұр. Алайда оны оқып, түсінуге ауыл баласының шамасы келмейді.
Біле жүрер бір дерек:
Бейжің олимпиадасына дайындық кезінде Қытай астанасында 40 миллион гүл егілген екен. Отырғызылған гүлдерді ерекше сыннан өткізіп таңдаған. Олар ыстыққа шыдамды болуы шарт. Себебі дәл олимпиада қарсаңында Қытайдың ең ыстық «Дашу» кезеңі басталған. Бұл кезеңде ауа температурасы 400С-қа жетсе, ауа ылғалдылығы 90 пайызға дейін көтеріледі. Барлық гүлдердің ішінен «бақыт гүлі» жеңімпаз атанып, Қытай астанасын көмкерді. Бақыт гүлі ыстыққа және басқа да факторларға өте төзімді гүл деп танылды. Мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2000 жылдан бастап Қытайда 8,8 миллион га жерге раушан гүлдері отырғызылса, олимпиада өткен орталықта 2 миллион раушан гүлдері жайнап тұрған. Жалпы, олимпиадаға дайындық негізінде Қытай астанасының жер көлемі 43 пайызға көгалдандырылған екен.