Гүлбаршын Тергеубекова: Өнерге обал жасамау керек
-Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы дейді сізді...
-Ол рас. Қаз дауысты Қазыбек бидің жетінші ұрпағымыз. Анам неміс ұлтынан, әкем қазақ. Бойымда неміс ұлтының қаны жоқ деп ойлаймын. Анамның қазаққа келін болғанына 60 жылдан асқан. Ұлты өзге болса да қазақ болып кеткен. Салт-дәстүрді мықтап ұстанады. Көпбалалы отбасынан шыққанмын, 11 баланың тоғызыншысымын. Ән айтуды бес жасымнан бастасам керек. Өнерге бала жасымнан ынтық боп өстім... Жолдасым көлік апатынан қайтыс болды. Екі балам бір қыз, бір ұлым бар. Жолдасым қайтқанда Нұрболым 8 айлық қана болатын. Қызым төрт жаста еді... Балаларыма көп көңіл бөлуге тырысамын. Уақытттан таршылық көрсем де. Балаларымның әкесі де, анасы да өзіммін.
-Әу баста халыққа дәстүрлі әнші ретінде танылдыңыз...
-Мені халыққа танытқан қазақтың қасиетті қара домбырасы дер едім. 1 сыныпта жүргенімде Бәкір Тәжібаевтың «Ақ бұлақ» әнін айтатынмын домбырамен. Әліппемен қоштасқанда ән айтып, газетке шығып жүрдім. Кейіннен Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы музыкалық училищеге түсіп, сонда «Қарқаралы» атты ансамбльде жұмыс істедім. Одан Алматыға келіп Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түстім. Қайрат Байбосыновтың класында оқыдым. Бүгінде дәстүрлі әнмен бірге эстраданы да қатар алып жүрмін. Ешқашан домбыраны тастаған емеспін, тастамаймын да. Екеуін де бірге алып жүремін.
-Дәстүрлі ән айтып жүріп, одан эстрадаға ауысып... дауысымды құртып аламын деп қорықпайсыз ба?
-Менің дауысымды табиғи дауыс деп айтады көбісі. Оның үстіне қойылған дауыс. Оның да үлкен көмегі бар. Бірінің біріне еш кедергісі жоқ.
-«Қасымның әндері-ай» атты кешті ұйымдастырғаныңыз есте. Неліктен таңдау басқа ақынға емес Қасым Аманжоловқа түсті?
-«Қасымның әндері-ай» атты кешті былтыр Алматы қаласында өткізген болатынбыз. Одан қараша айында Қарағанды қаласында өткіздік. Қазақ халқы Қасымның мықты ақын екенін мойындаған. Аудармалары бар. Оның өзі бір төбе. Қасымның жүрегімді қозғаған әні «Өзім туралыны» мен бала жасымнан айтып келе жатырмын. Ақиық ақынның әндері ешкім қозғамай жатқан тұп тұнық михит қой. «Қазақфильм» түсірген Қасым Аманжолов туралы деректі фильмді көргеннен кейін үлкен толғаныста болдым. Көзіме жас алдым. Ол кісінің кереметтей әндері көп. Неге салиқалы кеш өткізбеске деген ой туды. Бұл кеш көпшіліктің көңілінен шықты. Соған ризамын. Халық өте көп жиналды, зал толы болды. Әншілерге сауын айтқанымызда шүкір бәрі де сырт қалған жоқ. Көмектерін көрсетіп, демеу болды. Композиторларымыз да бұл шарадан тыс қалған жоқ Ақиық ақынның өлеңдеріне жаңа ән жазып, бұрыннан айтылып келе жатқан әндеріне өңдеу жасады. Халық мұншалықты қошемет көрсетеді деп ойламаппыз. Алматыдан кейін Астана қаласында өткізсек пе деп жоспарлаған болатынбыз. Бірақ Қасым Аманжоловтың туған жерінен аттап кетуді жөн көрмедік... Бұл кешті ұйымдастырғанда жүрдім-бардым емес, үлкен дайындықпен келдік. Алдымен жұртшылық назарынан тыс қалған өлеңдері, әндері бар ма деп сұрастырдық. Ел іші тұнып тұрған мұра ғой. Қарағанды облысының өзінен жиырмадан астам ән беріп жіберді. Оның ішінде бұрын халық арасында кең таралған әндерінен бөлек түрен салынбаған тыңдай болып жатқан, бұрын жарыққа шықпаған әндері де бар. «Өзім туралы», «Дариға, сол қыз», «Жас дәурен», «Айтшы, жаным» сияқты танымал әндері жаңадан әрленіп, тыңдарманға жол тартты. Ал Роза Бағланова орындаған «Ах, Самара жас қала» әні Қасым Аманжоловтың аудармасы екенін көпшілік сол кезде естіп таң қалып жатқандар болды. Бұл кеш ақынның шығармашылығын тірілткендей, екінші тынысын ашқандай болды. Осы кеште сондай-ақ ақынның керемет өлеңдері оқылып, кейінгі толқын інілері арнау өлеңдерін жолдады. Кеш өткеннен кейін «әндерін қайдан алсақ болады» деп сұраушылар көбейді. Кейінгі толқын жастар ақиық ақынның әндерін ұмытпай орындап жүрсе соның өзі үлкен мақтаныш...
-Талғамның төмендеп кеткені ме, бүгінгі жастар дәстүрлі әнге мән бермейді. Эстрадалық әндерді сүйіп тыңдайды. Дәстүрлі ән айтып жүріп «өтімсіз әнші» болып қалып кетпеймін бе деген үрей жоқ па?
-Репертуарымды саралап отырсаңыздар жеңіл желпі, мағынасыз әндер жоқ. Әнге келгенде талғамым зор деп айта аламын. Оған үлкен жауапкершілікпен қараймын. Көңіліме жаққан әннің әуені өте әдемі болуы керек. Сөзі, мағынасы, мәні бәрі-бәрі көңілімнен шықса ғана орындаймын. Көптеген композиторлар әндерін ұсынып жатады. Оны бас салып тезірек жаздырып тастайын деген ой болмайды менде. Мақтанбай-ақ қояйын менің орындауымдағы әндерді көпшілік ұнататын айтып жылы лебіз білдіріп жатады. Кезінде композитор Бауыржан Өскенбекпен орындаған «Өзіңді іздедім» мән мен мазмұнға толы ән. Күйем,сүйемнен аулақ «Ағайын» атты әні қандай керемет. «Қуаныш пен шаттығың тарқамасын ағайын» деген әдемі сөздері бар. Жеңіл әндерді ешқашан айтқан емеспін. Мелодиясы түзу болмаса ол әнді мен ешқашан орындамаймын.
-Әншілердің көбісі той арқылы табыс табатыны белгілі. Тойға өтімді әншісіз бе?
-Кереметтей табыс табамын деп айта алмаймын. Бірақ, шүкір жаман емес. Бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Сұраныс бар. Шақырып жатады. Маған сұмдық гонорар бермедің деп тағы өкпелемеймін. Мені халық ешқашан ренжіткен емес.
Әншілердің көбісі өздерін жан-жақты қырынан көрсетіп жатыр. Бірі тележүргізуші, енді бірі асаба...
Бір фильмге «Қазақфильм» кастинг жариялап, соның сүзгісінен өткен едім кезінде. Кейіннен ойлана келе «мені қинамай-ақ қойыңдаршы, мен актриса болмай-ақ қояйын. Осы әнімді айтып жүре берейін» дедім. Негізі жүргізушілікке де шақырған. Бас тарттым. Әркім өзінің саласында бесаспап маман болуы керек. Әр ненің басын бір шалмай. Әнімді халқыма сыйлап, ізденіп, жаңа әндерді орындап жүрсем сол жетеді маған.
-Қазақ эстрадасында көңіліңіз толмайтын жағы бар ма?
-Жақсы жағы да бар, жақпайтыны да жоқ дей алмас едім. Деңгейі төмендері де бар. Әншілердің көп болғаны жақсы. Көпшілік өзінің талғамына сайын таңдап, екшеп алады. Біріне ұнармын, біріне ұнамауым мүмкін. Әркімнің талғамы әртүрлі ғой. Талғамға талас жүрмейді деген тағы бар.
-Балаларыңыз өзіңіздің жолыңызды қуғанын қалайсыз ба?
-Балаларым өнерге өте бейім. Қызым Сандуғаш өте талантты. Ән айтады. Биге де икемі бар, үйірмеге қатысады. Бір жылдай ұлттық арнадағы «Еркетай» бағдарламасын жүргізген болатын. Қазір ол бағдарламаны жауып тастады. Соны көргендер мақтап жатады. Менің Алматыдағы «Айналдым елім» атты жеке шығармашылық кешімде ән айтқан болатын. Сонда байқағандар «Қызың өте талантты екен. Дауысы да әсем, сахнаға да икемі зор. Бірінші рет шығып тұрса да жиі сахнаға шығып, ысылған балаға ұқсайды» деп бағасын беріп жатты. Ұлым спортқа жақын. Футбол ойнағанды ұнатады.
-Клипіңіздің көптігімен мақтана аласыз ба?
-Ең алғашқы бейнебаяным «Гүлдерайым» атты халық әніне түсірілген болатын. Таудың етегінде, тамаша табиғаттың аясында түсірілген еді. Екінші бейнебаяным қызым Сандуғаштың екі жасында түсірілген. Құстарды тордан шығарып, ұшырып жіберетін керемет мағыналы бейнебаян. Естайдың «Құстар» атты әніне түсірілген-тін. Жолдасымнан айырылған кезде түсірілген «Сағыныш» атты бейнебаяным бар. «Қарындасым қарлығашым», «Айналдым елім» атты бейнебаяндарым бар. Бәрі де кезінде халықтан өзіндік бағасын алды. Кейінгі 4-5 жылдың көлемінде бейнебаян түсірілген жоқ. Болашақта бір жоспарым бар. «Айналдым елім» сынды патриоттық рухтағы ән болмақ. Түсіріліп жатса көре жатарсыздар.
-Хоббиіңіз не?
-Ән айту. Өкінішке қарай көбіне бос уақыт бола бермейді. Қолым қалт еткенде тренажер залдарына барамын. Өзімді күтуге тырысамын. Өйткені маған күш қайрат керек, орнын толтыруым керек. Шаршамауым керек. Екі баламды жеткізуім, жетілдіруім қажет. Өнерім де тұр. Бәріне үлгеруім керек.
-Оқытушылық сияқты тұрақты жалақы түсіп тұратын жұмысыңыз бар ма?
Ондай жұмыс жоқ. Осыдан он бес жыл бұрын Өнер академиясында оқытушылық қызмет атқарған болатынмын. Жолдасым қайтқаннан кейін көбіне екі балама көңіл бөлуім керек болды. Қызым 4 жаста, ұлым 8 айлық болатын ол кезде. Олардың сабақтарына қарауым керек. Бос уақыт деген болмайды менде. Оқытушылық деген де оңай жұмыс емес. Бір баланы дайындасаң мәселен оған үлкен жауапкершілікпен қарауың керек. Өнерге жауапкершілік керек. Өнерге обал жасамауың керек. Ал айлық алсам болды деп жүрдім-бардым қарау менің қаныма бітпеген қасиет. Гастрольдік сапарға шығып кетесің. Кейде басқа жұмыстарың шығып қалады дегендей. Қай істі қолға алсам да асқан жауапкершілікпен кірісемін. Сол себептен де дарынды балаларға обал жасамайын деп шештім. Сабақ беруден бас тарттым. Біреудің обалына қалуға болмайды.
-Өнер адамы ретінде жаныңызды ауыртатын жағдайлар жиі болып тұра ма?
-Кейде жылайтын кездерім де болады. Өнер жолы өте ауыр жол. Кейде жүрекке жүк түсіп, ауырып қаламыз. Бірде құлайсың, бірде көтерілесің. Сондай кездер болып тұрады. Еңбегіңді ескермей жатқаны жаныңа батады. Мемлекеттік деңгейде өтіп жатқан концерттерге бірде бір рет шақырған емес. Жас та емеспіз. Осы кезге дейін «Еңбек сіңірген әртіс» деген де атақ берген емес. Ол атақты әлдеқашан халықтың өзі беріп қойғанымен мемлекет тарапынан еленіп жатқан жоқпыз. Уақыт та өтіп барады. Еңбек сіңірмегендер де алып жатыр ғой. Сондай кезде ойланасың. Еңбегіміз жоқ па деп?
-Өзіңіздей талай таланттың тасада қалып жүргені рас. Кеше ғана сахнаға шыққан, бірде бір рет шығармашылық концертін бермеген кейбіреудердің қалай еңбек сіңіргенін кім білсін? Бұл өнердің дұрыс бағаланбайтындығынан шығар бәлкім?
-Мүмкін. Бәрі де мүмкін. Мәдениет қайраткерін білмеймін, бірақ енді еңбек сіңірген шығармын. 20 жылдан бері сахнада жүрмін халықтың алдында. Бір, екі жылда өскен әнші емеспін. Баспалдақпен біртіндеп жоғарылап келе жатқан әншімін. 20 жыл аз уақыт емес. Мен туралы қаншама мақалалар шықты, хабарлар жасалды. Облыстарда қаншама концерттерімді бердім. Оның бәрі қаншама еңбек. Расында өзіңіз айтқандай бір ән жинағы шықпаған, не бір кеш өткізбегендер де атақ алып жатыр.
-«Жұлдыз ауруымен» ауырмайсыз ба?
-Жоқ, бар қалпым осы, қарапайыммын. Халық мені өсіріп жатыр, мен үшін бұл үлкен құрмет.