Көнеден күңіреніп жеткен сырлы сазбен көрерменін баурап алған «Тұран» этнографиялық ансамблі әлемдік киноның астанасы Лос-Анжелеске бүгін түнде ұшпақшы. Өйткені маусымның 10-ы мен 26-сы аралығында Голливудта отандық кинематографтардың үздік тоғыз киносы қазақ киносының фестивалінде тұңғыш рет көрсетілгелі отыр. Атақты Билли Улдердің театрындағы Хаммер мұражайында өтетін ашылу салтанатына біздің «тұрандықтар» арнайы шақырту алған екен.
Осыдан үш жыл бұрын, 2008 жылы құрылған «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары бір кездері елімізге белгілі «Сазген сазы» ансамблінің орындаушылары болған. «Сазген сазында» жүріп, тәжірибе жинап, басқа этнографиялық ансамбль құруды мақсат еткен жастар діттеген үдеден шықты. Қаншама байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Былтырғы жылы өткен «Ортеке» дәстүрлі қуыршақ өнерінің халықаралық фестивалінде ортекені ерекше ойнатып, дөңгелете шыр айналдырып шоу жасаған өрендер шетелдіктердің таңдайын қақтырғанын білеміз.
«Тұранның» бес мүшесі – Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Хорлан Картенбаева, Серік Нұрмолдаев, Абзал Арықбаевтардың барлығы да – кәсіби музыкалық білімді музыканттар. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлектері. Олар өз мамандықтары бойынша игерген домбыра, қылқобыз, прима қобыздан бөлек, жетіген, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, шіңкілдек, дауылпаз сынды аспаптарды да меңгеріп, қосымша білімдерін жетілдіріп жүрген жайлары бар.
Мақсат МЕДЕУБЕК, ансамбль мүшесі, қылқобызшы:
– Алғашында киімдерімізді өз қаржымызға тіктірттік. Қазір, құдайға шүкір, қол ұшын беретін адамдар табылып жатыр. Шетелдерден де арнайы ұсыныстар түсіп, шақырту алып тұрамыз. Бұрын-соңды болмаған жаңалық – Германияда өткен Уoung Euro classic фестивалінде Ақтоты Райымқұлованың «Дала сыры», Алматыда «Ежелгі Тұран», Америкада «Жәмилә» симфониялық поэмаларын симфониялық оркестрмен қосылып орындадық. Этнографиялық аспаптық ансамбль мен симфониялық оркестрдің қосылып орындауы тыңдаушылардың ықыласын тудырды, таң қалды, өте жоғары деңгейде қабылдады.
Кинофестиваль ұйымдастырушылары АҚШ-тағы Қазақстанның елшілігі мен Лос-Анжелестегі Қазақстанның әрі Helix Films кинокомпаниясының елшісінің арнайы шақыртуымен мұхит асқалы отырған қазақтың қара домбырасы мен қоңыр үнді қобызын, өзге де көне аспаптарын арқалап, дәстүрді дәріптеп жүрген ұл-қыздарына сәттілік тілейміз. Ежелгі қазақ сахарасы, Тұран ойпатының шаңын шығарып, шабытын шақырып жүрген өнер иелері әлі талай елде қазақ атын шығаратынына бек сенімдіміз.
Голливуд «Тұранды» тосып отыр
Последние статьи автора