Ғалымның шығармалар жинағы жарық көрді
ҚР Ұлттық кітапханасында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Парасат, Құрмет, «Барыс» ордендерінің иегері, филология ғылымының докторы, профессор, жазушы, Қорқыт Ата мұралары бойынша ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековтің 75 жылдығына орай «Күлтегін» баспасынан жарық көрген 7 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.
М. Жолдасбековтің «Күлтегін» баспасынан жарық көрген 7 томдық шығармалар жинағы «Асыл арналар», «Тәуелсіздік тағылымы», «Кісілік кітабы», «Асылдарым», «Күндерімнің куәсі» (1-2 кітап), «Шіркін, дәурен», «Мыңжылдық жолаушы» атты сегіз кітаптан тұрады. Басылымдарда автордың зерттеулері, мақалалары, сұхбаттары, эсселері, тебіреністері, ойлары, әндері, сценарийлері мен М. Жолдасбеков еңбектерінің «Өткен күнде белгі бар» атты библиографиялық көрсеткіші енгізілген. Бұған дейін «Мөлдір бастаулар» (1992), «Жүрегі жүз жыл жырлаған» (1993), «Орхон ескерткіштері» (2001), «Тастар сөйлейді» (2001), «Елтұтқа» (2002), «Шың мен шыңырау» (2002), «Қазақстан – ХХI ғасырда», «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» (2005), «Күндерімнің куәсі» (2007), «Сөзді ұғатын кез келді» (2007) тағы басқа да көптеген еңбек жазған ғалымның қоғам өміріндегі қайраткерлігі де көпшілікке мәлім. Кітап тұсаукесерінде халық тағдырына қатысты кез келген мәселеде өзінің ашық ой-пікірімен топ жарып жүрген қайраткердің қандай құрметке болса да лайық екендігі айтылды. КСРО-ның Халықтар достығы (1986), Қазақстан Республикасының Құрмет (1996), Парасат (2005), ІІІ дәрежелі «Барыс» (2011) ордендерінің, Күлтегін сыйлығының иегерінің жаңа кітаптарының тұсаукесерінде ҚР Ұлттық кітапханасы кітап қорынан «Жүрегіне қаламын сүйеген» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кешке белгілі ақын-жазушылар, баспагерлер, белгілі қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушылар, жоғары оқу орындарының студенттері, Алматы қаласының кітапханашылары қатысты. «Ғалым ретінде көне дәуірлік кезеңге алғашқы түрен салған санаулыларымыздың бірі. Одан кейін Мырзекең тұтас ауыз әдебиетінің, Жетісудың бай, құнарлы тарихы бар, сол кезеңді зерттеді. Міне, осының барлығы, айналып келгенде, зерттеуші ғалымның парасат-пайымының тереңдігін, табандылығын аңғартады. Бізде құндылықты бағалаудың үш түрлі өлшемі бар: биіктік, кеңдік, тереңдік. Сол тұрғыдан алған кезде осы үш ұғым Мырзекеңнің тұлғасын көркейтетін, тамырын тереңдететін, парасат-пайымының биіктігін аңғартатын дүниелер», – дейді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан ОРАЗАЛИН.