Осыдан бір ғасыр бұрын, 1911 жылы желтоқсанның 14-і күні Оңтүстік Полюске Норвегияның полярлық саяхатшысы және зерттеушісі Амундсен Руальдің табаны тиген болатын. Руальмен жарыса шыққан Роберт Фалкон Скотт бір ай уақытқа кешігіп, 1912 жылы қаңтардың 18-інде жетеді. Алайда құрамында бес адам боп шыққан Скоттың экспедициясы қайғылы оқиғамен аяқталады. Өздерімен ала шыққан мото-шаналары бұзылып, ит жеккен арбаларды менсінбей, оның орнына алған мәнжүрлік шағын жылқылары суық пен жол азабынан өледі. Ақыры, қайтар жолда суық пен сырқаттан экспедиция мүшелері түгелімен қырылып қалады. Содан бері Оңтүстік Полюске экспедиция жасау дәстүрге айналды. Бұл дәстүрге енді біздің ғалымдарымыз да үлесін қоспақ.
Кеше Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Қазақ географиялық қоғамы» қоғамдық ұйымы Жердің Оңтүстік Полюсіне тұңғыш қазақстандық автокөлік экспедициясын ұйымдастырып, бір топ ғалыммен аттануға дайындалып жатқанын хабарлады. Өздеріңіз білесіздер, бұл ұйым 2010 жылы құрылған болатын. Қоғам қызметінің құрылудағы басты мақсаты – географиялық және сол іспеттес табиғат пен қоғам жөніндегі ғылымдардың дамуына ықпал ету, ғылыми жетістіктерді насихаттау, ғылыми ізденістердің нәтижелерін көпшілікке паш ету, сондай-ақ тәжірибе жүзінде қолданысқа енгізуге атсалысу және ғылыми шығармашылықты дамыту. Осыған байланысты Қазақ географиялық қоғамының қамқорлық кеңесі қаржы көздерін тауып, ал ғылыми кеңесі іріктелген ғылыми жобаларды іске асырады. Осы негізде жүзеге асқалы жатқан алғашқы жобалардың бірі – осы экспедиция. Қазақ географиялық қоғамының мүшесі, профессор Орденбек Мазбаевтың айтуынша, экспедиция құрамына географтар ғана емес, тарихшылар, биологтар, экологтар да кіреді. Алайда әзірге нақты қанша ғалым баратыны, кімдердің баратыны белгісіз. Барлығы іріктеуден өтпек.
Ғылыми кеңес Оңтүстік Полюске баратын ғалымдарымызға Ақ континенттің табиғи-климаттық ерекшеліктерін зерттеуге жағдай туғызатын экспедицияның ғылыми бағдарламасын әзірлеуде. Ғалымдарымыз, негізінен, ең таза саналатын континенттің метео-экологиялық қалыбын, сол жердің қары мен мұзының сынамаларын алып, Қазақстанға әкеп зерттемек. Сондай-ақ Оңтүстік Полюстегі климатқа метео бақылау жасамақ. «Өздеріңіз білесіздер, Антарктида әлемнің ауа райына ықпал етуші, ауа райының «кухнясы» десе де болады. Новолазаревск бекетінен Оңтүстік Полюске дейінгі барар жолда метео бақылау жүргізіп, сол арқылы аталмыш материктің экологиялық жағдайын байқамақпыз. Себебі Ресейдің мәліметтері қолымызға түсе бермейді. Ал бұл зерттеулеріміз Қазақстан үшін артық болмайды. Тіпті қазіргі география оқулықтарымызда да мұндай мәліметтер жоқ. Ол оқулықтар ескі деректермен оқытылады», – дейді Орденбек Мазбаев.
Жоба бойынша, экспедиция «Новолазаревская» бекетінен бастап жолға шығып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында, 16 желтоқсанда Оңтүстік Полюске жетуі көзделген. Яғни бұл экспедиция ең әуелі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына бағышталады. Сосын Руаль Амудсеннің Оңтүстік Полюске алғаш аяқ басқанына жүз жыл толуына, сондай-ақ еліміздің Ислам конференциясы ұйымына төраға болуына және Семей ядролық полигонының жабылуының 20 жылдығына арналады.
Айпақшы, ғалымдарымыздың Оңтүстік Полюске сапары басталмас бұрын, олар мінетін көліктер діттеген жерге барып келіпті. Жол сынағын ойдағыдай өткерген Toyota Hilux автокөліктері Исландияда арнайы тапсырыспен жасалған көрінеді. Олар 2010 жылдың тамызында арнайы тест-драйв сынағынан өткен, енді келесі саяхатқа әзір.
Антарктиданың сарышұнақ аязына бейімделген көліктердің саны үшеу. Екеуі – қазір сол Антарктида құрлығында. Біреуі – осы жақта. Несін айтасыз, жүргіншілеріміз арасы 2308 шақырым болатын «Новолазаревская» бекеті мен Оңтүстік Полюс маршрутын 108 сағатта жүріп өтіп, Антарктидаға жету жылдамдығы бойынша рекорд жасаған. Бұл да Қазақтың тарихында алғашқы рекордшы ел ретінде тайға таңба басылғандай жазылмақ. Ендеше, Ақ құрлықта көк туымыздың желбірейтін күні алыс емес...
НОВОЛАЗАРЕВСКАЯ БЕКЕТІ
Экспедиция өз саяхатын 1961 жылдың 18 қаңтарында Владислав Гербович ашқан «Новолазаревская» бекетінен бастайды. Бекеттің солтүстігінде теңіз асты мұздық шалғайы басталып, Ленинградский күмбезімен шектеледі. Оңтүстігінде жатқан материктік мұз қалқанының бөктері 50 шақырымда 1000 метр биіктікке көтеріледі. Бекет Лазарев теңізінен 80 км қашықтықтағы «Королева моды» жерінде орналасқан Ширмахер оазисінде орнатылған. Оазистың ауа райы, негізінен, күн радиациясының қарқындылығы және континенттік белгілер басымдылығымен төменгі температуралық сипаттамасында қалыптасқан. Бекет маңайындағы жылдық орташа ауа температурасы – 11 градус, ең төменгісі – 41 градус, ең жоғарғысы +9,9 градус. Полярлық түн (күн) екі айға жуық созылады.