Көпшіліктің көңіл түкпірінде, жүрек төрінде атпал азамат, асыл аға ретінде сақталып қалған қазақ сөзінің хас шеберлерінің бірі Ғали Орманов еді. Оның өзі өмірден озғанымен, бүгінде ақынның ырғақты, ұйқасты, мазмұнды, сыршыл өлеңдері мөп-мөлдір бұлақтай болып өз халқының көкейінде сыңғырлап жатыр. Ақынның сырлы өлеңдерімен жас ұрпақты сусындату мақсатында таяуда «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты «Заңғар» шығармашылық бірлестігі, Алматы қалалық білім басқармасы, Алмалы аудандық әкімшілігі ұйымдастыруымен Алматыда Оқушылар сарайында мектеп оқушылары арасында республикалық ақындар айтысы өтті.
«Қалса өлеңім көңілге жаққан шамдай,
Ойлар мені ел-жұртым естен салмай.
Көкейінде көп жылдар сақталармын,
Жолаушылап бір жаққа кеткен жандай»,
– деп жырлаған Ғали ақынды еске алуға арналған республикалық ақындар айтысына Қызылорда қаласынан, Алматы және Жамбыл облыстарынан келген жас ақындар қатысты. Сөзге шебер, ойлары ұшқыр жастар ақын бабаларына арналған айтыста бар өнерлерін ортаға салып, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді тілдерімен түйреп айтып, жарасымды әзілдерімен түйдектете өлеңге қосты.
Бақ пен бап шапқан сөз додасында бас жүлдені Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына қарасты колледждің студенті Төреғали Әлиханов еншіледі. Бас жүлденің марапаты – Түркия еліне жолдама. I орынға тігілген ноутбук Қызылорда облысының Шиелі ауданынан келген жас ақын Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Ал II орынды Алматы қаласының айтыскері Манас Қайыртайұлы мен Алматы облысының ақыны Ізтілеу Ахметжан қанжығасына байласа, III орынға Бибігүл Тілеуболдина лайық деп танылды. Жас ақындардың ынта-жігерін қолдап, оларға бас демеуші болған – Алматы қалалық мәслихатының депутаты Құсман Шалабаев. Сондай-ақ қазақ өнеріне жанашырлық танытқан кәсіпкер Марат Нәлібаевтың арнайы тағайындаған ақшалай ынталандыру сыйлықтары Елжас Әбілдә, Қанат Мырзахан, Абзал Қамбаров, Ақан Марғұлан, Сақаба Ерлан, Боқан Қанат, Нұрым Әкімбаев, Айым Көшербай, Нұртай Нұрғали сынды айтыскерлерге табыс етілді.
Тартысты әрі қызықты өткен айтысқа Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Сондай-ақ қазылар алқасының құрамында Алмалы ауданының әкімі Марат Үсенұлы Пірінбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марфуға Айтқожина, айтыскер ақын Серік Қалиев, ақынның қызы Жәмиға Ғалиқызы Орманова, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айнаш Есали сынды ел танитын белгілі адамдар болды.
Айдар Қырықбаев, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы:
– Ақын ғұмырын ардақтап, айтқан сөзін салмақтап, бүгінгі ұрпақ бұл фәниден ғибраты мол Ғалидай ақын өткенін біле жүрсін, өлең-жырын жаттап, көңілдеріне түйе жүрсін деген мақсатта аталмыш айтысты ұйымдастырып отырмыз. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ғали Ормановты еске алуға арналған мәдени шара ретінде айтысты таңдауымызға себеп – жастардың өлеңге деген құштарлықтарын ояту, жастарды өз ойларын шебер сөзбен бүкпесіз жеткізуге баулу. Ғалекеңнің өзі айтпақшы, ол ешқашан бізден мәңгіге кетпейді, тек алыс сапарға жолаушылап кетіп, қайта оралатындай қашанда әр қазақтың жүрегінде сақталады.