Фетхуллаһ Гүлен және сөз өнері

Қазіргі заманның әйгілі ойшылдарының бірі, күллі түркі әлемінің рухани кеңістігінде өзінің биік орнын әлдеқашан айқындаған, дін, философия, қоғамтану, әдебиет және мәдениет саласындағы сандаған ғылыми-зерттеу, танымдық-тағылымдық еңбектерімен жер жүзі оқырманының назарын аударған бірегей тұлға, рухани ұстаз Фетхуллаһ Гүлен кітаптарының ішінде «Баян» атты еңбегінің орны бөлек.

Бұл еңбекті түрік тілінен қазақ тіліне аударған белгілі қаламгер, аудармашы, журналист Мәлік Отарбаев аталған кітаптың ішкі мазмұнын, өзекті ойын, ең бастысы рухани толғамдарын, философиялық түйіндеулерін өте тартымды, құнарлы тілмен сәтті сөйлете алған. Кітаптың құрылымы, ішкі жүйесі өте күрделі болғандықтан, Мәлік Отарбаев өз аудармасында еңбектің нәрін, баяндау ырғағын әлсіретіп алмай, әрі түсінікті, әрі оның рухани-танымдық құндылығын жоғалтпай, өз бояуымен, өз үнімен оқырманға жеткізуді мақсат еткен.

Ең алдымен, аталған еңбек адам баласының ғажап болмысының ішкі сырын ашады. Жаратушының он сегіз мың ғаламды өз құдіретімен дүниеге әкелгенде, соның ішінде үздік жаратынды адам затына байланысты оның ұлы мейірімі сөз болып, оқырманның жан-дүниесін тербейді. «Баяндағы» басты идея – Аллаһ, адам, күллі табиғат, адам бойындағы ізгі қасиеттер болмысы, барлығы бір арнада тоғысып, тұтаса бой көтереді. Автордың адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі – сөз өнеріне деген сүйіспеншілігі талқыға түседі.

Таратып айтсақ, жалпы, аталған кітаптың ішінде адам тіршілігіндегі, адамзат тағдырындағы сөз өнерінің құдіреті, оның күллі әлем жаратылысымен ішкі сабақтастығы, жасампаздық қуаты туралы жан-жақты ой-толғамдар алдыңғы қатарға шығады. Фетхуллаһ Гүленге тән сөйлеу мәнері, ойлау логикасы, ең бастысы, адам жаратылысының болмыс-бітіміндегі қаншама қалтарысты ішкі сырлар, бізге беймәлім құпиялар, барлығы құнарлы тілмен оқырман жүрегіне өзінен-өзі құйылып отырғандай әсер тастайды.

Автор өз оқырманымен тікелей жүздесіп, асықпай, аптықпай сырласқандай күй кешеді. Ол еш уақытта өз ой-толғамдарын күштеп, зорлап оқырманға тықпаламайды. «Көкірек көзі ояу әрбір оқушы мен жазған сөзді жүрек қуаты жеткен жерге дейін түсініп, қабылдап алар» деген ниетте отырады. Сондықтан да «Баян» атты кітап әу дегеннен оқырманды бірден баурап алып, ішкі иірімдеріне қарай еркін, тербей отырып тартып ала жөнеледі. Әрине, кітаптың осы қасиеті аударма нұсқасында да әдемі сақталғаны, еңбектің ішкі ырғағы мен ішкі жүйесінің де түпнұсқадан бір елі ауытқымай түсуі, ең алдымен, әрине, аудармашының, қаламгер Мәлік Отарбаевтың дарын күшіне, талант қуатына тікелей байланысты екендігі айдан анық. Аудармашы бұл тұста да түрік тілін нәзік түсінетіндігін,оның ішкі қыр-сырына жетік екендігін аңғартып отырады. Аудармашы барлық беттерде автордың түпкі ойларына еркін құлаш сермеп, кей тұстарда аса күрделеніп кететін толғамдар жүйесін терең түсініп, қиналмай жеткізеді. Бір сөзбен айтқанда, Мәлік Отарбаев аудармаға шығармашылық еңбек ретінде қарап, өнер биігіне еркін көтеріле алған. Баяндау стилінде де қамшы салдырмайды.

Фетхуллаһ Гүлен осынау аталған кітабында сөз құдіретін әрдайым Аллаһтың еншісіне балайды. Осы ой-пікіріне кітаптың әр тарауында көтеріп отырған мәселесіне байланысты қайта-қайта айналып соғып, өзінің алтын жүлгесіне балайтын осынау тақырыбын қайта-қайта шегелеп отырудан бір жалықпайды. Мысалы, Аллаһ және адам баласына бұйырған сөз өнерінің іштей сабақтастығына қатысты: «Расында, Аллаһтың сөзіне сүйенбеген және Оның нұр сәулесімен жарқырамаған ең құнды жазбалардың, ең керемет өнерлі туындылардың, сөзге шешен баяндардың және көз қарықтырар елестерді қамтыған әсем құбылыстардың өзі де түгелдей салыстырмалы. Себебі бұлардың барлығы Аллаһтың көркемдігінің бір-бір кескіні, бір-бір жаңғырығы бола тұра, қандай да бір құндылықты иеленсе де, бұл құндылықтар олардың жеке бастарынан туындайды деп айту қиын.

Дегенмен мұндай жағдаяттар ісіміздің алға басуына күш-жігір беретін ықыласты (Аллаһ әмір еткені үшін ғана амал ету ниеті) сөндірмеуі керек. Бел байлаған тәуекелімізді тежемеуі керек. Біз ештеңеге қарамастан, үнемі ойланып-толғанып, айтып-сөйлеп, жоспарлап-жобалап, жоспарлағанымызды жүзеге асырып, бел буып салиқалы іске кіріскенде, кейде қателесетінімізді еш уақытта естен шығармауға тиіспіз деп ойлаймын», – деген пікірін түйіндей отырып, оқырманға батыл ұсынады.

Осы орайда қате басып, сүрінбейтін пенденің жоқ екендігін ғұлама ойшыл өмірдің өз шындығына табан тірей отырып мегзейді. Игілікті істі бастаудың еш уақытта кеш етпейтіндігін, сол үшін адам баласы бүкіл ғұмырын арнаса да опық жемейтіндігін, яғни бір сөзбен айтқанда, әр пенденің адамның игілігіне бағытталатын әрбір іс-әрекетінің жасампаздық қуаты зая кетпейтіндігіне оқырманды терең сендіреді. Бұл дүниеде барлығы өткінші. Керек болса, көмекейден төгілген қаншама құдіретті шешен сөздер мен көз қарықтырар суреттердің өзі түптің түбінде салыстырмалы дүние екендігі, мәңгілік мәнге ие бола алмайтындығы туралы ғалымның ой түйіндеулері де қызғылықты. Тосын естіледі. Бұл орайда ғалымның баяндау мәнері де, ой жүйесі де оқырманды сөзсіз толғанысқа түсіреді.

Ары қарай өз еңбегінде ұлы ойшыл көркем туындының тақырыбы, ішкі мұраты, эстетикалық әсер-ықпалы жайында да сөз қозғайды. Әлемдік өркениет тарихында із тастаған қаншама көркем жәдігерлер мен көркем туындылардың адамзат өміріндегі мән-мағынасы мен құндылығын тарқатып айтып, осынау қымбат дүниелердің адам тағдырындағы, әсіресе ұлттық мазмұндағы жасампаздық рөліне анықтама береді. Айталық, ғалымның: «Көркем туындының тақырыбы дінге, ой-санаға, пәлсафаға не болмаса белгілі бір іліми жүйеге қатысты болуы мүмкін. Әдебиет – адамзаттың арғы тарихынан бері сұрыпталған ақпарат жиынтығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің, кешегі уақытты бар тереңдігімен және байлығымен, барша ауқымымен бүгінгі күнде де сезе білудің, өткен шақтағы және қазіргі кезеңдегі ақиқаттың қос өлшемді кеңістігі, сондай-ақ келешегі де оның салыстырмалы тереңдігі ретінде ләззат ала білудің ең маңызды жолдарының бірі.

Дегенмен әр ел әуелі өзінің ұлттық және діни қайнар көздерін негізге алып, әрдайым соларға назар аударуы керек. Өзіндік ұлттық сана мен рух өзегін алға тартып, оны негізгі құрамдастай қабылдауы керек. Тіпті бұлар әдеби сезімдерін және көркем ой қабылдауларын суреттеуде мызғымас арқау болу керек деп ойлаймын. Сол кезде өз әдебиетінің рухына ешқандай зиян тимейді және өз сезімдерін, ойларын, шабыттарын үндестіргенде, жат амалдарға да зәру болмайды. Міне, дәл осылайша өзінің мәдени құндылығын арқау қылған соң, өз заманына сай анықтау, яки талдау жасауы оның кеңеюінде, тереңдеуінде және әлемдік деңгейге қарай қадам басуында ешқандай қолайсыздық пен ыңғайсыздық болмаса керек» деген тұжырымдамасы тек ұлттық құндылықтарға ғана арналып айтылған байлам емес, тұтас адамзат жасаған мәдениеттің ішкі сырына үңілдіреді. Өркениет жолындағы қаншама тарихи кезеңдердің өз орны мен өз биігі де аталған тараудың ішінде жан-жақты саралауға негіз болады. Осы орайда, Фетхуллаһ Гүленнің адамзат мәдениетін, әлемдік өркениетті, оның ішінде әрбір ұлт жасайтын өзіндік құндылықтардың да қадір-қасиетін терең түсінетіндігі, соларды бүгінгі дүниетаным деңгейінен біртұтас әрі тарихи-салыстырмалы түрде қарастыратыны анық байқалады.
Аталған еңбектің Мәулана Жәлаледдин Руми шығармашылығына арналған бөлімі Фетхуллаһ Гүленнің құшағын кеңге сермеп, төгілтіп, көсілтіп ой айтуына үлкен мүмкіндік берген тақырып екендігін аңғарамыз. Жәлаледдин Румидің бүкіл әлемге, бүкіл болмысқа деген сүйіспеншілігі мен адам баласына деген құрметі оның әрбір өлең жолдарынан аңғарылып отыратындығын кітап авторы адамзат тағдырындағы өзекті мәселелерді қатар жарыстыра, қатар сабақтастыра сөз ететіндігі осынау біртуар ақынның, ұлы ойшылдың бүкіл болмыс-бітімін әр қырынан ашып, тануға кілт болады.

Хазірет Мәулананың жүріп өткен өмір белестері, медреседен бастап барлық исламдық-сопылық мектептерден нәр алып сусындап өскендігі жайлы толғаныстар да данышпан ақынның ішкі жан дүниесін тереңнен тартып, шынайы көрсетуге жол ашады. Ұлы шайырдың қайталанбас поэзиясының ішкі құдіретін, оның шығармашылығының ең басты қасиеті, яғни Жәлаледдин Руми сөзінің Ұлы Жаратушының бойындағы ізгі қасиеттерінен нәр алып, шуақ шашатынын кітап авторы әрдайым қайталай айтып отырады.

Фетхуллаһ Гүленнің осынау тарауда: «Жәлаледдин Руми Аллаһқа деген беріктігімен белгілі және адалдыққа арқа сүйеп, өзгелерді де Аллаһтың ақ жолына шақырған шыншылдардың шыңы еді. Ол – әр уақытта Аллаһқа деген ғашықтығымен жалындаған және айналасында жүргендерге сүйіспеншілік нұрын ұялатып, оларды да жанартаудай жалын атқызып, көз тартқан терең дүние. Аллаһты тану (мағрифатуллаһ), Аллаһты сүю (мұхабетуллаһ) және Аллаһқа деген қорқынышы мен ұлық құрметін нағыз тақуалықтың тұмарындай жан дүниесінде сақтады. Ол баршаны Хақ Тағала мен мына жалған өмірден кейінгі бақилық құтты мекенге шақырған әуезді үннің сырнайшысы еді. Ол – Аллаһтың разылығына сыйынып жазылған туындылар мен тәмсілдердің авторы. Өмір сүрген өз кезеңіне ағуалағанымен, оның Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың ырғағымен айтылған әрбір сөзі ғасырлар бойында жүректермен үздіксіз табыса бермек. Өз кезеңіне сай серік жандарға айтып үйреткенімен бірге бұл күнде оның тәмсілдеріне құлақ салғандарды да дықсыз ескерте білген сиқырлы саз иесі еді. Аллаһ Румидің иығына өте маңызды міндет жүктеп, сол міндетке сай оны қол жетпес биіктерге самғатты. Ол – жүрегі иләһи нұрмен нұрланып, болмысы – даналықпен көмкерілген, сыры – иләһи бояуымен боялып, көзі – дара сәулелі асыл жан еді...», – деп, ақынға деген өз ілтипатын, өз құрметін ұлы сағынышына орап, аса бір тебіреніспен ой толғайды.

Түйіндей айтқанда, аталған еңбектің ұлттық сана, ұлттық мәдениет, ұлттық салт-дәстүр, бір сөзбен айтқанда, әлемдік өркениет құндылықтарын жасайтын әрбір ұлттың жер бетіндегі рухани миссиясына тереңдеп баратындығы, осы арқылы әрбір адам баласының алдымен ұлттық топырақтан нәр алып, сонан соң күллі әлемдік өркениеттің жетістіктеріне қол созатындығын жүйелеп дәріптейтіндігі тайға таңба басқандай көрінеді.

Фетхуллаһ Гүлен өз кітабында қандай мәселеге ат басын тіремесін, ең алдымен, күллі адамзаттық құндылықтарды еш уақытта ойынан шығармайды. Айталық, автордың: «Шынында, ұлттық сана, ұлттық мәдениет негізге алынып, соның көзі де нақтылана түсіп, қателікке жол бермеудің алдын алғанда, әлемдік құндылықтарға селқостық таныту – кең ауқымды тарылту, өсіп келе жатқан өскінді тежеу, тірі жанды өлтіру, қызғандырып-құмарландыру жағдайынан қызғану мен құмарлану пәстігіне құлдырап, құлап түсу деген сөз. Бүгінгі дамушы елдердегі жағдайлар осы мәселенің ең жанды мысалдарына толы», – деген ой пікірі осыған дәлел.

Бүгінгі адамзат тіршілігіндегі күнде орын алып отырған әрбір апатқа, соғысқа, адамның адамға жасайтын қиянатына селқос, немқұрайды қарамайтын ұлы ойшылдың басты арманы да – күллі адам баласының бейбіт өмірі, жер бетінде қантөгісті болдырмау. Яғни адамзаттың апат алдында тұрғанын сездіру. Осы ұлы мұраттар жолында әйгілі қоғам қайраткері, ойшыл-гуманист Фетхуллаһ Гүлен сөз құдіретінің жасампаздығына сенеді. Сөз киесінен артық күш жоқ екенін оқырманға ұғындырады. Сондықтан да өз еңбегін «Баян» деп атап, сөз өнерін барлық өнерден биік қояды. Осынау аса құнды еңбектің бүгін қазақ тілінде сөйлеп, қазақ оқырманының төріне көтерілгендігін үлкен игілік деп есептеймін. Бұл кітап – бүгінгі қазақ қоғамының рухани кеңістігіндегі олжалы дүниенің бірі болғандығына сенімім кәміл.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста