Ежелгі мекендегі еңселі мешіт Алматы облысының Ақсу ауылында ашылды
Жай күндерді айтпағанда, Құрбан айт пен Ораза айт намазына қатар тұруға немесе жұма намазын келіп оқуға мешіттің болмауы Ақсу өңіріндегі мұсылмандардың көңілінде тұрған кірбің еді. Дін ісіне мемлекет араласпайтындықтан, мешіт салып беруге әкім мен депутаттардан еш қайран жоқ. Алыстағы ауылдың мешітсіз отырғаны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын да абыржыта қоймаған. Тәуелсіздікке 20 жылдан асқан, көп ауылдар бір емес, бірнеше мешіт ашып алған тұста Ақсудың қамын ойлайтын бір қайраткер ақыры табылды.
Аталары мен әкелерінің бойында мұсылмандық нанымның соншалық күштілігі кейінгі ұрпақтарына жұққан шығар, осы ауылдың тумасы Қажымхан Мәсімов Ақсу ауылында өз қаржысына мешіт салғанды жөн көрді. Баяғы Жалаңаяқ қажының тікелей ұрпағы, Ақсудағы балалар үйінде тәрбиеленген Қасым Мәсімовтің бел баласы Қажекең бұған дейін өзі қызмет істеген Боралдай кентінде Алланың жердегі үйін салып берген. Сол 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басындағы елең-алаңда әлгі мешіттің бар салмағын көтерді. Тура ашылатын күні келем деген басшылар мен әріптестер тегіс қашып кетіп, бүкіл жауапкершілік өзінің иығында қалған. Соған да қайыспады. Боралдай мешіті осы кенттегі пиғылы күрделі, тірлігі күмәнді тұрғындардың ниеті дұрысталып, имандары оянуына болысқан. Сол кезде Қажекең басқарған кірпіш зауытының жұмысшылары сотталып, қара жұмысқа кесілген адамдар екен. Мешіт ашылып, жұрт оған келе бастаған соң, зауыттағы ұрлық-қарық азайды. Арақ ішу де күрт төмендеді. Міне, осындай игі де ізгі тәжірибесі бар азамат арада 20 жылдан астам уақыт өткенде өз қаржысына Ақсу ауылында мешіт салуға бел байлады.
– Бұл менің осы ауылда өркен жайып, осы ауылда мәңгілік тыныс тапқан ата-анам мен ағамның алдындағы парызым еді, – деді мешітті ашу салтанатында сөйлеген сөзінде Қажымқан Қасымұлы. – Мынау туған ауылымыздың азып-тозуы осымен тоқтасын. Мешіт бар жерге береке мен бірлік келеді. Ақсудың тұрғындары алдағы уақытта шаруаларын дөңгелетіп, ел қатарлы жақсы тұрмыс кешсін деп тілеймін.
Мешіттің ашылу салтанатында сөйлеген Алматы облысы Ақсу ауданының әкімі Ә.Дүйсенбаев Тәуелсіздіктің 21 жылдығы қарсаңында бір ауданда екі мешіт ашылғаны үлкен жақсылық деді. Иә, бір күн бұрын аудан орталығы Жансүгіров кентінде келбеті жарасқан жаңа мешіт өз есігін діні бір қауымға айқара ашыпты.
Ақсу ауылында мешіт ашылғанын құттықтауға Астанадағы Ұлттық ғылыми-медицина орталығы директорының орынбасары, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлихан Досаханов, белгілі қоғам қайраткері, «Мамания» мектебінің және Жетісу өңіріндегі тұлғалар тарихының білгірі Жекен Қалиұлы, іргелес Алакөл ауданының қадірменді қариясы, Мәсімовтер әулетінің құдасы Қияқбай Ниязов, Ақсу аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Кеңесбек Байдалин және басқа да қайраткерлер, ғалымдар мен қариялар арнайы жиналды. Белгілі ақын Тұрсынзада Есімжанов осы мешіттің ашылуына орай досы Қажымхан Мәсімовке өлең арнапты, оны ақынның қызы көпшілік алдында мәнерлеп оқып берді.
Ауылдықтар мешіттің өте жылдам және сапалы салынғанын мақтан етеді. Іргетасы тамыз айында құйылған құрылыс тоқтаусыз жүргізілді. Оның сыртқы қабырғалары қаланған берік те сәнді қызыл кірпіш сонау Башқұртстаннан әкелінген. Мешіттің ішкі әрлеу жұмыстарына жұмсалған құрылыс материалдары Украинадан алынды. Еденнен төбедегі үлкен күмбезге дейінгі аралықтағы құрылысты бұл іске машықтанған, он саусағынан өнер тамған өзбекстандық айтулы шеберлер салып шықты. Онда намазға тұратын үлкен зал, оған іргелес әйелдерге арналған зал, арнайы құран бағыштайтын бөлме, имамның жұмыс кабинеті бар.
Алғашқы тартулар мешіт ашылған сәттен бастап келе бастады. Бірқатар ауыл адамдары мұнда кілем көтеріп келді. Қажымхан Мәсімовтің өзі түрлі елдерден, бірнеше қалалардан тілектес, ниеттес азаматтар берген тартуларды көп алдында мешітке ұсынды. Сол сияқты аталар баяны мен Ақсуға деген ықыласы қоса өрілген, әлі сиясы кеппеген «Аманат» кітабын да осы мешіт пен жергілікті мектепке ықыласпен ұсынды.
Салтанатты ашылу сәтінен кейін көпшілік жаңа мешіттегі бірінші намазға бас қойды. Жаңа мешіттің имамы намаз тәртібін түсіндірген соң, қатар түзеген ауыл адамдары Алладан Ақсу жеріне, бүкіл Қазақстанға жақсылық тілеп, жаңа мешіттегі алғашқы парыздарын атқарды.