Есті жырдың иесі Есенқұл ақын дүниеден өтті

Есті жырдың иесі Есенқұл ақын дүниеден өтті

Өмірі өлең-жырмен астасқан, қасиетті қара домбыра мен қаламды тең ұстаған, көрнекті ақын Есенқұл Жақыпбеков 60 жасқа қараған шағында ғұмырлы дүниелерін ұлтына аманаттап, фәниден бақиға озды. Бұл – қазақ қоғамы үшін, әдебиетіміз бен жалпы руханиятымыз үшін орны толмас ауыр қаза.

Қашанда таза ақындық қалпымен аңқылдап жүретін, риясыз жымиып, ай­наласына жырдан шашу шашып, әзілімен көңіліңді серпілтіп, сергіте білетін даладай дарқан Алаш азаматы сарқылмас сағы­нышқа айналып, елін емексітіп кетті. Туғаннан ауылынан алысқа ұзамай, шулы қаланың дүрмектерінен бойын аулақ ұстаған жайсаң жан, қазақтың қара өлеңі­не бар болмысымен адал болып, ұлтын ерекше сүйді. Ел ішінде жүріп-ақ жыр кенішіне айналды. Ақынның өрнегі бөлек өлеңдері «құлақтан кіріп, бойды алар» жұмбақ иірімдерге толы, әуезді ән-тер­мелерге әлі де арқау болары сөзсіз. Кезінде айтыс өнерінде өзіндік мақам қалып­тастырып, уытты тілі мен орамды ойлары арқылы талай шындықты тіліп айтқан айтыскер ретінде мойындалды. Айтыс сахнасында 30 жылдай еңбек етіп, талай додаларда қара үзіп, жүлдегер атанды. Бұл ретте Есағаңның теле­визиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты екендігін атап өтсек те жеткілікті. Қазақтың нәрлі де сөлді сөзімен дүйім жұрттың таң­дайын қақтырып, тамсандырған Есағаң айтыстың классикалық үлгілерін жасап кетті. Кейін біржола жазба поэзияға бас бұрып, өлеңнің көрігін қыздырып, тамаша туындылар жазды. Жұлдыздай ағып өткен ақын Жұматай Жақыпбаевтың маңайына топтасқан талантты жас ақындар шоғы­рынан көрініп, ақындар қағанатының ноян­дары қатарында өз қолтаңбасын айқындай білді. Ақын қаламынан туған жырларында адамның жан дүниесінің нәзік қалтарыстарына үңіліп, кеңістік пен уақыттың, табиғат пен қоғамның сіз бен біз көріп, сезе білмейтін тылсым тұс­тарының сырын ашады. Өмір мен өлімнің арпа­лысынан суырылған өлеңдері Есағаң­ның зерделі санасы мен әсершіл жүрегіне салмақ түсірген де болар.
Алты жасынан бастап қолына қалам алып, домбыра шерте бастаған айрықша талант иесі оқырманы көп ақындардың санатынан еді. Атақ пен мансап атаулыға пысқырып қара­майтын ақын көбіне қара­пайым ел адам­дарымен, жастармен пікір­лес, сырлас болды. Ақынның кітап­тары қолдан қолға өтіп, әнге айналған жырлары мен өзінің термелері көпшіліктің санасында жатталып қалды.
Есенқұл Жақыпбеков1954 жылы 10 ақпанда Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1974 жылдың та­мыз айынан аудандық газет редак­циясында қызмет істей бастады. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Алматы облысы Жамбыл ауданын­дағы өнер мектебінде айтыс ақын­дарына арнайы дәріс береді. Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық бөлімшесі поэзия секторының меңгерушісі болды. Президент стипен­диясы­ның лауреаты, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері атанып және басқа да көптеген марапатқа ие болған. Қазақ журна­лис­тикасының қалып­тасуына еңбек сіңірген қалам­гер, өмірінің соңына дейін Алматы облысы, Жамбыл ау­дандық «Атамекен» газетінің бас редакторы қызметін абы­роймен атқарды.
«Бастау», «Ағымнан жары­ламын», «Біз екеуміз», «Жеріңе табын», «Біздің елдің жігіттері», «Есіл дүние-ай!», «Жан қисса», «Бұл жаз да өтер», «Тау басында кәрі қар», «Сарғайған сары терезе» атты кітаптары оқырман қауым мен әдеби ортада үлкен сұранысқа ие болды. Ақындық қуаты мен азаматтық ұстанымын үнемі қайрап отыратын ақын, шын мәнінде ұлтжанды, шыншыл адам ретінде, өмірге таза келіп, таза кетті.
Есті жырларымен ел жүрегінен мәңгілік орнын тапқан ақынның шы­ғармашылық ең­бегін қалың елі аса жоғары бағалайтыны сөзсіз.
Марқұммен қоштасу ертең, 16 қа­рашада, Алматы облысы, Жам­был ауданы, Ұзынағаш аудандық мәдениет үйінде сағат 10-да өтеді.
Жарықтық, Есағаңның алды – пейіш, арты жарық болсын...
«Алаш айнасы»

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері:
– Қазақ халқы аса талантты ақынынан айырылып қалды. Төбе­мізден жай түскендей болып отыр. Есенқұл Алатаудың етегінде туып, сол өзінің Алатауының баурайында дүниеден озды. Айтыстарға да қатысып, асқан жүйріктігін танытты. Қолма-қол суырып салып сөз қағыстыру үшін де үлкен шеберлік керек. Нағыз ақындарға тән албырт, дарқан жүректі Есенқұл айтыста жүріп-ақ сол шеберлігін танытты. Жазба поэзияда да өзінің оқырманы, жанкүйері бар үлкен талантты ақынға айналды. Өзінің артынан шәкірттер ертіп, мектеп қалыптастырды. Амал не, кемеліне келіп, Алатаудың асқар шыңына айналып келе жатқан тұста өмірден озып отыр. Бұл – қазақ поэзиясы үшін орны толмайтын ауыр қайғы. Көңілімізге артында қалған шығармалары, кітаптары ғана медеу бола алады. Оның кітаптары – өшпес ізі. Есенқұлдың өлең-жырлары еліміздің қай түкпіріне, қай ауылына барсаңыз да алдыңыздан шығады. Демек, Есенқұл бауырымыз шығармашылығы арқылы өз-өзіне ескерткіш қойып кетті деуге болады. Жаны жаннат бақшасында болғай!  

Күмісжан БАЙЖАН, ҚР Мәдениет қайраткері:
– Есенқұл өзінің шығармашылығын да, адами қасиетін де үздіксіз дамыта отырып, оқырманына шуақ, жүрегіне нұр құятын өлеңдерін жазды. Ақынның «Тазқара құстың тағдыры» деген соңғы кітабында мынадай жыр жолдары бар.
— Жырымды қабыл алыңдар,       
Өзімнен менің аумаған.
Жауқазын мұнда жаным бар,       
Жазғы бір таңда жаураған...
Қарашаның қара суығындай Есенқұлдың қазасы алыс-жақындағы оны білетіндердің жүрегін жауратып, тоңдырғаны анық. Бірақ тағдырға не шара?! Алланың құдіретімен біреуге ерте, біреуге кеш келетін қаза ешкімді аямайды екен-ау. Сондықтан да ақын жүрегі соғуын мәңгіге тоқтатты. Артында өлмейтұғын өлеңі, сөзі, жақсы ісі, ұрпағы қалды. Соған шүкіршілік жасаймыз.
Ақынның басындағы бақытын бағалай білген Меңсұлу келініміз бен ұлы мен қызына, бауырлары мен туыс-туғандарының қайғысына көңіл айтып, Есенқұлдың көрмеген қызығын берсін деп тілеймін. Жаның жаннатта болсын, аяулы бауырым.

• Бір өлең
Алдай-ау...

Алдай-ау, алдай, алдай-ау,
Дүние түбі балдай-ау.
Алқынған күндер талпынған,
Жәутеңдеп қарап артымнан,
Қалды-ай-ау бәрі, қалды-ай-ау.

Үри-ай, дәурен, үри-ай,
Үмітпен өткен дүние-ай.
Теректей басым теңселіп,
Терең бір ойлар еңсеріп.
Ұйқы да тұйқы сең соғып,
Ұйқысыз өткен түнім-ай.

Арманым алда бұлыңғыр,
Орманым ол да сылыңғыр.
Жапырақтарын жанымның,
Білдірмей біреу жұлып жүр.
Өмірдің өгей пендесі-ай,
Өлеңнің шертіп қылын бір,
Өзіңді-өзің жылындыр.

Өткені-ай, бәрі өткен-ай,
Өмірдің жаз бен көктемі-ай.
Сары ала қаздар саңқылдап,
Сары ала күздің жеткені-ай.
Біреуге өзім ынтызар,
Біреулер маған өкпелі-ай.
Өткінші мынау өмірде,
Өтпелі, бәрі өтпелі-ай.

«Аға» – деп барсаң ағаңа,
Ағаның көңілі көкте жүр.
«Бауыр» деп барсаң бауырға,
Бауыры оның көк темір.
Туысқанға – туа жат,
Жолдасыңа – жүре жат,
Менен де осы өтті өмір.

Қара тас сенен қорықпаймын,
Сенен де кейде от шығар.
Қара жер сенен қорықпаймын,
Саған да жазда шөп шығар.
Айналайын, ағайын!
Сендермен жерді бір басқан,
Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан.
Өмірі өлең жыр-дастан,
Менде де арман жоқ шығар.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста