Ескі дүниелерді заманауи құбылыстармен ұштастыру керек

«Думан» комедия театры:
Қазақстандағы шоу-бизнестің көрігі соншалықты қызып тұрмаса да, қазіргі уақытта әнші, биші де, продюсерлік орталықтар мен комедия театрлары да баршылық. Әрине, олардың деңгейлері де әрқалай. Біреулердің атағы жер жарып, дүркіреткенмен, көп ұзамай ыстығы тез басылып қалып жатады. Өйткені оның орнын басқа біреулер басып әкетеді. Осылайша, бәсеке бәйгесіне түскен жекелеген таланттар мен өнер ұжымдары шоу-бизнес көгінде өз жұлдыздарын жағып тұруға жанталасып бағады.

Алайда біздегі шоу-бизнес деп жүр­геніміз, сайып келгенде, той-бизнес төңі­регін ғана айналшықтап жүргендей көріне­ді. Десек те, үлкен өнерге шын пейілмен қызмет етіп, халықтың көңілінен шығып жүре­тіндер некен-саяқ. Күлдіреміз деп бүлдіргенімізді аңғармаймыз. Басы тәтті басталып, аяғы қатты болып жатады. Бұл – әсіресе әзіл-сықақ театрларына қатысты пікір. Мұны айтып отырған себебіміз, осыдан бір жылға жетер-жетпес уақыт бұрын өнер сахнасында мәзірі әзілден тұратын «Думан» деп аталатын тағы бір театр құрылған болатын. Оның өзге әзіл театрларынан бір ерекшелігі – бүлдіршін­дер мен жасөспірім­дерге арнап бөлек бағдарлама жасайтын­дығында. Қазіргі заманның балаларын арзан күлкімен, жеңіл-желпі бірдеңелермен алдай алмай­сың. Жас көрерменнің алдына да тың идеялар мен жаңаша ізденістермен шығу керек. Заман өзгерді. Өнерді қабыл­дау да өзгеше сипат ала бастады. Сондық­тан да бұл ұжымның бұрыннан қалыптасып қалған кейбір ескі дүниелерді бүгінгі тал­ғамға икемдеп, көп ізденуіне тура келеді.
Әдеттегідей Алматыда емес, қаладан тыс, Талғар ауданында құрылған бұл театр үлкен қалаларда танылып үлгермесе де, ел ішінде кәдімгідей сый-құрметке ие болып келеді. Өнер қуғандардың бәрі Астана, Алматы сияқты ірі қалаларға шоғырланып жатқан тұста аудандарда театрлардың құрылып, ел ішінде тамыр жая бастауы – жақсы құбылыс. «Думанда» өнер көрсете­тін­дердің барлығы да – осы Талғар ауданы­нан шыққан жас әртістер. Осылайша, қарапайым елдің ішінде, ауыл адамда­рының арасында, қаладан шет жерде жү­ріп те үлкен өнерді бағындыруға болаты­нына көз жеткізу қиын емес.
Осы сенбіде, яғни алдағы 13 қара­ша­да, кешкі сағат 18.00-де Алматы маңындағы Талғар қаласының аудан­дық Мәдениет үйінде «Думан» комедия театрының ду­ман­ды кеші өтпек. Сол қарсаңда біз, осы ұжымның құрылып, қалыптасуына күш-жігерлері мен қабі­лет-қарымдарын сарп етіп жүрген аза­мат­тардың өнерге қатысты ой-пікірлерін тыңдап көрген едік.
Әділхан Қабылов, «Думан» комедия театрының директоры:
– Біздің театрға тұрақты түрде демеуші­лік жасап, қанатының астына алып, қаржы-қаражат жағынан қолдау көрсетіп жүрген ешкім жоқ. Әйтеуір ары-бері шапқылап, талай емен есіктерді тоздырып жүріп, аз-маз тапқан тиын-тебенімізді театрымыздың игілігіне жұмсап келеміз. Құдайға шүкір, қазақ тойшыл халық болған соң, біз де сол тойлардың ортасында жүріп қосымша нәпақа табатынымызды жасырмаймыз. Осылайша, там-тұмдап жиған ақшамызбен  біраз аудандарға, шеттегі ауыл­дарға арна­йы гастрольдік сапарлар жасап келеміз. Бұған қоса біз шағын мектептер мен үлкен оқу орындарында да қойылым­дар қойып жүрміз. Жас жеткін­шектерге арналған қо­йы­лымдарымыз өз алдына бөлек. «Думан» театрының атына қарап, бұл тек думанда­тып, күлдіріп қана қоятын театр деп қабылдауға болмас. Біз өз бағдарлама­ларымыз бен сахналық қойы­лым­дарға арналған сценарийле­рі­міз­ді өзіміз жаза­мыз. Мысалы, бір ауылдық жер­ге барсақ күндіз мектеп жасында­ғы­ларға, кешкісін үлкендерге арнап бөлек-бөлек концерт береміз. Әйтеуір халық жақсы қабылдап жатыр. Десек те, біздің думанды бағдар­ла­мамыз республикалық деңгейде өткі­зілмек. Біздің театр Талғар­дағы Мәдениет үйінде орналасқан. Шама-шарқымызша осында қызу жұмыстар жүргізіп, репети­ция­лар жасаймыз. Бірақ жарық, декора­ция, басқа да техникалық құрал-жабдық­тарды Алматыдан жалдап алып жатырмыз. Алматыдағы бірқатар өнер жұлдыздары бізге қонаққа келеді. Қазіргі уақытта үлкен-үлкен концерттік бағ­дарламалар үлкен қалаларда ғана бола­тындықтан, аудандар­дағы, ауыл-аймақтағы ел-жұрт бұл қызық­тардан шет қалып жатады. Біз халықты он­дай мүмкін­діктерінен айырғымыз кел­мей­ді.
Ерболат Әлқожа, «Думан» комедия театрының әртісі:
– Қазір қарап отырсаңыз, қазақ баласы көретін мультфильмдер мен кинолар, спектакльдер өте аз. Сондықтан да тағы да амалсыз шетелдің дүниелеріне жүгінуімізге тура келетіні рас. Мысалы, әлемнің мықты мультипликаторлары жас көрермендерін тарту үшін жаңа кейіпкер бейнесін ойлап шығаруға небір суретші-аниматорларға тапсырыс беріп жатады. Біздің фольклор қаншама таңғажайып кейіпкерлерге бай.Сондықтан да алысқа қол созбай-ақ, біз қазақ баласының санасына ұлттық құнды­лықтарды сіңіруді мақсат етіп, оларға түсінікті тілмен қойылымдар жасауға тал­пынып келеміз. Мұндай кезде біз қазақтың төл ертегілеріне, аңыздарына арқа сүйей­міз. Әйтсе де біз шетелдің қызықты дүние­лерінен бірден бас тарта алмаймыз. Себебі бүгінгі балалар сол жылтырақтарға әбден үйренісіп қалған.
Мысалға алатын болсақ, қазақтың «Ор­те­ке» деген қуырша­ғы бар. Оны бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Ал соны танытып, көрсету үшін ортеке туралы қойылымды бір­ден сахнаға шығар­саң, көпшіліктің қа­был­дамауы мүмкін. Біз осы жерде жануар­­лар әлемінен сыр шертетін әйгілі «Мадагас­кар» деп аталатын шетел мульт­фильмін өзек етіп алып, оған ортекені қос­тық. Осы­лай кете берсек кейін «Мадагас­кар» қалады да өзіміздің ортеке ортамызға ойқастап шыға келеді емес пе? Қуыршақ­тар­дың көмегімен сахналанатын мұндай қойылы­мымызды балалар керемет қабыл­дап жүр. Сол үшін де ұлттық өнердің кере­метін насихаттау үшін біз ескіліктен де, заманауи құбылыстардан да бас тарта алмаймыз. Оларды бір-бірімен ұштастыру керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста