«Қорқа-қорқа қоян да батыр болыпты» демекші, сынала-сынала қазақ киносына қимыл біткендей. Әсіресе өткен 2010 жылы күтпеген жағдай болды – билет сатылымымен есептегенде отандық киноның көрермені 20 миллионнан асып жығылыпты. Сенбеске лаж жоқ, егер бүгін аяғынан тік тұрып, табыс тапқан киномыз анимацияға «ағалық» жасап, дамуына қол ұшын созса. 13-15 маусым аралығында Алматыда алғаш рет «Ер Төстік» деген атпен өтіп жатқан І қазақстандық анимациялық фильмдер фестивалі – соның анық дәлелі.
Фестивальдің мақсаты – еліміздегі аздап тұралап қалған анимациялық фильмдердің төңірегінде пікір түйістіру. Соның аясында үш күн бойына «Синема Тауэрс» орталығында және «Қазақфильм» киностудиясында анимациялық фильмдердің көрсетілімімен қатар, «Қазақ анимациясының дамуы мен болашағы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтуде. Фестивальдің ашылу салтанатында еліміздегі ең бірінші толықметражды анимациялық туынды – «Ер Төстіктің» тұсаукесері болып, баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.
Ермек Аманшаев, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті:
– Тәуелсіздік алған 1991 жылдан 2001 жылға дейін Қазақстанда бірде-бір анимациялық фильм түсірілмепті. 2001 жылдан бастап бұл салада қозғалыс пайда болды. Содан бері жылына 4-5 қысқаметражды анимациялық фильм түсіріледі, яғни бұл «Қазақфильмнің» 1960-1980 жылдарындағы көрсеткішімен тең. Соңғы жылдары біз анимациялық фильмдердің санын өсіріп, сапасын арттырумен қатар, жаңа тың әрі заман сұранысына сай мультфильмдер жасауға ден қойдық. Соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған анимациялық студия құрып жатырмыз. Ол, әрине, небары бір-екі жылдың еншісіндегі дүние емес, ол үшін көптеген жылдар керек. Осы тұста айта кетейін, бір қуанарлығы – фестивальге арнайы бюджет бөлінген жоқ, фестивальдің демеушісі – қазақ киносы. Қазақ киносы үшін бір кездері миллионыншы көрерменге жету деген қиял, ертегі секілді көрінсе, бүгінде ол көрсеткіштен әлдеқашан басып озыппыз. Соның нәтижесінде қазір кино түсіруге қажет техникалар сатып алынып, сонымен қатар осындай фестивальдер ұйымдастырылып жатыр. Барлығы бірдей болмаса да, кейбір киноларымыз миллиондаған көрермен жинайтын дәрежеге жеткендіктен, біз енді осы тәжірибені анимация саласын дамытуға қолданып көруді ұйғардық.
Жақсы анимация жасауға не жетпейді?
Баспасөз өкілдері тарапынан бұл сұрақ отандық аниматорларға қойылды.
Жәкен Дәкенов, «Қазақфильм» АҚ анимация бірлестігінің жетекшісі:
– Жақсы фильм жасау үшін, әрине, біріншіден, таланттар керек. Сапалы мамандардан құралған команда болса, балалар сүйіп көретін дүние туады. Бізде әзірге, әрине, Уолт Диснейді айтпағанда, тіпті Қытайдағыдай арнайы анимация қалашығы жоқ.
Ғали Мырзашев, Қазақстан аниматорлар қауымдастығының президенті:
– Біз қашан «бізде неге анау жоқ?», «қашан көреміз?» демей, «соған мен қандай үлес қоса аламын?» деп айтар екенбіз?Бала тәрбиесі – тек аниматорлардың болмаса балабақша меңгерушісінің ғана емес, баршаның ісі. Сондықтан бала санасымен жұмыс істеуді неге бірігіп шешпейміз? Қазақ анимациясында проблемалар аз емес, жетерлік. Бірақ «көш жүре түзелмей ме»? Бізде сол көшті түзеуге ынта-ықылас, маман, бәрі бар.Тек бізді құртатыны – әлгіндей бір-бірімізге сілтеу.
Бағамдап қарасақ, Төстіктен бөлек, жалпы, қазақ мультфильмінің тағдыры тек аниматорларға ғана байланысты емес, туынды жарыққа шығысымен оны жарнамалайтын кинотеатрларға, содан кейін бүкіл ел балақайларына таратуы тиіс телеарналарға байланысты. Ең соңында әр от басы ошақ қасындағы аналар мен әкелердің ұлттық сана-сезіміне байланысты дүние болып шығады екен. Әрине, ең алдымен салмақ мамандарға түседі. Себебі жақсы дүние, яғни бояуы қанық, тілі анық, жүрісі нық кейіпкер шығара алған жағдайда ғана бала оны көреді. Тілі анық дегеннен шығады, шетелдік мультфильмдердің ерекшелігі тек әдемі картинасында ғана емес, олар әр кейіпкердің үніне қатты мән береді. Сол себепті кейінгі кезде Уилл Смит, Анжелина Джоли, Рикки Мартин секілді т.б. әлемдік киножұлдыздар аниме-кейіпкерлердің тілінде сөйлеп жүр. Осыны да қаперде ұстауымыз керек, бұл – бір. Ал одан бұрын, біз мықты кейіпкер яки бренд-бейне іздеуіміз керек.
Қазақ анимациясының бренд кейіпкеріне кім лайық?
Кейінгі кездері Ресей өз тарихына қатты үңіліп, тәуелсіздік көзімен жаңа тарихын жазуда. Олардың киноиндустриясы, көркем фильммен қатар, анимациясы да ұлттық идеологияға жұмылдырылып жатқанын аңғару қиын емес. «Илья Муромец», «Три богатыря» т.б. секілді жаңа мультфильмдер – соның айғаңы. Таяу болашақта біздің қазақ аниматорлары да Ер Төстікті қазақ балаларының сүйікті кейіпкері, анимация өнерінің бренді болады деп күтуде. Яғни Кунг-Фу Панда Қытайдың беткеұстар кейіпкеріне айналып, әлем балақайларының санасын қалай жаулап алса, енді Ер Төстік те сол қытайлық кейіпкердің ізін шайып кетеді деген үміт бар. Себебі ол сонау ертегі замандағы ежелгі батыр емес, дәл бүгінгі заманның қаһарманы, оның бойындағы бұла күш те ең соңғы техника, технологияның арнайы эффектілерімен бедерленген. Егер осы үміт ақталып, Төстік бренд кейіпкерге айналса, онда оның хикаялары жалғасады, яғни аниме-сериал түсірілмек.
Керек дерек
2009 жылы отандық киноға сатылған билет саны 7,5 миллионды құраса, жыл сайын көрермен саны шамамен 500 мыңға өсіп отырған, ал 2010 жылы бұрын-соңды болмаған рекорд – қазақ киносының көрермені 20 миллионға жеткен. Соған сай кинотеатрлар саны да өсіпті. 2009 жылы елімізде 77 кинотеатр, 129 экран болса, өткен 2010 жылы экран саны 196-ға бірден көтерілді. Ал анимацияға келсек, Қытайда Пекиннен 30 минуттық қашықтықта арнайы анимациялық қалашық салынып, оның аяғынан тік тұруына 700 миллион доллар қаржы жұмсалған. Ал бізде әзірге еліміздің бар өңірін қосқанда шамамен 10-ға тарта анимациялық студия бар.
Тоқетерін айтсақ...
«АҚШ-тағы анимацияның орташа бюджеті 120 миллион доллар болса, Ресейде ол сома 3 миллионды құрайды. Ал қазақ аниме-қоржынына шамамен 1млн 500 мың доллар қаржы салыныпты. Айтарлықтай алшақтық бар, алайда әрқайсысының нарық аумағы, яғни қамтитын аудиториясына шаққанда, лайықты сома», – дейді «Қазақфильм» басшысы.