Еркін Шүкіман: Дәстүрлі әншілерге қазір кішігірім залдың өзін халыққа толтыру қиын

Алты Алаштың дәстүрлі әндері – ұлттың тарихымен тамырлас. Былайша айтқанда, қазақтың өткен өмірінен сыр шертетін, ұлттық өнердің ән қоржынында сүр еттей сақталған қымбат қазына бұл. Киелі домбыраның қос ішегімен үндесіп, астасып жатқан дәстүрлі әнді тыңдаған сәтте,  жүрегің жібімей, ал көңілің шабыттанбай, шаттанбай тұра алмасы анық.Сонау Ақан сері, Сегіз сері, Біржан салдың дәуірінде ақ шапан жамылған киелі өнеріміздің бүгінгі жағдайы қандай?
Шыны керек, заман озады, заң тозады. Содан шығар қазір батыстың музыкасы дәстүрлі әнді «белден басып» отырғаны жасырын емес. Қазақы тілмен айтқанда, бұл «жын-ойнақ». Бір қызығы бұлар жерде қалып жатқан жоқ. Рок… рэп… толып жатқан стильдер ерекше сұраныста. Ал дәстүрлі әннің шашбауын көтерген азаматтар «ұлттық әндеріміз осылардың көлеңкесінде қалып қойды» дейді ашынып. Бұл біз емес, олардың көзқарасы. Дегенмен, ой түкпірінде шындық жатыр. Сондай кездері «бұл әннің жоқтаушысы жоқ па?» деп жан-жағыңа көз тастайсың. «Бар. Бірақ тыңдаушысы аз» дейді, біздің басылымға сұхбат берген дәстүрлі-әнші Еркін Шүкіман. Дәстүрлі әннің отын сөндірмей, өмірін осы өнерге арнаған әншімен арадағы әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.
 
– Еркін Аға, әзір елдің бәрі эстрада әндерін тыңдайтын болды. Бәлкім бұл заман талғамы шығар қалай ойлайсыз?
– Шыны керек, бұл айтылмай немесе жазылмай жүрген жайт емес. «Қазір халықтың дәстүрлі әнге деген қызығушылығы азайып кетті» десем, жаңалық ашпаспын. Бұл тарапта мына бір болған жайды баян етейін. Аты аңызға айналған Жәнібек Кәрменовтың сонау 80 жылдардың ортасында Ғалымдар үйінде өткізген лекция-концертін тыңдаған болатынмын. Сенсеңіз, сол кездің өзінде Жәкең: «Қазіргі қоғамға афро-америкалық бағыт еркін еніп, жастардың санасын улап жатыр» деген екен. Бұл бұдан 30-35 жыл бұрын айтылған пікір. Ал әзіргі заман «ерінбеген етікші, ұялмаған әнші боладының» кері. Біздің бала-шағымызда, тек қана даусы бар адамдар ән айтатын еді. Қазір аузы бардың бәрі шетінен әнші. Бұрынғы уақытта әрбір әншіні жеке-жеке іріктеп, електен өткізетін көркемдік кеңестер болған. Қазір ше? Қазір сахнаны былай қойғанда, эфирге шығудың өзі оңай болып кетті. Арзан дүние көп. Осыдан біраз жыл бұрын тұтас Қазақстанды араладым. Сенсеңіз, сол кезде кілең қазақ тұратын ауылдардың өзінде жұртты жинау ауыр болды. Тағы бір байқағаным, қазір жер-жерлерде таза дауыспен ән орындайтындарға операторлар микрофонды реттеп қоя алмайтын жағдайда жеткен. Неге? Мұның себебі әншілердің дені фонограммамен айтатындықтан, операторлар оларға микрофонды реттеп беруді ұмытып қалған.
– Бірақ бұл жағдай ескерілуі мүмкін бе? Мысалға, дәстүрлі әнді қалай дәріптеу керек? Бұл туралы сіз осыдан 2-3 жыл бұрынғы әңгімеңізде айтыпсыз. Дегенмен сол уақыттан бері дәстүрлі әннің дамуында алға жылжу бар ма?
–  Бәлендей өзгеріс болды деп айта алмаймын. «Баяғы жартас, сол жартас» қалпы. Ашығын айту қажет, жақын арада өзгереді деу тағы артық. Шындығында бәрі насихатқа байланысты. Ал қазіргі жағдай қандай? Теледидарды қосып қалсаң, алыс-жақын шет елдерден көшірілген сапасыз, талғамсыз бағдарламалары көресің.  Өзгенің қаңсығы, бізге таңсық заман болды ғой, тәйірі. Сосын барлығының насихаттайтыны эстрадалық әндер. «Super star kz», «Голос» секілді жобалар жетіп артылады. Осы жобалардың барлығы тегіс телеарналармен қамтамасыз етілгенін бәрі біледі. Тіпті, әншінің сахнадан тыс әдепкі өміріне дейін жіпке тізгендей түсіреді. Оның түкірігін жерге тастатпайды, шіркіндер. Содан да болар, қазіргі күні халық дәстүрлі әнді ең алдымен осы теледидардан сирек көреді. Бұған қалай күйінбессің. Дәстүрлі әншілерге қазір кішігірім залдың өзін халыққа толтыру қиын. Бұдан біраз уақыт бұрын «Қазақконцерттің» 450 орындық орнын толтыра алмадым. Сондайда «бұл халыққа не болған?» деп іштей ойланасың.
– Сонда эстрадалық әндердің арасында татымдысы, іліп алары жоқ па? Эстрада әншілерінің арасында да халық сүйіп тыңдайтын қазақы топтар, әншілер бар ғой?
– Әрине. Мен мұны жоққа шығармаймын. Эстрада әншілерінің арасында да халық рухын көтеретін әндерді орындайтын азаматтар бар. Мысалы, маған «МузАрт» тобы орындайтын «Өз елім», «Қазақтай ел қайда?» сынды әндер ерекше ұнайды. Мейрамбек бастаған бұл топтың талғамы бар, бастысы өздерінің дауыс ырғағына келетін әндерді жақсы таңдайды. Әрі қазақтың болмысына жақын әндерді орындайды. Бұдан сырт шынайы дауыспен ән айтатын Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, олардың бергі жағындағы буын Бақыт Шадаева, Сембек Жұмағалиев, Жеңіс Ысқақова сынды әншілерге тағар мінім жоқ.
Негізінде, патриоттық әндерді орындай білудің өзі өнер. Ал қазір дәл осындай мағынадағы әндерді жаздыратындар жетіп артылады. Алайда, бұлардың дені бас-аяғы жоқ, шолтаң-шолтаң еткен, адамның рухын оятып, сезімін қозғай алмайтын әндер. Турасын айтсам, тыңдаған сәтте арқаң қозбайды. Мұның себебі неде десеңіз, дәл қазір біздің әншілерде де, әнімізде де рух жоқ.
– Дегенмен бұл арада тек әншілерді сынау қаншалықты қисынды? Бәлкім, қазір халықтың талғамы өзгерген болар… Соны білген әншілер де өз репетуарын тыңдарман талғамына орайластырған шығар, қалай ойлайсыз?
– Халық өз талғамын өзі бұзбайды ғой. Халықтың талғамын бұзатын ең бірінші кезекте әншілер, түрлі жеңіл-желпі ойын-сауық бағдарламалар. Сондай-ақ бір күндік әндерді орындайтындардың жарнамасы да жарқ-жұрқ. Алайда солар өнерге қаншалықты үлес қосып жатыр? Осы туралы ойландық па? Бұдан бұрын бір жігіт шықты. Орындайтын әні, небәрі екі жолдан тұрады екен. «Бірлік болсын әлемде, бірлік болсын елімде» дейді. Және ең қызығы осы жолдарды бір емес, он емес, жүз рет қайталайды. Сонда бұл не? Ән бе? Мұндайларды ән әлемінен аластату керек қой.
– Сонда сіз бұл арада «қазаққа эстраданың керегі жоқ» дегіңіз келіп тұр ма?
– Әсте олай емес. Бұлай айтсам, тіпті қисынсыз болар. Себебі, оны бүкіл адам баласы тыңдайды. Мысалға, мен әлемдік ән әлемінің мэтрлері Селин Дион, марқұм Уитни Хьюстонды, Мерая Кэрриді тыңдаймын. Бұдан сырт операны да жақсы тыңдаймын. Бірқатар арияларды жатқа білемін. Ол аз десеңіз, әлемдік деңгейдегі өнер адамдарына қатысты дүниелерді көп оқимын.
Қазіргі қоғам оқуды азайтып кетті. Ал оқу азайған жерде, интеллектуалдық деңгейдің төмендері анық қой. Мұндайда талғам да төмендеп кетеді. Ал талғам болмаған жерде жұрт ессіз әндерге бой ұрады. Ессіз әндер өз кезегінде есер тыңдауышыны туғызбасына кім кепіл?
– Қазір халық әндерін эстрадалық нақышқа салу үрдіске айналды. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Халқымыздың төл мұрасы, халық әндерін эстрадаға салудың еш әбестігі жоқ.  Бұл бір жағынан осынау асыл мұраны әзіргі жастарға жеткізудің таптырмас жолы. Салсын, тек… әннің ырғағын бұзып, даңғыр-дұңғырын көбейтіп жіберетіндеріне көңілім толмайды. Халық әндерінің ішінде де эстрадалық нақышқа келетіні, келмейтіні бар. Бұл тарапта халық әндерін қисынсыз өңдей беруден аулақ болған жөн.
– Ал өз басыңыз эстрадалық әндерді орындауға ықыласыңыз бар ма?
– Шыны керек, эстрадалық ән айтсам, ешкімнен кем түспеспін деп ойлаймын. Бірақ, маған бұдан әлдеқайда жауапты міндет жүктелген. Ол қазақтың әні мен күйін бүгінгі өсер ұрпаққа тарату, дарыту. Біржаннан бастап Ақан Серіге, одан кейін Үкілі Ыбырайға берілген міндетті кейіннен Мәди, Жарылғапберді жалғастырды. Олардың өкшесін басқан Әмірелер де ұмыт болған жоқ. Олардың ізін Жәнібек, Қайрат ағаларымыз жалғады. Өз кезегінде Рамазан, Бекболат ағаларымыз іліп әкетті. Біз бұлардан кейінгі буынбыз. Бәріміз жеңіл-желпі әннің соңына түсіп, эстрадалық сахнаға шығып кетсек, киелі өнерді кімде қалдырамыз?
Түпнұсқадағы тақырып: «Әннің де естісі бар, есері бар…»
erkindik.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста