Ереймен сыйы
Елордадағы «Астана-полиграфия» баспасынан ХVIII-XXI ғасырлар аралығындағы Ерейментау өңірі ақындарының шығармаларын қамтыған «Ерейменім – мерейлі елім, ән-жырым» атты жыр жинағы жарық көріп, өз оқырмандарына жол тартты.
«Ел іші – өнер кеніші» демекші, Ерейментау өңірінен шыққан ақын-жыраулардың өлең-жырлары топтастырылған жинақты құрастырушы белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлау Байбосынның айтуынша, Үмбетей заманынан бастап үшғасырлық кезеңді қамтитын осы кітаптан бүгінгі ұрпақтың алары мол. Жинақтағы көп авторлардың есімі бүгінде ұмытыла бастаған. Кітапқа топтастырылған ақын-жыраулардың шығармалары бүгінгі күнге, негізінен, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сәкен халфе Ғылмани, Ғалымжан Мұқатов, Ниғмет Ғабдырахманұлының жазбалары арқылы жетіп отыр.
Бұған қоса жинаққа Саққұлақ, Әуем, Бапан сынды билердің даналық сөздері мен мақамдары енгізілген. Сондықтан да жинақтағы шығармалар бата, нақыл сөз түріндегі өлеңдер, толғаулар, ел мен жерге, жеке адамдарға бағышталған арнаулар, шағын айтыс үлгілері, әзіл-оспақ түріндегі шумақтар болып түзілген. Бұл жинақ — ең алдымен осы аймақтағы ақындар айтысының ерекше үлгілеріне, ерейментаулық қаламгерлердің өнеге алар ұстаздары мен кейінгі буын өкілдерінің шығармашылығына арналып отырған тұңғыш жинақ.
Аталған кітап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып отырған жұмыстардың бір парасы болып табылады.