Алдағы дүйсенбі 5 желтоқсан күні, сағат 19.00-де Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында талантты жас әнші Ербол Құдайбергеновтің жеке концерті өтеді.
Бұл – «Сарыжайлау», «Ақмаңдайлым», «Кегенге кел», «Меркi» әндерiн нақышына келтіре орындап, өз тыңдарманын тауып үлгерген өнерпаздың халық алдында тұңғыш шығармашылық есеп беруі.
Ерболды бірінші рет көріп, әнін тыңдаған адам оны бірден қазақтың көрнекті әншісі Нұрғали Нүсіпжановқа ұқсатады. Шынында да, Ерболдың кескін-келбеті, сахнада өзін ұстауы және ән айту мәнері тіпті дауысының кейбір ырғақтары Нұрғали ағаның болмысына келіңкірейді. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, Ербол осы жолы жеке концерті барысында өзі өнер өлкесінде ұстаз тұтып жүрген Нұрғали ағасымен сахнада қатар тұрып ән шырқауды жоспарлаған екен. Алайда әнші ағамыз денсаулығына байланысты ол концертке қатыса алмайтындығын жеткізген. Дегенмен кейінгі концертті шараларда бірге көрінетіндіктеріне уәде етіпті.
Өнердегі әріптестері Ерболдың дауысында да ерекше табиғи бояулардың мол екенін айтады. Бұл оның – қарағайлы орманы бар таулы өлкеде туып, көгілдір Көлсайдың толқынында тербеліп, өнер тұнған отбасынан өсіп-өнгендігінен болса керек. Бас-аяғы екі жарым сағатқа жоспарланған музыкалық кеште Ербол барлық әндерді жанды дауыспен орындамақ. Кеш барысындағы әндердің біразы «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің жанынан құралған «Әлқисса» ансамблінің сүйемелдеуімен шырқалмақ. Талантты әншінің тұңғыш жеке концерті ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде өткізілмек.
Ербол Құдайбергенов, әнші:
– Әр әншiні көпке танымал ететін, ерекше орындайтын бiр әнi болады. Менi қазақ тыңдарманына танытқан – «Кегенге кел» әнi. Менiң репертуарымда шырқалатын әндердiң барлығы дерлік дәстүрлi өнерге жақын, ұлттық сипаттағы әндер. Өкінішке орай, бүгінде дәстүрлi өнердiң жарнамасымен насихаты тым аз. Бірақ соңғы уақыттарда біздің қоғамда ұлттық өнерге бетбұрыс байқалып келе жатқандай...
Өмірдерек
Ербол Құдайбергенов Алматы облысы Райымбек ауданы Қарабұлақ ауылында туған. Ауыл мектебін бітірген соң Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледжден қылқобыз сыныбында оқып, арнайы музыкалық білім алған. Кейін оқуын Ұлттық консерваторияда жалғастырған. Алайда жастайынан үлкен сахналарға аңсары ауа берген ол кейін ақыры әншілік жолды таңдаған. Бүгінде бiр ұл, бiр қыз тәрбиелеп отыр. Жары –дәрiгер.
Алда болатын концертіме халық көп жиналатын сияқты. Қазірдің өзінде билеттер түгел сатылып кетіпті. Бұған өзім іштей ризашылық танытып отырмын.