4 мамыр күні Астана қаласы Бейбітшілік және келісім сарайында ақын, музыкант Мақпал Жұмабайдың «Erten» концептуалды концерті өтеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Концерт көкейкесті ойларға құрылған перформанстармен және көркемдік әрі визуал шешімдермен ерекшеленеді. Сондай-ақ, жасанды интеллект мүмкіндігін көркемдік деңгейде пайдаланған Қазақстандағы тұңғыш концерт болмақ.
«Erteñ - бүгінгі мен кешегіні зерделей отырып, ертеңге көз тастау, ертеңге дайын болу туралы толғаныс. Бұл деген ертеңді сағыну, ертеңге үміт арту. Бүгінгінің әр сәті ертең үшін екенін қабылдау, ертең үшін қалтқысыз, қайтарымсыз қызмет ету.
Біздің команда жасанды интеллект мүмкіндігін қолданғалы отыр. Яғни, ол сахнадағы қойылымдармен астасып, біртұтас организм сынды жұмыс істейді Бұл біздің күнделікті естіп-көріп жүрген дүниелерден бөлек. Сол себепті де кей тұсында санаңызды төңкеретіндей әсер беруі мүмкін», - дейді Мақпал Жұмабай.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, концептуалды концертте 60 баладан тұратын “Айналайын” хоры және кәсіби актерлер өнер көрсетеді. Сондай-ақ, сахналық қойылымдар қойылады. Концерттерінде тек жанды дауыста ән салатын Мақпал бұл жолы 17 авторлық туындысын ұсынады.
«Erten» 19:00-де басталады. Билеттерді ticketon.kz, zakazbiletov.kz сайттарынан алуға болады.
Мақпал Жұмабай – Maqpalsher музыкалық-поэтикалық жобасының авторы. “Жалғызым”, “Мақпалшер”, “Ауа”, “Қолыңды бер” музыкалық альбомдарының және бірнеше кітаптың авторы. Бұған дейін Лондонда және еліміздің бірнеше қаласында концептуалды концерттер өткізген.