Үйіңізді самаладай жарқыратып тұрған аспалы шам-люстраңыз қай елдікі? Әлбетте, еуропалық немесе соның қытайлық баламасы болуы мүмкін. Солай болғасын, оның сән-сықпыты, яғни дизайны да шетелше болатыны белгілі. Басқасы табылмады дерсіз, қынжылып. Бірақ бұған қам жемеңіз, алдағы уақытта қазақстандық үлгідегі, ұлттық нақыштағы люстраларға да ие болып қаласыз.
Алматылық кәсіпкер Мейрам Қабдырахман қазақтың киіз үйінің шаңырағы дизайнымен әдемі люстралар жасау ісін қолға алыпты. «Алаш айнасы» газетінің Астана бюросына осы ұлттық нақыштағы люстра-шамдарының алғашқы үлгілерін ала келген Мейрам Қабдырахман мырза бұл жаңалығын «елорда мерекесіне орай жасаған тартуым» дейді. Өзінің айтуынша, қазіргі нарықта мұндай ұлттық нақыштағы, жоғары сапалы люстралар мүлде жоқ. Расында да солай, мұны өзіміз де байқап жүрміз. Сондықтан нарықты сүзіп көрген кәсіпкер әр қазақтың үйінде киіз үйдің қасиетті шаңырағы тұрсын деген оймен осы люстра-шамдарды жасауға бел буыпты. «Әзірге шикізаты мен бұйымдарын әшекейлеу, әртүрлі түспен аптау, құрастыру ісін Қытайдағы кәсіпорындармен келісіп істеп отырмын. Алла жазса, бұл істі қазақтың қара шаңырағы, ел ордасы – Астанада жолға қойсам деген ниеттемін», – дейді М.Қабдырахман.
Р.S. Жаңалық жерде жатпайды. Жерлесіміздің осы жаңалығын естіген қырғыз ағайындар дереу қолқа салыпты. «Алатаудың қос бөктерін қатар жайлаған бауырлас елміз, киіз үйдің шаңырағы қазақ-қырғызға бірдей ортақ. Сондықтан бұл істі бірлесіп істейік» деп жатқан көрінеді айырқалпақты кәсіпкерлер.
Елорда тойына орай қазақы люстра жасалды
Последние статьи автора