Орта мектептің оқулығына қатысты сан алуан мәселелер соңғы уақытта аз қозғалып жүрген жоқ. Және ол өте орынды да. «Айтпаса, сөздің атасы өлетіндігі» өз алдына, оқулықтағы бір ғана қате немесе болмашы сауатсыздық қаншама жасөспірімнің санасына сызат түсіреді!..
Көпшілік тарапынан сын садағына ілігіп жүрген сондай оқулықтың бірі – 2-сыныпқа арналып, «Алматыкітап» баспасынан 2009 жылы жарық көрген «Әдебиеттік оқу» кітабы. Ең әуелі, осы атының өзі қаншалықты қисынды? Мұндай жағдайда басқа оқулықтарға да «Математикалық оқу», «Дүниетанымдық оқу», «Музыкалық оқу» деп ат қойып, айдарлауымыз керек емес пе? Жарайды, мұны былай қоя тұрып, енді мазмұндық мәселелеріне көшейік. Өткенде осы пән бойынша берілген тапсырмаға дайындалып отырған ұлым: «Мама, Әлияға не деп хат жазам?» – деп сұрап қалды. Қатарластарының бірі ме деп, «Әлиясы кім?» – десем: «Әлия Молдағұлова ше?.. Батыр қыз», – дейді… Бірдеңені дұрыс түсінбей тұр екен деп, оқулығын алып қарасам, Ж.Жұмақановтың «Әлияның ерлігі» атты шағын әңгімесінің соңында «Әлия Молдағұлова туралы деректер жина. Әлияға хат жаз» деп тапсырылыпты. Құрдасы емес, құрбысы емес, туылғанына биыл 85 жыл толатын, оның үстіне, әлдеқашан бақилық болып кеткен адамға «хат жаз…» деп, 7 жасар балаға тапсырма беру қай данышпанның ойына келді екен?! «Әлия апаңның ерлігі туралы өз түсінігіңді әңгімеле, ойыңды қағазға түсір» десе, бір сәрі.
«Әдебиеттік оқу» бойынша дайындалып отырып, балам екеуміздің тосылғанымыз – бір бұл емес. «Көйлекті маған кім береді?» деген мәтіннің соңындағы «Біздерге (осы сөз құрылысының өзі дұрыс емес. Онсыз да көпше түрде айтылып тұрғандықтан, «бізге» көптік жалғауы жалғанбайды. – Р.Р.) тамақты, киімді, баспананы, жұмысты кім береді?» деген сұраққа да көзіміздің сүрінгені бар. Ал енді осыған қалай жауап беруге болады? «Құдай береді» дейсің бе? Жоқ, әлде «Ешкім ештеңені көктен бермейді, бәрін өз еңбегімізбен табамыз» дейсің бе? Қалай болғанда да, абстрактілі нәрсе. Ең бастысы, сұрақтың қойылуы дұрыс емес. Басқаша ыңғайын келтіре алмаған күнде де: «Осындай жетістіктердің бәріне қалай қол жеткізуге болады?» – деп қарапайым тілмен сұрауға болады ғой. Өкінішке қарай, аталмыш кітапта жасы небәрі 7 мен 8-дің айналасындағы балғын балапандардың санасына артық салмақ түсіретін тапсырмалар көп. Мысалы, «Мақта – ақ алтын» тақырыбында әңгіме құрастыр, «Ғарышқа саяхат» деген тақырыпта әңгіме немесе ертегі жаз» дейді. Жазылуға тиісті «әңгімелердің» ішінде «Компьютер – менің көмекшім», «Минут деген немене?», «Ер есімі – ел есінде», «Жануарлар ынтымағы» сияқты басқа да күрделі тақырыптар жетіп- артылады. Ол – ол ма, екі тапсырманың бірінде «мәтіннің мазмұны бойынша сурет сал» деп нығарлайды. Сонда бұл өзі не болды? Жалғыз ғана пәннің өзінен әрі оқыса, әрі тоқыса, әрі әңгіме жазса, әрі сурет салса, жұдырықтай баланың не жаны қалады? Бір айта кетерлігі, «мәтін бойынша сурет сал» деген тапсырма бастауыш сыныптардың ана тілінен өзге, дүниетану, тіпті музыка оқулықтарының кейбір тарауларынан да кездеседі. Бүйтіп кез келген пәннен сурет салғыза беретін болса, «бейнелеу» сабағы не керек?.. «Музыканың» несі – музыка?!
Тілімізге тиек болып отырған «Әдебиеттік оқудағы» «Үш батыр» атты тағы бір шағын әңгіменің артық-кем тұстары «Жас қазақ» газетінде жақында ғана жарияланған «Батырлардың жауға емес, жолбарысқа шапқаны несі?» деген мақалада жақсы сараланды. Шынымен де, бас ауыртатын басқа шаруасы жоқтай, көрнекті батырлардың аяқастынан «ерігіп», «жолай кездескен» жолбарыстарды найзаға түйреу арқылы күш сынасуы – ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ осы жайтты тура көзбен көріп, құлақпен естігендей баян еткен Е.Сәрсенбаев деген автор ақырында оқырманды «Шапырашты Наурызбайға жетер батыр болмаған» дегендей ой түюге мәжбүрлейді. Ол өз алдына, қазақтың маңдайына біткен бірегей батырларын жазықсыз хайуанатқа жапа шектіруден қаймықпайтын ұрда-жық, әумесер кейіпте суреттейді.
Бастапқы әңгімеге қайта оралсақ, еліміздің екінші сынып оқушыларына образды хат жазғызу Әлиямен ғана шектелмейді. Әрі қарай «Жер – Анаға хат жаз», «Ауа, күн, суға хат жаз» түріндегі нұсқауларға ұласады. Бірақ хат жазудың да жөні бар емес пе? Әлдебір абстрактілі нәрселермен кішкене баланың басын қатыру, миын ашыту тіпті адамгершілікке де жатпайды.
Мұның бәрі – «бояушы-бояушы дегенге сақалын бояйдының» кері. Қазір ғой, кеңес заманын жата кеп жамандаймыз. Бірақ қалай дегенмен де, ол кезде білім беру ісінде дұрыс жүйе бар еді. Оқу бағдарламасы түгелдей баланың жасына, ұғымына лайықталып жасалатын. Қайта жасаймыз деп, бүгінде бәрін бүлдірдік. Шындығында, жоғарыдағыдай орашолақ оқулықтардан бала түгіл, ересек адамдардың өзін жүйкелеп, ауру табады. Министріміз болса «білім берудің ұлттық моделін қалыптастырдық» деп, мәз…
Мәртебелі мінбеден бір пікір
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, ҚР білім және ғылым министрі:
«Тәуелсіздік жылдары техникалық салаларда, әсіресе, оқулықтар жазуда үлкен тәжірибе жинақтадық. Кеңестік кезеңде мектеп саласындағы жаратылыстану бағытындағы оқулықтардың барлығы Мәскеуде дайындалатын. Негізінен, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы сияқты пәндерден ғана оқулықтар жазып келдік. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде үлкен міндет жүктелінді. Осы кезеңде көптеген қиындықтарға кездестік. Тарих үшін 17-18 жыл – көп уақыт емес. Осы кезеңде біздің авторларымыз, ғалымдарымыз, ұстаздарымыз бірігіп, жаңа тұрпатты оқулықтар жазуға, түрлі салалар бойынша оқулықтар дайындауға белсене атсалысты...»