Эляның «Трубадурын» тамашалайтын боламыз
Қазақстан мен Ресейдің кино саласының мамандары бірлесіп, тағы бір туындыны өмірге әкелді. «Трубадур» атты қысқаметражды лирикалық комедия желтоқсанның 23-інде қазақстандық прокатқа шығады. Картина бір кездері мәңгілік алма бағындай болған Алматыға деген ностальгияға жетелей отырып, өмірге құлшынысты дәріптейді. Gilman Production түсірген жаңа фильмге GSM Казахстан/Kcell компаниясы ақпараттық қолдау көрсетіп отыр.
Өмірге ғашық Төлеш музыкаға, әсем табиғатқа, жаратылыстағы барлық әдемілікке құмар. Алматының түбіндегі телефон байланысы да, радиожиілігі де нашар ауылда тұратын ол сондай тәуекелшіл. Ақкөңіл кейіпкер өзі теледидардан көрген мәскеулік ди-джейді пір тұтып, содан қолтаңба алу үшін Ресей астанасына жол тартады. Бірақ бірді бір танымайтын мегаполисте кішкентай ғана кейіпкерге белгілі музыкантты табу оңайға соқпайды. Көрермен осы сәтте өзге жерге тап болған ауыл адамының сезімін онымен бірге бастан кешеді. Алайда романтик қазақ ақ ниеті үшін бірнеше рет таяқ та жейді. Дегенмен түбінде бәрібір арманына жетеді. «Өмірде мақсатқа ұмтылып жүргенде, дөрекі жауап еститін сәттеріміз көп. Бірақ мұндай жайт біздің құлшынысымызға кедергі келтірмеуі тиіс. Киноның әуелгі идеясына актердің басынан кешкен шындықтары және өмірде мен куә болған кейбір сәттер қосылды. Бұл картина өзге елде жүрген біздің ел азаматтарының сезімі дей аламын», – дейді режиссер әрі сценарийдің авторы Эля Гильман. Осындай шынайы эмоциялық сәттері көп болғандықтан, киноны таза комедия деуге келіңкіремейді. Режиссер мұны «лирикалық оқиға» деп атағанды дұрыс санайды. Басты рөлде «Шиза», «Бақсы», «Қызғалдақ» фильмдері арқылы таныс Төлепберген Байсақалов ойнайды. Бұдан бөлек Кәдірбек Демесінов, Дәулет Әбдіғапаров, Тұрахан Сыдықова, Владимир Толоконников, Нұрлан Қоянбаев сияқты қазақстандық әртістер мен Алексей Кортнев, Нонна Гришаева, Камиль Ларин, Бибігүл Сүйіншәлина сияқты ресейлік жұлдыздарды көруге болады. С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының түлегі Эля Гильманның бұл туындысынан ғажайып жеміс – алманың отаны болған бір кездегі әсем Алматыға деген құрметті түсінесіз. Фильм шетелдіктерге қазақ елін ақ ұлпа гүлі жайнаған алма ағаштарының, тұнық табиғаттың мекені ретінде таныстырады.
Эля ГИЛЬМАН, сценарий авторы әрі режиссер:
– Бала кезімде Алматы тұтас бір гүлденген бақ еді. Көктемде мұнда апорттың жұпары аңқитын, өкінішке қарай, кейінгі кездері апортты туристердің өзі әрең табатын болды. Сонымен бірге қазір ағаштарды отау да басты мәселеге айналды. Бұл жайт мені қатты толғандырады, соның ішінде Алматының ағашын кесу дұрыс емес қой. Менің шетелдегі достарым «қалаларыңнан көлік түтінінің иісі шығады» дейді, мұны есту мен үшін өте ауыр. Алматыдан бақтың иісі шыққанын қалаймын.
Қысқаметражды кино жуырда Мәскеуде ВГИК студенттерінің фестивалі кезінде көрермендерге ұсынылған. Картинаны фестивальге кездейсоқ келген Ресей үкіметінің басшысы Владимир Путин де тамашалапты. Бас кейіпкердің ресейлік ди-джейден таяқ жеген тұсына көңілі толмағанмен, Путин бұл кинодан жақсы әсер алғанын айтқан. Ал қазақстандық көрермен «Трубадурды» еліміздің ең үздік кинотеатрларынан желтоқсанның 23-інен бастап көріп, жаңа фильмге қатысты өз пікірлерін білдіре алады.